Неліктен Азия технология алпауыттарының қатарында?

Азия – санасуды қажет ететін алып технология әлемі. Мак-Кинси (MGI) институтының таяуда жүргізген зерттеуі бойынша, соңғы он жылдағы технологиялық компаниялардағы жаһандық кіріс өсімінің 52%-ы, стартаптарды қаржыландырудың 43%-ы, зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың 52%-ы, тіркелген патенттердің 87%-ы Азия елдерінде орын алған. Азия мұндай дәрежеге қалай жетті және өзге елдер оның жетістігінен қандай сабақ ала алады?

Әрине, Азия тұтас даму үстінде деуге келмейді. Аймақтағы технологиялық олқылықтар да жетерлік. Мысалы, экономикасы дамыған өзге елдермен салыстырғанда Үндістанда ірі технологиялық компаниялар аз. Десе де, нарықтық капиталдандыру бойынша әлемдегі жетекші он технологиялық компаниялардың төртеуі азиялық болып табылады.

Бүкіл әлемдегі (стартап құны 1 млрд АҚШ доллары немесе одан жоғары бағаланатын) стартап компаниялардың 26%-ы орныққан Қытай елі Азия бойынша технология кәсіпкерлігінің көш басында тұр; бірақ аспан асты елі әлі де негізгі технологиялардың шетелдік қаржыландыруына сүйенеді. Қытайға қарағанда Жапония, Оңтүстік Корея сияқты дамыған Азия елдерінде ірі технологиялық компаниялар бар, қажет білім негізі қалыптасқан. Алайда салыстырмалы түрде стартап компаниялар саны саз. Азиядағы дамушы елдер бұрынғыдай инновацияға аз қаржы жұмсайды, дегенмен енді ғана өсіп-өркендеп келе жатқан Азия технология алпауыттарының өндіретін тауарлары мен қызмет түрлері нарығын жақсы қолдайды.

Осыған орай Азия елдеріне технологиялық проблемалардың шешімін тауып, күйреуден арылу мақсатында серіктестік орнатуға тура келді. Нәтижесінде соңғы жылдары Азия технология саласында айтарлықтай алға жылжыды.  Атап айтқанда  аймақтық технологиялық стартаптарға (мұндай инвестицияның шамамен 70% -ы Азия елдерінде болады) және аймақтық технологиялық жабдықтау желілеріне қомақты қаржы бөлінді.

Азиялық технологияны жабдықтау желілері қайта құрылып жатқан шақта әуелгі өзгерістер ішкі аймақтарда орын алып жатты. (Мысалы, аймақтағы экономикасы жоғары дамыған мемлекеттер мен Қытай дамушы елдердің өндіріс салаларына инвестиция құюды арттырды). Аталған өзгерістердің COVID-19 дағдарысы кезінде Азияда шамалы тұрақтылық орнатуға пайдасы тиді. Ал жақында ғана ғана қол қойылған Аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы аймақаралық байланысты одан әрі жақсарта түсуі мүмкін.

Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық – мәселенің тек бір жағы ғана. Азия елдерінің үкіметтері қайта өңделетін энергия көздері, жасанды интеллект сияқты салаларда алға жылжу үшін жергілікті технологиялық компаниялармен бірлесіп жұмыс жүргізді. Пандемия кезінде мұндай серіктестіктер Оңтүстік Кореяның вирус жұқтырғандарды бақылау жұмыстары, Қытай мен Сингапурдағы ұлттық денсаулық сақтау QR-код бағдарламалары үшін өте маңызды болды. Сонымен қатар, Азия елдері кәсіпорындар мен қауымдастықтардың өзара ресурс, ақпарат алмасуын тиімді жүргізуге жағдай жасау мақсатында цифрлық эко жүйелер арасындағы серіктестіктің жаңа моделін ойластырып жатыр.

Азия елдеріне кейбір қалыптасқан технологиялық секторларда, айталық, жартылай өткізгіштер дизайны немесе операциялық жүйенің бағдарламалық жасақтамасы сынды кейбір технология саласының нарығында үздіктермен бәсекеге түсу, оларды оза шабу қиынға соғуы мүмкін. Дегенмен жаңа технологияда Азияның орасан жетістікке жеткенін мойындау керек; оған Азия елдерінің өндіріс пен инфрақұрылым жағынан мықты болуы әсер еткені сөзсіз.

Мысалы, әлемдегі смартфондардың 90%-ы Азияда жасап шығарылады. Осылайша, Азия экономикасы осы саладағы мобильді қосымшалар процессорларын жобалау және аппараттық құралдардың жаңа түрлерін әзірлеу сияқты маңызды инновациялық мүмкіндіктерді басты назарға алады. Өткен жылы Қытайдың Royole компаниясы әлемдегі алғаш иілгіш/икемді смартфон шығарды. Ал осы жылдың басында Samsung жиналмалы шыны экраны бар бүктемелі смартфонды сауда айналымына шығарып, жаңа технология саласында ілгері қадам басты.

Азия компаниялары 5G дамыту, оны қолданысқа енгізуде алдыңғы қатардан көріну үшін аймақтың жақсы дамыған инфрақұрылымын пайдаланды. 5G патентінің басым бөлігіне иелік ететін бес компанияның төртеуі Азия елдерінен. Дәл сол сияқты, өзінің мықты жағын дұрыс қолдана алуының арқасында Азия жаңа буынның электромобиль аккумуляторы саласында мықтылардың біріне айналып отыр. Әлемдегі қатты денелі батареялар патентінің тең жартысы да Азияда тіркелген.

Азия елдеріне жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Аймақтағы тұтынушы нарығы күн санап кеңейіп әрі цифрлық форматқа өтіп жатқанына қарамастан тұтынушыға бағытталған технологиялық инновациялар жасауға, алға қарай жылжуға, одан әрі дамуға бұрынғыдай мүмкіндік көп.

Қарқынды түрде өркендеп келе жатқан цифрлы ақпараттық-технологиялық қызмет (үлкен деректер мен сараптама, цифрлы мұра модернизациясы, «Зат ғаламторы» жүйесін жобалау) нарығында да Азия айтарлықтай табысқа жете алады. Азия территориясында технология таланттарының қоры басым: Үндістанның бір өзі 2016-2018 жылдар аралығында әлемдегі ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) түлектерінің төрттен үш бөлігін дайындап шығарған.

Өлімге апаратын ыстық ауа толқындары, үлкен су тасқыны сынды климат өзгерісінің салдарынан туындаған қиындық алдындағы әлсіздік те Азия аймағының дамуына ықпал ете алады. Азияның жаңартылған қуат көздерін орнату үлесі өте жоғары – 45%; Еуропада бұл көрсеткіш 25%, ал Солтүстік Америкада 16% құрайды. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, 2040 жылға дейін Азияның жаңартылған қуат көзін орнату үлесі 56%-ға дейін жетуі мүмкін. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға құйылған инвестиция мен жаңа инфрақұрылым көмегімен Азия климаттық қауіп-қатер проблемаларын технология шешіп әлемде маңызды рөлге ие болу мүмкіндігі бар.

Соңғы он жылда Азияның жаһандық технология көшбасшысы ретінде жылдам дамуы ынтымақтастық күшінің куәсі деуге саяды. Соған қарамастан, әлем елдерінің көпшілігінде оқшаулану мен протекционизм үрдісі басымдық танытып келеді. Расында қанша уақыт ашық өмір сүру салтынан соң  сауда кедергілерінің көбеюі технология мен зияткерлік меншіктің жаһандық желісін бұзып жіберу қаупі жоғары болып тұр.

Бұл көптеген шекаралық сектор әлеуетін төмендетеді. MGI симуляциясына сәйкес, Қытай мен өзге әлем елдері арасындағы технология ағынының деңгейі мен сапасына байланысты  2040-шы жылға қарай экономикалық пайда 8-12 триллион АҚШ долларын құрамақ.  Бірқатар жоғары технологиялық нарық түрлері, оның ішінде электр көлігі, аккумуляторлы батареялар, заманауи дисплейлер барлығы жаһандық масштабтағы жетістікке жету үшін Азия инвестициясы мен нарығына тікелей тәуелді болады.

Азия болашақта технология саласында одан әрі дами түсері анық. Бірақ технология немесе өзге де саладағы табысты толық пайдаға асыру үшін аймақаралық және аймақ ішіндегі технология ынтымақтастығын дамыту Азия үшін де, әлемнің басқа елдері үшін ең басты мәселе болып қала бермек.

Неліктен Азия технология алпауыттарының қатарында?

Jonathan Woetzel

Мак-Кинси компаниясының Бас серіктесі, Мак-Кинси Жаһандық институтының диекторы, «No Ordinary Disruption: The Four Global Forces Breaking All the Trends» кітабының бірлескен авторы

Неліктен Азия технология алпауыттарының қатарында?

Jeongmin Seong

Шанхайдағы Мак-Кинси Жаһандық институтының аға ғылыми қызметкері

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz