Солтүстік Кореямен ядролық ымыраға келу мүмкін бе?

Солтүстік Корея жақында құрлықаралық және суасты кемелеріне орнатылған жаңа баллистикалық зымырандарын көрсеткеннен кейін АҚШ-тың құрлық бөлігіне Пхеньян тарапынан төнетін қауіпке қатысты алаңдаушылық күшейді. Президент Джо Байденнің әкімшілігі АҚШ-тың Корей Халық Демократиялық республикасына қатысты кейінгі төрт жылда жүргізіп келген саясатына көз жүгіртіп, Дональд Трамптың Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесуінен қандай сабақ алуға болатынын талқылап жатыр. Жаңа президент қарулану мәселесін бақылауға алудың жаңа әдісін қарастыруы керек. 

Трамптың Солтүстік Кореямен ядролық келісімге келуде сәтсіздікке ұшырағанына таңғалуға болмайды. Өйткені оған дейінгі АҚШ президенттерінің Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасын тоқтату үшін жасаған іс-әрекеті, атап айтқанда, Билл Клинтонның «Келісілген шек», Барак Обаманың «Кібісе күн» келісімі, Джордж Буш әкімшілігінің алтыжақты келіссөзі де нәтиже бермеген. 2003 жылы Солтүстік Корея ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығып, 1992 жылы Оңтүстік Кореямен жасалған Корей жартытүбегін ядролық қарудан тазарту туралы келісімнің шартын орындаған жоқ. 

Нәтижесіз аяқталған дипломатиялық іс-қимылдардан кейін «Корей жартытүбегіндегі ядролық қаруды бақылауда ұстауға талпыныстың болашағы бар ма?» деген сұрақ туады.

Болашағы бар, бірақ дәл қазіргідей емес. Қазір Кимнің ядролық қару арсеналынан бас тартып, жаппай қырып-жою қаруы бағдарламасын тоқтатпайтыны түсінікті. Мұның себебі өте қарапайым: ядролық қаруы бар басқа мемлекеттер сияқты Солтүстік Корея үшін де бұл режимнің қауіпсіздігін сақтаудың ең сенімді жолы болып отыр. Сондай-ақ ядролық қару Кимге Оңтүстік Кореяға ықпал ету тетігін береді. Қазіргі міндет – Солтүстік Кореяның ядролық қару қолданбауын қамтамасыз ету. 

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ядролық қару қолданысының алдын-алатын классикалық шаралармен қатар жаңа дипломатиялық ойлау жүйесін де іске қосып, әсіресе, АҚШ пен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасын жақсарту керек. Қазір АҚШ Корей жартытүбегіндегі тұрақтылықты сақтау үшін Оңтүстік Кореяны ауа мен теңізден ядролық қолшатырдың астында ұстап отыр. Одан бөлек, Оңтүстік Кореяның үш миллион әскеріне қосымша АҚШ-тың отыз мыңға жуық әуе және құрлық күштерінің жауынгерлері бар.

Бірақ бұл шаралар Солтүстік Кореядан келетін қауіптің алдын-алуға немесе оның қадамдарын бақылауда ұстауға кепілдік бермейді. Өйткені Пхеньянның әлемнің қалған бөлігінен оқшау болуы ерекше қауіп туғызады. Оқшаулану саясаты сенімсіздік туғызып, түсініспеушілік пен қате шешімдерге әкеліп соғуы мүмкін. Жағдайды Кимнің даңғойлыққа, әскери күшін көрсетуге және басқаларды мазақ етуге бейім болуы қиындатып отыр. 

Ядролық қару қолданысына жол бермеуді көздейтін дұрыс дипломатиялық байланыстар  АҚШ пен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынаста ядролық келісімге келуге жол ашты. Солтүстік Корея қазір қанша жерден қауіпті болса да, Қытай Мао Цзедун тұсындағы қырғи-қабақ соғыстан бері АҚШ мүддесіне әлдеқайда көп қауіп төндіріп келген. Мао АҚШ-қа қарсы корей соғысына қатысып, 1950-жылдардың соңында Тайвань бұғазында дағдарыс туғызып, батыс державаларына қарсы ұлт-азаттық күреске қолдау көрсетті. 1961 жылы билікке келген президент Джон Кеннедидің әкімшілігі Қытайды қарқынды өсіп келе жатқан ядролық «жау» көріп, оған қарсы әскери қимыл жүргізуді жоспарлаған. 

Бірақ АҚШ Қытайды бомбалаған жоқ. Президент Ричард Никсон Қытаймен қарым-қатынаста ашықтық танытса, Джимми Картердің билігі тұсында екіжақты байланыстар одан әрі нығайды. Осылай АҚШ-тың Қытайға қатысты алаңдаушылығы бәсеңдей бастады. Қос мемлекет арасында ядролық қарулануды шектеу туралы екіжақты келісімдердің болмағанына қарамастан, қазіргі АҚШ-Қытай арасындағы шиеленісте Пекиннің қару арсеналы көп алаңдаушылық туғызатын мәселе болып отырған жоқ. 

Дәл осылай АҚШ пен Совет одағы арасында 1930-жылдары басталған дипломатиялық байланыстардың маңызы 1962 жылы Куба зымыран дағдарысы кезінде айқын көрінді. АҚШ Совет одағын ядролық зымырандарын алып кетуге мәжбүрлейтін әскери қимылдарға дайындалып жатқан кезде Вашингтондағы советтік және америкалық дипломаттар мен ресми тұлғалар өзара ортақ шешімге келіп, текетіресті тоқтатты. АҚШ-тың Үндістан мәселесіне қатысты Пәкістанға дипломатиялық тұрғыда әсер етуі 1999 жылы Каргилде болған қақтығыс пен 2001 жылғы Джаиш-е-Мұхаммедтің Үндістан парламентіне жасаған террорлық шабуылының ядролық соғысқа ұласып кетуіне жол бермеуге көмектесті. 

Кимнің режимі үшін ядролық жобаның үлкен маңызға ие болуы Солтүстік Кореямен жақсы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуды қиындатып отыр. Оның үстіне, дипломатиялық қарым-қатынас құрудың өз тәртібі бар. Бұл процесс қос мемлекет арасында сенім туып, өзекті мәселелер қаралады деген үмітпен елшіліктер ашудан басталуы керек пе? Әлде келіссөз жүргізушілер бірден мәселенің жай-жапсарын талқылауға көшсе бола ма? 

Бұл жерде екі басымдық бар. Солтүстік Корея халықаралық экономикалық санкциялардан құтылғысы келеді. Ал АҚШ құрлықаралық баллистикалық зымыран шабуылына ұшырамау үшін Солтүстік Кореяның әлеуетін жоюды көздейді. 

Санкциялар, басқарудағы қателіктер, табиғат апаттары мен COVID-19 Солтүстік Корея экономикасын қиын жағдайға түсірді. Мұны Кимнің өзі де мойындап отыр. Ал АҚШ-та құрлықаралық баллистикалық зымырандардан қорғайтын тиімді жүйе жоқ. Сондықтан Америка да Солтүстік Кореяның нысанасына айналғысы келмейді. Бұл «Солтүстік Корея зымырандардан бас тартса, Пхеньянға қарсы салынған экономикалық санкцияларды алып тастаймыз» деген ықтимал келісімге келуге мүмкіндік барын көрсетіп отырған жоқ па? 

Мұндай келісім Солтүстік Кореяның стратегиялық емес ядролық күштеріне тимей, ел экономикасын қалпына келтіріп, америкалық соққыдан сақтайды. Бұл АҚШ-ты да Солтүстік Кореяның құрлықаралық баллистикалық зымыран шабуылынан қорғап, Вашингтонның Оңтүстік Корея мен Жапонияның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі позициясын жақсартады. Ал қос мемлекетте ашылған дипломатиялық өкілдіктердің арқасында олардың арасында кез келген кикілжіңді шешудің сенімді жолы пайда болады. 

Байден әкімшілігі Ким режимінің салмақты келіссөздерге қаншалықты дайын екенін анықтау үшін «екінші деңгейлі дипломатия» деп аталатын әдісті қолданса болады. Бұл үшін бұрынғы америкалық шенеуніктер мен үкіметтік емес делдалдар Солтүстік Кореяның ресми тұлғаларымен үшінші елдерде бейресми кездесу өткізуі керек. Пхеньян бұл кездесулерге қызығушылық танытса, ресми келіссөздерге жол ашылады. Осыған дейін сәтсіз шешім екені дәлелденген Солтүстік Кореяны ядролық қарудан толықтай бас тартуға көндіру ең соңғы нұсқа болып қалады. Қазіргі міндет қос мемлекет билігін «санкциялардың орнына баллистикалық зымырандар» деген келіссөзге апаратын дипломатиялық қадам алға жылжудың ең үздік жолы екеніне сендіру болып отыр.

Беннет Рамберг президент Джордж Буштың тұсындағы АҚШ мемлекеттік департаменті әскери-саяси мәселелер жөніндегі бюроның саяси сарапшысы, «Destruction of Nuclear Energy Facilities in War» (Соғыс кезінде ядролық энергетика нысандарын жою) және Nuclear Power Plants as Weapons for the Enemy (Атом электростанциялары жаудың қаруы ретінде) кітаптарының авторы. 

Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz