Әлемде бидайдың 10 аптаға жететін қоры қалды ма?

Алдымен интернеттің ағылшын тіліндегі сегментінде, кейін орыстілді сайттарда “Әлемде шамамен 10 аптаға жететін бидай қоры қалды” деген тақырыпта ақпарат тарады. Кейбір ресурс одан әрі барып, әлемдегі бидай қоры екі жарым айдан кейін “таусылатынын” жаза бастады. Жаңалықта Gro Intelligence аналитикалық компаниясының Бас директоры Сара Менкер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне “қоймаларда 10 аптаға жететін әлемдік бидай қоры қалғанын” хабарлағаны туралы жазылған. Бұл қаншалықты рас? Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін анықтады.

Әлемде бидайдың 10 аптаға жететін қоры қалды ма?
Интернетте тараған ақпарат

Мәлімдеме: Әлемде шамамен 10 аптаға жететін бидай қоры қалды.

Тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция

Сарапшы сөзі контекстен алынған және соған шектен тыс көңіл бөлінген. Бидай қоры 10 аптадан кейін кенеттен бітіп қалмайды.

19 мамырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Gro Intelligence бас директоры Сара Менкер жаһандық азық-түлік дағдарысы туралы айтқаны рас. Бірақ, біріншіден, Менкер қазіргі жағдай Ресейдің Украина аумағына басып кіруінің тікелей салдары деп айтпаған, екіншіден, ол “10 аптаға ғана жететін бидай қалды” демеген. Менкердің шын мәнінде не айтқанын, бұрмалаудың қалай пайда болғанын және әлемдегі дәнді дақылдардың жағдайы қандай екенін төменнен оқыңыз.

Сара Менкер не айтты?

Gro Intelligence компаниясының бас директоры Сара Менкер сөзінде өсіп келе жатқан жаһандық азық-түлік дағдарысы, осы дағдарысқа ықпал ететін факторлар жиынтығы және оның табысы төмен елдерге бейпропорционал әсері туралы айтқан. Ол Ресей-Украина соғысы азық-түлік қауіпсіздігі дағдарысының себебі емес екеніне тоқталған, алайда соғыс “отқа май құйғандай” әсер еткенін де атап өткен. Сарапшы азық-түлік даңдарысының етек жаюын компания бірнеше жыл бұрын анықтаған және COVID-19 пандемиясы салдарынан күшейген “жеткізу тізбегінің әлсіздігімен” байланыстырады. “Соғыс ертең тоқтаса да, бірігіп күш салмасақ, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі онымен бітпейді”,- деген Менкер.

С. Менкер бес негізгі проблема туындап отырғанын айтқан және әрбіріне жеке-жеке тоқалған. Олар — тыңайтқыштардың жетіспеушілігі, климаттың өзгеруі, өсімдік майының аз қоры, астықтың рекордтық төмен қоры (кликбейт тақырыптың пайда болуы осыған қатысты мәлімдемеге байланысты) және логистикадағы қиындықтар.

Біз манипуляция ақпарат пайда болуына әсер еткен дәнді-дақылға қатысты мәлімдемеге тоқталайық: “…Қазір бүкіл әлем қорларында сақталған жаһан 10 апта тұтынатын [бидай-авт.] бар. Бүгінгі жағдай 2007 мен 2008 жылдарға қарағанда нашар. Астық қоры қазір әлемде бұрын-соңды болмаған төмен деңгейде, ал тыңайтқыш алу жолы айтарлықтай шектелген және дүние жүзіндегі бидай өсіретін аймақтардағы құрғақшылық кейінгі 20 жылдағы ең нашар жағдайда екенін ескеру маңызды. Осындай қор мәселелері жүгері мен басқа да дәнді дақылға да қатысты”.

Менкер “бидай бітеді” демегеніне назар аударыңыз, бұл қазіргі өндіріс деңгейінде мүмкін де емес (контексте), ол 2007-2008 жылдардағы дағдарыстан кейінгі өте аз қор туралы және бұл жағдайды түзеу үшін біріге күш жұмсау қажет екенін айтады.

Алайда, Менкердің жаһандық тұтынудың он апталық қоры туралы сөзі бүкіл әлемге тараған бұрмаланған ақпаратқа себеп болды. Біздің америкалық әріптестеріміз Google Trends-те “әлемде 10 апталық бидай қалды”, “бидай жетіспеушілігі” және “10 аптаға жететін бидай қалды” сияқты іздеулердің айтарлықтай өскенін айтады. Ал көп медианың тақырыбы — кликбейт.

Әлемде бидайдың 10 аптаға жететін қоры қалды ма?
Бидай туралы тараған ақпарат

Контекст: дәнді дақылдар өндірісі

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, дәнді дақылдар көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. 2022 жылғы маусымның соңында әлемде астық қорының деңгейі 856 млн тонна, бұл маусымның басталу кезеңінен 2,8%-ке көп. Қор мен тұтыну бойынша болжам деректерін ескере отырып, әлемде астық қорлары мен тұтыну көлемінің арақатынасының көрсеткіші тұтастай алғанда 29,9%-те, яғни, жеткілікті деңгейде сақталады, бұл 2020/21 жылдар маусымының көрсеткіштеріне ұқсас. 2021/22 жылдардағы маусымда әлемдегі барлық астық саудасының болжам көлемі 473 млн тонна, бұл 2020/21 жылдардағы маусымның рекордтық деңгейінен 1,2%-ке аз.

АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігі Украинада, Аустралияда, Мароккода, Аргентинада, Еуроодақта және Қытайда аз өнім алынатынына байланысты бидайдың әлемдегі өндірісі төмендейді деп болжайды. Әлем бойынша бидайды тұтыну азаяды, бірақ әлі де болса тұтыну өндірістен көп және бұл, әсіресе, құрғақшылық болжанып отырған кезде шешілуі керек мәселе. Бірақ бұл жерде әлемдегі қорлардың таусылуы туралы әңгіме жоқ.

Әлемде бидайдың 10 аптаға жететін қоры қалды ма?
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің шетелдік ауыл шаруашылығы қызметінің есебінен

Ал 2021/22 жылдары астық өндірісі 2020/21 жылмен салыстырғанда біршама өскен (есептің 35-беті).

Соғыстың бидай логистикасына әсері туралы нарративті атап атап өту қажет. Біз Украина мен Ресейдің әлемдік бидай экспортының 20%-тен үштен біріне дейін қамтамасыз ететіні туралы жаңалықты жиі естиміз. Бұл — рас. Бірақ көп жарияланымда мәселенің маңызды тұсы көрсетілмейді: дәнді дақылдардың көп бөлігі өндіріс орнында, яғни өсірілген елде тұтынылады. 2021 жылы әлемдік бидай өндірісі шамамен 780 миллион тонна. Ресей Федерациясы (33 миллион тонна) мен Украинадан (19 миллион тонна) экспортталғаны — 52 миллион тонна, яғни әлемдегі өндірістің шамамен 6,6%-і. Жаһандық ауқыммен қарасақ, қорқынышты емес. Егер біз соғыстың салдарынан осы экспорттың бір бөлігі сатылмай отырғанын ескерсек, онда біз Ресейдің басып кіруінің әсері ең алдымен Украинадағы азық-түлік дағдарысына әсер еткенін көреміз. Ал әлемдегі жағдайға Сара Менкер айтқан басқа факторлар ықпал етіп жатыр.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz