Қазақ киносында құрбан әйелдерді көп көреміз – Ә. Бақдәулетқызы

Кейінгі күндері қазақстандық киноиндустрияда әртүрлі жанрда фильмдер прокатқа шығып жатыр. Бұл бір жағынан бәсекелестіктің дамытса, екінші жағынан бір-бірінен сценарий, подача тұрғысынан аумайтын, тіпті әжуаларына дейін ұқсас комедия жанрындағы фильмдердің көбейгенін білдіреді.

Актерлардың құрамына дейін ауыспайтын қазақстандық коноиндустрияда тағы бір мәселе бар, ол – гендер тақырыбы. Киноларда байқасаңыз, әйелдерге қатысты жиі айтылатын көзқарастарды қарапайым қалжың арқылы жіткізіп, халықтың көңілінен шығуға тырысып жатады. Бір қарағанда байқамай қалуыңыз мүмкін, алайда әйелдер жайлы таптаурын ойды қайта өндіріп, ортаға шығаруда. Әйел образын әлсіз көрсету, стереотиптерді қайта тарату нормаға айналып бара жатыр.

Қазақстандық киноиндустрияда қазіргі уақытта гендерге байланысты қандай проблемалар бар, гендерлік теңдік қалай бейнеленіп жүр? Бұл туралы Factcheck.kz кинотанушы әрі киносыншы Әсия Бағдәулетқызымен сөйлесіп көрген еді.

Әйел не періште болу керек, не сайтан болу керек

Factcheck.kz: Қазақстандық киноларда әйел образы қалай сомдалады? (Өзіңіз көрген кино мысалында).

Әсия Бақдәулетқызы: 2018 жылы дата журналисі Мириам Куик соңғы отыз жылға жуық уақыттағы әлемдік кинофестивальдерге анализ жасай отырып, онда жүлде алған фильм кейіпкерлерінің 26% ғана әйелдер екенін анықтаған. Бізде мұндай зерттеу жүргізілді ме, хабарым жоқ, бірақ қазақ киносында да жағдай осыған ұқсас екені сөзсіз.

Киноэкран, жалпы алғанда, әлемге еркектік эгоның көзімен қарауға ашылған терезе сияқты. Бәрінде емес, бірақ көп жағдайда әйел маңызсыз, қосалқы кейіпкер, нарративті жылжытуға оның ықпалы жоқ. Ал ғайыптан тайып кинофильм әйел туралы болып шықса, көп жағдайда стереотиптік бейнелеуден аса алмағанын байқаймыз.

Factcheck.kz: Әйелдерге қатысты стереотип көзқарас қалай бейнеленеді?

Әсия Бақдәулетқызы: Қазақстанда ғана емес, әлемде әйелдерді стереотипті бейнелеу бар. Және Голливудтағы стереотипті бейнелеу батыстық кинотанудың негізгі тақырыбының бірі. Оның бірнеше өлшемі бар. Айталық, әйел образының дуализациясы: әйел не періште болу керек, не сайтан болу керек. «Жақсы қыздар» әлсіз, қорғауды, құтқаруды қажет етеді, «жаман қыздар» жеңіл жүрісті (онда оны ер адам құтқаруы керек), не фемм фатал (онда жазалау керек) ретінде бейнеленуі мүмкін. Молли Хаскеллдің, мысалы, «Құрмет пен зорлық» (Reverence and Rape, 1974) деген кітабын қараңыз. Айталық, Әмір Қарақұловтың «Разлучница» (1991) немесе Нариман Төребаевтың «Шуақты күндер» (2011) фильмін алыңыз. Алғашқысында «жолдан тайған қыздың бәрі жазаланды», екіншісінде «әйел ер адамның эгосының қызметшісі не көлеңкесі» деген жиі кездесетін троп бар. Қызығы, кинода, оның ішінде қазақ киносында, ер адам күрделі бола алады, оған «шайтан болмасаң бейкүнә болуға тиіссің» деген талап қойылмайды.

Сонымен бірге, әрине, қазақ экранында әйелді бейнелеудің, оны қабылдаудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Көп уақыт бойы бізді ана образын (дәлірегі идеал ана туралы фантазияны) насихаттайтын фильмдер автоматты түрде әйел образын көтермелейді, насихаттайды деп сендіріп келді. Ана образын Отан образымен шендестірді де, «міне, біз әйелдерді қалай құрметтейміз» деді. Бірақ ондай фильмдерді қарасаңыз, тірі адамды емес, идеалға айналдырылған жасанды фигураны, ана идеясын ғана көресіз. Сол себепті де қазақтың ер протагонистер туралы фильмдерінде (ол саяси, не тарихи қайраткер не «Рэкетирдегі» бұзақы болсын), бас кейіпкер аналарының бәрі ұқсас мизансценада көрсетіледі: бірдей киінеді, бірдей әрекет етеді, яғни қазақ анасын бейнелеудің кино тілі/грамматикасы қалыптасты деуге болады.

Биологияда жыныс болғанымен, гендер жоқ...

Factcheck.kz: Осы жоғарыдағы киноларда көрсетілетін стереотип рөлдердің қоғамға қандай әсері бар?

Әсия Бақдәулетқызы: Стереотип доминант дискурстарды, қоғамдағы теңсіздікті одан әрі тереңдете береді. Яғни киноэкранда әйелдің бәрі бағынышты болса, өмірде де одан «екінші скрипка» болуды талап етеді. Ал ешқандай адам, оның ішінде әйел адам, өзін екінші скрипка сезініп өмір сүрмейді ғой, бәріміз бас кейіпкерміз.

Немесе тағы бір қарапайым мысал, көптеген фильмдерде ер адамның әйелге жыртқыштық қатынасы ақталып жатады. Жыртқыштық дегенім, әйел адам «жолама, әрі жүр» десе де, ер адамның оның назарын күштеп аударуға тырысуы, соңында ырқына көндіруі. Және мұндай ер адам еліктеуге тұрарлық “мачо” образдар ретінде көрсетіледі (Индиана Джонс, мысалы). Мұндай нарративтен кейін «әйелдің жоқ дегені иә дегені» деген қате түсінік қалыптасады. Яғни, әйел адамның қарсылығын қымсыну деп түсіну керек деген ойды сіңірген ер адам біріншіден әйелдің сөзін құлаққа ілмеуге, екіншіден, әйелдің рұқсатынсыз жеке кеңістігін бұзуға, потенциалды түрде харассмент, тіпті зорлыққа рұқсат алады.

Сол сияқты, көптеген қазақ фильмдерінде ер мен әйел қатынасын қарасаңыз, бұл жыртқыш пен жемтік қатынасы. «Күнә» (2005), «Келін» (2009) сияқты фильмдерде, айталық, параллель/интеллектуалды монтаж арқылы төсек тақырыбы табиғаттағы аңшылық сахнасымен қатар көрсетіледі, яғни ер адамның қиялында әйел мәңгі субординациядағы, жемтік рөліндегі жаратылыс. Сондай санаға сіңген түсініктер әсерінен қоғамда да әйелдерге жыртқыштық қатынасты жиі көреміз. «Әр қыз балаға болашақ жар, ана ретінде қара, қарындасым деп қара» деп ақыл айтып жатады. Бірақ қыз балаға адам, яғни сіздің құрметіңізге лайық жеке тұлға деп қарасаңыз жеткілікті. Тура солай, кинода да. 1949 жылы Симона де Бовуар айтып кеткен концептіні біз әлі түсіне алмай келеміз: гендер деген миф, конструкция. Биологияда жыныс болғанымен, гендер жоқ. «Әйел адам бір, ал ер адам екінші бір қасиеттер жиынтығына ие болуы керек» деген, адамдар, қоғамдар ойлап тапқан, сөйтіп идеологиялық нарративтер арқылы санаға сіңірген мифтер ғана.

Ана образының идеализацияланғанын алайық. Экранда ер адамдардың әкелік рөліне ондай қатаң талаптар қойылмайды, бұл отбасындағы көп жүктің әйелдерге артылып, ер адамдарға «түздің адамы» деп жеңілдіктер берілуіне трансляцияланады. «Ұлттың болашағы әйелдің қолында» деп көтермелеудің, ал шындығында жауапкершілік артудың қажеті жоқ. Әйелге адам болып өмір сүруге мұрсат беріңіз де, сол өмірді экраннан көрсетіңіз.

Ал қазақ киносында қалай? Әйел отбасы шеңберінде сипатталғанда одан «қыз кезіндегі» кейбір қылықтар мен атрибуттарды тартып алады да, орнына көптеген міндеттер жүктейді. Молдияр Ергебеков «Анаға апарар жол» (2016) фильмін сынағанда ана образына талдау жасайды, және осы сынды жалпы қазақ киносындағы ана образына қатысты қабылдауға болады. Яғни әйел тек ана ретінде бағалы болмау керек, себебі ер адам тек әке ретінде бағалы емес.

Factcheck.kz: Басты рөлдерде ойнайтын әйел мен еркек образы қандай? 

Әсия Бақдәулетқызы: Жиі түсірілетін, «бір ер геройдың саяхаты/бастан кешкендері» деген фильмдерді алсақ, онда әйел пассив, ер протагонистің үнсіз қолдаушысы ролінде көрінеді, және ол реті келсе сұлу, бойшаң, талдырмаш әйел болуы керек. Мұндай әйелдің нарративті дамытуға ықпалы шамалы. Протагонист әйелдер туралы фильмдер жоқ емес. Бірақ әйелдің протагонист болуы мәселені автоматты түрде шешпейді. Көп әйел кейіпкерлер екі өлшемді, яғни әйел емес, «әйел мынандай болу керек» деген позицияның ғана көрінісі. Әйелді көрсеткен осы екен деп жылатып-сықтату да ақталмайды: әйелді әрдайым/мәңгі жапа шегуші фигура ретіндегі стереотипті одан әрі тереңдетуіміз, яғни жапа шегуді ақтауымыз мүмкін. Өкініштісі, әзірге қазақ фильмдерінде жолы болмаған, құрбан роліндегі әйелдерді көбірек көреміз. Әйел кейіпкерлерде ер бейнелерге «рұқсат етілетін» күрделілік жоқ. Енді кинода әйел образдар қандай болу керек деген мәселеге тоқталу керек шығар. Егер киноның, кез келген өнер сияқты, негізгі мақсаты адамды зерттеу болса, ол әйелді де ерінбей зерттеуі керек. Стереотиптер, қалыптасқан схемаларға салып вердикт айту үшін емес, инструкция беру үшін емес, шынында жанына үңілуі керек. Ол әйелдер әр түрлі болсын: толық, арық, күнәһар, батыл, табысты, адасқан, кәсіпқой, өзіне сенімсіз, т.т. Әр түрлі, белсенді кейіпкерлерді экраннан көбірек көрсек, өмірде де әйел атаулыны стереотипке салмай, бар күйінде қабылдауға үйренеміз.

Қазақ, орыс стендаперлары гейлерге күлсе, ағылшын, америкалық стендаперлар гомофобтарға күледі

Factcheck.kz: Қазақстанда еркек режиссер мен әйел режиссер түсірген киноларда айырмашылық бар ма?

Әсия Бақдәулетқызы: Қазақ киносында режиссер әйелдер де көп емес қой. Жанна Исабаеваның фильмдерін, айталық, феминистік бағыттағы фильмдер дей алмаймыз, әлемді белгілі бір бояулармен қабылдайтын автордың фильмдері. Эля Гильманның «Күнбағыс» (2019) фильмі стилистикалық тұрғыда өте қызық, негізгі кейіпкерлердің үшеуі ер, жалғыз әйел болғанымен, Слабода Мичалович есте қалатын образ жасалған. Шәрипа Оразбаеваның фильмдерін әйелдер туралы түсіретініне қуанамын. Демек жекелеген режиссерлер, фильмдерге талдау жасауға болады, бірақ әзірге әйел режиссерлерді ерекшелейтін ортақ белгі көре алмадым.

Factcheck.kz: Неге комедия жанрында түсірілген киноларда әйелдерге қатысты стереотипті қайта өндіретін әжуалар (приколдар) өте көп?

Әсия Бақдәулетқызы: Медиа қоғамның өнімі ме, қоғам медианың өнімі ме деген мәңгі сұрақ. Луи Альтюссер мен Жан Луи Бодри ілімінен шығатын қорытынды, адамның дүниетанымын идеология, оның ішінде медиа қалыптастырады. Кино қоғамдағы стереотиптерді көрсетеді. Бірақ сонымен бірге оған әсер ете алады. Айталық, қазақ, орыс стендаперлары гейлерге күлсе, ағылшын, америкалық стендаперлар гомофобтарға күледі. Қазақ сықақшылары басқа ұлтқа күледі (қара нәсілділерге қатысты әзіл жетіп артылады, мысалы), ал батыстағы сықақшылар расистерге күледі. Батыстықтар адамды жынысына қарай бөлмеуге, толеранттылыққа үйренсе, комедия арқылы қазақ көрерменінің санасындағы әлдебір иррационалды қорқыныш, күдігі күшейе түседі де, гомофобия, ксенофобия, мизогиния еселене береді.

Әрине қазақстандық комедияда әйелдерге қатысты әжуалардың (ақылсыз, эмоционалды әйел, күйеуін билейтін ене) қайталанып өндірілуі ең алдымен сценаристер мен режиссерлердің санасындағы стереотиптердің көрінісі, демек көбі қоғамды ойлануға шақырмастан бұрын бұл тақырыптарда өздері де ойланып көрмеген және мұндай юморды күлкілі деп санайды. Екіншісі, олар ізденуге шорқақ, бәлкім қоғам мен идеология структурасындағы кейбір мәселелерді түсінуге білімі де жетпейтін шығар. Яғни қоғамды алға жетелеудің орнына өздері қоғамның жетегінде кетеді.

Factcheck.kz: Қазақ тілді кино мен орыс тілді кинодағы әйел образдарында өзгешелік байқала ма?

Әсия Бақдәулетқызы: Соңғы уақытта заманауи тақырыптағы біртілді фильмді табу қиын. Мысалы, жиі түсірілетін той комедияларды алыңыз. Мұнда әйелдердің отбасындағы стереотиптері қайта өндіріледі. Бірақ бұл жанрдағы фильмдер көбіне қос тілде болып келетіндіктен, қазақ/орыс деп бөлу аса орынды емес. Тек қазақ тілінде түсірілетін фильмдердің көпшілігі дәстүрлі тақырыптағы не тарихи фильмдер делік. Ал тарихи парадигмада әрине, біз насихаттайтын бас кейіпкерлердің басым көпшілігі ер адамдар. Және бұл бізде ғана емес: бізге мәлім адамзат тарихы, негізінен, патриархалды әлемнің тарихы емес пе? Ұлы хандар, қоғам қайраткерлері, тіпті ақындар, сал, серілер туралы фильмде әйелге қандай образ бұйыруы мүмкін? Әрине, үнсіз қолдаушы (кейде қызметші) ролі. Мұндай әйелдер көп экран уақытын алмайды. Бізге бала кезден сіңірген мәтіндерде, мысалы, Абайдың әжесі Зере Абай тәрбиесіне ықпалы үшін маңызды болды. Ал Зере Абайға әже болудан басқа кім болды? Біреуге жар, біреуге келін, біреуге ана, біреуге әже болудан тыс өмір бола ма әйелде? Дәстүршіл логикаға салсаңыз, болмауы керек. Бірақ заманауи шындыққа қарасаңыз экономикалық тәуелсіздікке жеткен әйелдер ана, жар болуды өз кімдігінің (identity) негізі анықтамасы емес, оның бір қыры ретінде ғана көруге ұмтылады. Бірақ, қайталап айтамын, әйелді отбасы шеңберінде, не белгілі стереотиптер аясында бейнелеу тілге емес, тақырыпқа, жанрға қатысты мәселе: қазақ және орістілді киноның тілі бөлек болғанымен, ой жүйесі ұқсас.

Бұқаралық кино әлі де стереотиптерден тұрады…

Factcheck.kz: Гендерлік теңдік тақырыбының көптеп көтерілуі (соңғы жылдары) қазіргі киноматографиға өзгеріс әкелді ме?

Әсия Бақдәулетқызы: Голливудтағыдай көзге көрінетін деңгейде болмаса да, белгілі бір деңгейде әсер етті деп топшылаймын. Мысалы, белгілі кинорежиссер Әділхан Ержановты алыңыз. Оның «Үкілі кәмшатында» (2014) қыз бала бар болғаны символдық образ болса, «Қап-қара адамындағы» (2019) Ариана сол символикалық мағынаның есейген версиясы, өйткені ол маңызды кейіпкер болғанымен, белсенді кейіпкер емес, оның бар қимылдарын әлдене құрсаулап тастағандай. Ал «Сары мысығында» (2020) орыс мәдениетінің (әсіресе Достоевский мен Балабановтың фильмдері) ықпалы анық көрінеді: Камила Нұғманованың кейіпкері «құлаған», құтқаруды қажет ететін әйел. «Ұлболсын» (2020) Ержановтың әйел протагонист туралы алғашқы фильмі, бірақ онда да, Әсел Сәдуақасованың кейіпкері мықты, әрекетшіл кейіпкер деңгейіне төсек арқылы ғана жеткен. Қалай болғанда да, біртіндеп әйел кейіпкерлердің экрандағы уақыты да, олардың нарративтегі маңызы да біртіндеп артып келеді. Немесе Шәрипа Оразбаеваның тырнақалды «Мәриямы» (2019) жапа шегуші әйел туралы болғанымен, оның кейінгі кейіпкерлері белсендірек. Бұл қоғамдағы талқылаудан кейін болған құбылыс па, білмеймін, бірақ қалай да корреляция бар. Алайда бұқаралық кино әлі де стереотиптерге құрылады.

Factcheck.kz: Гендерлік стереотиптерді жоятын, теңдікті насихаттайтын қандай кинолар бар?

Әсия Бақдәулетқызы: Мысалы, Ингмар Бергман фильмдерінде әр әйел кейіпкерін күрделі тұлға ретінде зерттейді, Вера Хитилованың «Дәстүргүлдер» (1966) фильмі патриархал тәртіпке қарсы ойнақы, ерке көтеріліс деуге болады. Жақынды түсірілген «Жылау» (The Cry, 2018) сериалы, «Таллула» (Tallulah, 2016), «Джуно» (Juno, 2007) сияқты студия жүйесінен тыс фильмдерді алыңыз. Әйелдердің түрлі жағдайларын зерттеу емес пе. Немесе соңғы уақыттағы Голливудтағы жағымды трендті байқасаңыз, әйелдер экшн фильмді де, супергерой фильмдерін де, т.б. да басты рольдерге ие болып, белсенді кейіпкерлерге айналды: «Батыл жүрек», «Мұзды өлке», «Моана» сияқты мультфильмдерден бастап «Ғажайып әйел» сияқты фильмдерге қараңыз. Розамунд Пайк басты рольдерін сомдайтын «Жоғалған қыз» (Gone Girl, 2014) бен «Маған бәрібір емес» (I Care A Lot, 2020) фильмдерінде, немесе Кэри Маллиган сомдайтын «Болашағы бар қыз» (Promising Young Woman, 2020), Зое Кравиц басты ролін сомдайтын «Кими» (Kimi, 2022) әйел образдары күрделі, сонысымен қызық. Алайда мұның өзі жеткіліксіз. Феминистік кинотеория әйелдерге қандай кино керек, әйелдер қалай көрсетілуі керек деген мәселені үнемі талқылаумен келеді. Қазақ киносында да әйел жанының күрделілігін сипаттайтын, не гендерлік теңдікті насихаттайтын фильмдер жоқ емес шығар, бірақ өте аз және әрқайсысы сынға ашық.

Factcheck.kz: Әсия ханым, сұхбатыңызға көп рақмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz