Сарапшы: Заңды тұлғалардың несиелері бойынша жеке кепілдік – қарыз алушы үшін үлкен тәуекел

Мемлекет бизнесті несиелеу, несие бойынша пайыздарды субсидиялау үшін ақша бөледі, алайда кез келген банк жеке кепілдікті талап етеді. Қаржы саласының маманы Дана Жарлығапова Factcheck.kz оқырмандары үшін бұл жағдайды сараптап берді.

Өкінішке қарай, Қазақстанда заңды тұлғалардың несиелері бойынша кепілге жеке тұлғалардың жеке кепілдігін қоюды талап ететін келеңсіз тәжірибе қалыптасты. Оған себепші – ерекше банк мәртебесі бар екінші деңгейдегі банктер, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Еуразиялық даму банкі» АҚ, сондай-ақ «Проблемалық несиелер қоры» АҚ, өңірлік ӘКК (әр өңірдегі «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ) сияқты банк емес ұйымдар.

Сарапшы: Заңды тұлғалардың несиелері бойынша жеке кепілдік – қарыз алушы үшін үлкен тәуекел

Қарыз алушы кепілге өтімді жылжымайтын мүлік пен табыс әкелетін, сондай-ақ жалпы бағасы заңды тұлғаның алып отырған несиесін жаба алатын бизнес-активтер ұсынса да, көптеген банктер әлі күнге дейін жеке кепілдікті талап етеді. Мысалы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма мүшесі А. Әміртаев 2018 жылдың күзінде «Kapital.kz» сайтына берген сұхбатында былай дейді: «Қарыздар бойынша қамтамасыз ету портфелінде жобалардың түпкілікті бенефициарларының жеке кепілдіктерінің үлесі көп. Былай айтқанда, қамтамасыз ету құрылымында жеке кепілдіктер төмен бағамен көрсетіледі. Алайда жеке кепілдік Қазақстанда өзін тиімді құрал ретінде көрсетті. Себебі ол ең соңғы бенефициарды банк алдындағы міндеттемелерін орындауға ынталандырады және тәртіпке салады. Әрине бұл принцип барлық кепілгерлерге қатысты емес».

Осы орайда жақында ғана болған «Еуразиялық Даму Банкі» АҚ мен «Иволга-Холдинг» ЖШС арасындағы жағдайға тоқталсақ. Сол кездегі БАҚ-тың сот отырысынан таратқан репортаждарына сәйкес, ЖШС құрылтайшысы В.Розинов (қазақстандық Forbes рейтингісі бойынша үздік 50 кәсіпкердің бірі) кепіл ретінде астық холдингінің мүлкін тіркеп, тіпті қарыз бойынша жеке кепілдік берсе де, алаяқтық жасады деп айыпталды.

Төтенше жағдай мен карантин режимінің салдарынан мемлекет бизнеске мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттарын жеңілдетіп жатса, кейбір екінші деңгейдегі банктер «Бизнестің жол картасы-2025», «Нұрлы Жер», «Моноқалаларды дамыту» және т.б. әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы үшін қарыз алушы тарапынан жеке кепілдік беру міндетті деп мәлімдейді. Алайда мемлекеттік бағдарламалардың регламентінің өзінде мұндай талап жоқ. Бұл ретте банктердің қарыз алушыларды таңдауға және бағалауға құқығы бар, сондықтан «Даму» КДҚ» АҚ банктердің кепілдік саясатына араласуға құқығы жоқ. Алайда бұл мәселеде барлық дерлік банк өздерінің ішкі несие саясатына сілтеме жасайды. Оның талабы бойынша шағын және орта бизнес кепілге қоятын өтімді затының құны қарызға алынатын сомадан әлдеқайда көп болса да, бірлескен жеке кепілдік беру қажет.

Сонда заңды тұлғаларға несие берудің мәні неде?

Сонда банктердегі тәуекелдерді басқару қызметі не істеп отыр, ал бизнеске несие беру бойынша сату жоспарлары не үшін жасалған? Егер барлығы «негізгі» құрал ретінде жеке кепілдікке сүйенетін болса, онда мемлекет бизнесті несиелеу мен несие бойынша пайыздарды субсидиялау бағдарламаларын не үшін әзірлеп, қаржыландырады?

Жылжымайтын мүлік нарығында керемет өсім болған кезде кейбір банктер «ломбард» деп аталатын тәсілге жүгінді. Оған сәйкес, кепілге қойылатын мүлік бағасы алынатын несие сомасынан екі есе көп болуы тиіс. Көптеген банк «моральдық кепілдік» дегенді де қолданатын. Ол бойынша кепіл ретінде жеке тұрғын үй немесе ата-ананың баспанасы пайдаланылатын. Алайда соңғы жылдары барлығына жеке кепілдік талабы кедергі болып тұр.

Банктер өздерінің бұл әрекеттерін моральдық ынталандыру деп ақтауға тырысқанымен, мұны активтерді тіпті банктің емес, үшінші тұлғалардың пайдасына тартып алу мен тәркілеудің мүмкіндігі сияқты көрінеді.

Әдетте банк қарызының шарты өте қатал. Несиені кесте бойынша өтеу мүмкіндігіне сыртқы факторлар әсер етеді: әлемдік тауар нарығындағы тұрақсыз жағдай (тек мұнай мен металдар ғана емес, астық, мақта және т.б.) теңгенің девальвациясы, шекаралардың жабылуы, экспорттың/импорттың шектелуі, жеткізушілер мен тұтынушылар бар елдердің протекционистік саясаты және т.б. Биыл төтенше жағдай мен карантин болды, көптеген қызмет түрі әлі күнге дейін толықтай жұмысқа кіріскен жоқ. Кепілге қойылған мүлік сатылған кезде, актив алынған қарыз сомасынан арзан сатылуы немесе үшінші тараптың басқаруына берілуі мүмкін. Кей жағдайда үшінші тараптағы адамдар қарыз алушының өзі сияқты сауатты болмауы мүмкін, бірақ олардың мойнында жасанды түрде ұлғайған қарыздың ауыртпалығы болмайды.

Несиені өз ісін дамыту үшін алған адам кепілдікке онсыз да өз бизнесін қояды. Кейін өз бизнесінен тапқан табыс есебінен алған қарызын өтеп отырады. Бұл банктің несиелеу принциптеріне сәйкес тәсілі – несиенің қамтамасыз етілуі, қайтарылымы және өтелуі. Дефолт жағдайында несие алушы дамытқысы келген бизнесін жоғалтады. Несие беру кезінде банк қарыз алушының мақсатын тексереді, ақша бекітілген төлемдер тізілімі бойынша аударылады. Банк әр тоқсан сайын қарыз алушының қаржы-шаруашылық қызметіне мониторинг жүргізіп, оның банктегі шоттардағы айналымдары бойынша күн сайын барлық транзакцияларын көріп отырады. Банк кез келген уақытта қауіпті белгілерді байқап, несиені қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдай алады. Бұл үшін жеке кепілдік берудің қажеті жоқ.

Мысалы «Казкоммерцбанк» АҚ кезінде жеке кепілдіктердің кепілдігі дегенді пайдаланды, алайда қазір бұл банк нарықтан жоғалып кетті. Жауапкершілігі жоқ қарыз алушы жеке кепілдік бере отырып, барлық мүлкін үшінші тұлғаларға ресімдей алады (біздің елде көптеген мемлекеттік қызметкер декларацияны дәл осылай тапсырады). Ал бұл дефолт жағдайында несие берушіге еш көмектеспейді.

Кейде құрылтайшылар мен бенефициарлардың арасында бірнеше жеке тұлғалар болуы мүмкін. Оларды туыстық немесе басқа да қарым-қатынастар емес, тек нақты бизнес байланыстырады. Былай айтқанда «бұл тек қана – бизнес». Осы орайда заңды тұлғалардың несие алу үшін жеке кепілдік беруі ЖШС және АҚ ұйымдық-құқықтық нысаны ретіндегі бизнес идеясын түбегейлі бұрмалайды және бизнес субъектілерінің заңды құқықтарын бұзады. Шағын және орта бизнесте мұндай жағдай аз кездесуі мүмкін, дегенмен әр кәсіпкер бизнесімен қатар жеке кепілдік беруге мәжбүр.

Сондай-ақ, біздің еліміздің экономикалық тарихында цессия бойынша (қарыз алушының келісімінсіз, бірақ ескерте отырып) қарыз алушыны (тіпті өз қарызын үнемі өтеп отырған) бір несие берушіден басқа кредиторға (екінші деңгейдегі банк болмауы да мүмкін) беру тәжірибесі бірнеше рет болған. Міне сол кезде қарыз алушы арнайы уәкілетті органның (бұрын – ҚР Ұлттық Банкінің, қазір – ҚР Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігінің) қадағалауында жоқ кредиторға өтіп кетеді. Ең бастысы қарыз алушы қарыз алған кезде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарымен қорғалған еді. Сондықтан ол басқа кредиторға өтіп кететін болса, оның тіпті төлемдерді 2020 жылғы 15 маусымнан кейін кем дегенде 90 күнге кейінге шегеруге автоматты құқығы да жоқ (шағын және орта бизнес қарыз алушылары үшін мұндай құқық ҚР Ұлттық Банкі мен ҚНРДА-ның 15.06.2020 жылғы №251 бірлескен бұйрығында қарастырылған).

Осылайша жеке тұлғаның несие бойынша жеке кепілдігі кредиторды шығындардан тікелей қорғамайды, алайда несие берушінің лауазымды тұлғалары тарапынан қарыз алушыға манипуляция жасауға және үшінші тұлғаларды байытуға жағдай жасайды. Несие тәуекелдерін басқару үшін банк кепілге қойылған мүліктің құны несие сомасынан едәуір көп болған жағдайда «моральдық кепілдіктерді» талап етпей, дұрыс жүйе қолдануы керек.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz