Психолог: Харассер болмас үшін бала кездегі тәрбие маңызды

Жыныстық бопса соңғы кезде жиі айтылса да, шешімін таппаған түйткілді мәселеге айналды. Біз осыған дейін мұның Қазақстандық заңнамада қарастырылмағанын жазып, теориялық тұрғыдан зерттеулерге шолу жасап, жәбір көргендермен сөйлестік. Енді психолог Серікгүл Салимен сұхбаттасып, психология бұл туралы не дейтінін білдік.

Factcheck.kz: Алдымен психологияның ұлтқа бөлінбейтінін ажыратып алсақ деп едім. Бірақ тұлға психологиясының қалыптасуына көп фактор, оның ішінде өмір сүріп жатқан орта мен мәдениет, сол қоғамның құндылықтары әсер етеді ғой?

Серікгүл Сали: Иә, психология ұлтқа бөлінбейді, бірақ менталитетке бөлінеді.

Factcheck.kz: Ендеше неге Қазақстан мен басқа да шетелдің дәл харассментке қатысты статистикасы бір-біріне ұқсас? Әлде бұл жерде психологиядан басқа, тарихи және әлеуметтік, эволюциялық факторлар бар ма?

Серікгүл Сали: Адамның психикасы не психологиялық дамуын біз көбіне қысқартып айтамыз. Егер оны толық айтатын болсақ, адамның психо-сексуалды дамуы деп аталады. Сонда біздің психика дегеніміз сексуалдылық дегенді білдіреді. Сондықтан әрбір баланың психикасының дамып жетілуі кезінде кез келген іс-әрекеттен, жасаған затынан өзіне ләззат алғысы келеді. Егер осы ләззат алуды бала кезінен ата-анасы оған білместіктен, басқа жағынан берсе, өсе-келе бала психикасы басқаға зиянын тигізетіндей бағытта дамиды.

Factcheck.kz: Иә, менің айтқым келгені, қазақтың да, орыстың да не еуропалықтардың да харассмент статистикасы бір-біріне ұқсайтындықтан, мұнда психологиядан бөлек факторлар бар ма, жоқ па, біліп алайын дегенім ғой.

Серікгүл Сали: Фактор тек бала тәрбиесіне қатысты ғана болады. Бала тәрбиесі көп елде бірдей жүріп жатыр. Қазіргі қоғамның эволюциялануы барлық елге ортақ. Елу жыл бұрын отбасы құндылығы бірінші орында тұрды, ол кезде басқа дүниеге назар аударатын, ал қазір бізге тұтыну құндылығы келді. Ол дегеніміз барлығы өзінің жеке басына, табысына, өміріне назар аударады да, бала тәрбиесі, адамдар арасындағы қарым-қатынас дегенге көңіл бөле бермейді. Бұл заман ағыны. Қазіргі даму формасы сондай десек те болады. Сондықтан бала тәрбиесі кезіндегі қателіктер бірдей — балаға айқайлайды, ұрады, зорлық-зомбылық пен арнайы бір қысым көрсетеді, баланың қалауын шектен тыс көп орындайды немесе мүлде орындамайды. Осы қысымдар әсерінен баланың психо-сексуал дамуында белгілі бір тежеулер, ақаулар болады. Ол тежеулер баланың менталитетіне байланысты емес, оның психотипіне байланысты.

Factcheck.kz: Балаға кішкентай күнінен жыныстық ағарту жүргізу маңызды. Алайда ондай ағарту жүргізілетін елдерде де харассмент жасау жиі кезігеді. Мұның себебі неде? Немесе жай жыныстық ағарту — ғасырлар бойы қалыптасқан маскулиндік гегемонияны жеңе алмай ма?

Серікгүл Сали: Көп адам баланы жыныстық сауаттандыру дегеннің құпиясын, шын мәнінде не екенін білмегеннен осылай болып жатыр. Адамдар баланың жыныстық тәрбиесі ересек адамдардыкі сияқты деп ойлайды, бірақ олай емес. Себебі бала табиғатынан ересектердің қалауына қызықпайды, бала үшін бұл тіпті жиіркенішті. Бала одан травма алады. Баланың сексуалды тәрбиесі дегеніміз — оның сезімін дамыту ғана. Балаға сезім беру, махаббат беру керек, осы сезімдер арқылы ол басқа адамдарды жақсы көреді. Оның жақсы көруі дегеніміз — 6 жасқа дейін ұл — ұл баланы, қыз — қыз баланы ұнатады. Сонымен ғана ойнайды, ең жақын досы не құрбысындай көреді. Себебі ол — өзі сияқты, өзінің тәні қандай болса, досыныкі де сондай. 6 жастан соң ақырын инфантилді қалау басталады. Ұлдар бір қызды жақсы көруі мүмкін, соның қасына отырады, сол қыздың сөмкесін көтеріп, шығарып салады дегендей. Бірақ баланың психикасында қызға деген ересек адамдар сияқты ешқандай қалау жоқ. Тек инфантилді сезімнің даму кезеңі сол кезде қалыптасады. Ол бала қызға кәмпит сатып алып беру, шоколад әкелу, қорғау сияқты қылықтары арқылы ғана сезімін білдіреді. Кейін ол қайта басылады, ары қарай ұл ұлмен, қыз қызбен қайта бірге жүру, бірге түзге бару секілді барлық нәрсені бірге істей бастайды. Бұл дұрыс даму. Тек балада сезімді жетілдіру керек. Сосын пубертатты жасқа келген кезден бастап, оларда бой түзеу байқалады (влечение). Осы кезде ғана ұлдың қызға, қыздың ұлға деген қызығушылығы шынайы түрде оянады. Сол кезде ғана шырматады: қыздың қолынан ұстау, бетінен сүю т.с.с. Бірақ олардың ойына ештеңе кірмейді. Егер сіз кіргізер болсаңыз, ол үшін бұл жиіркенішті. Бала психикасы ондайды көргісі де, білгісі де келмейді.

Factcheck.kz: Сіз алдында бір сөйлескенде гомосексуалдық бала кездегі тәрбиеден кеткен қатеден пайда болады дегенді айтып қалдыңыз. Бұл сөзіңіз адамдарды гомосексуалдықтан құтқаруға болады деген сияқты естіледі. Яғни гомосексуал адамға “сені дұрыс тәрбиелемеген” деп айту қаншалықты орынды? Кейінгі зерттеулер гомосексуалдық баланың жатырда қалыптасып келе жатқан кезде гормондардың басқаша бөлінуінен болатын құбылыс екенін көрсетті емес пе?

Серікгүл Сали: Ол адамға толықтай психоанализ жасалады. Адаманың психотипіне байланысты әрбірінің сексуалдығының дамуы жайында, басынан бастап жүйені толықтай сол адамға көрсетіп өткен кезде ол соның ішінен өзінде қай жерден қате кеткенін, сол қатенің кесірінен осындай бір қалауы бар екенін өзі түсінген кезде — бұл қалау күшін жояды. Ол қалау, қызығушылық менде болмайды, өйткені мен оның себебін, ненің әсерінен болып тұрғанын білемін, түсінемін. Солай психоанализ көмегімен мен бұдан емделіп шығамын немесе түсінік арқылы өзімді дұрыс жағынан дамытамын, қалыптастырамын.

Қазір адамзат 8 типтен тұратыны соңғы 20 жылда психологияда ашылған үлкен жаңалық болды. Бұл Зигмунд Фрейдден бастау алған. Сондықтан қазіргі күнде гомосекуалдық пен педофилдіктің түбірі бір. Егер де педофилдікке тыйымды бұзбай, оны гомосексуалдық жағынан бұзсам, менен педофил шықпайды. Егер мен өзімдегі гомосексуалдықты еш уақытта қабылдамай, оған қарсы тұрсам, психикам мені бәрі-бір жеңеді де, мен педофил болып шығамын. Яғни осы бір қалауымды жасырын түрде іске асырамын. Олардың қандай балаға қызығушылығы оянады, оның өзінің психологиясы бар. Педофилге кез келген бала тап болмайды. Бұл өте ауқымды тақырып.

Factcheck.kz: Адам харассер болып өспеуі үшін заң мен тәрбиеден басқа не істей аламыз? Біздің қоғамда харассменттің қолтығына су бүркитін фактор көп қой. Оған ұлдарды маскулин қылуға талпыныс, харассментті не кез келген зорлық түрін ақтау, жәбір көрген адамның өзін айыптау (виктимблеймиң), “шыны төбе” (стеклянный потолок) жиі кезігеді. Сексуал харассментпен күрес үшін тағы не істей аламыз?

Серікгүл Сали: Бұл көп айтылмайтын тақырып. Оның үстіне, бар аз ақпараттың өзі дұрыс берілмейді. Осыны қолға алу қажет деп санаймын. Бізде әйелдер санасында “ол солай болуы керек” деген секілді түсінік жиі кездеседі. Көбіне ауылдық жерде, сондай менталитетте тәрбие көрген қыздар мұның дұрыс емес екенін, өз қалауынсыз ештеңе болмауы қажет екенін біле бермейді, оны солай болуы керек деп ойлайды. Әйел теңдігі сөз болып, оған “иә” немесе “жоқ” деп айту құқығы жүз жылдай бұрын ғана берілді. Мұндай жаңа түсінікті қабылдау жағында біз АҚШ-тан, Еуропадан, Ресейден ондаған жыл қалып келеміз. Бұрынғыға қарағанда, әрине, прогресс байқалады. Дегенмен ақпараттандыру нашар жүріп жатыр. Әйел мен еркек сексуалдығында көп айымрашылық бар, бірақ осы тақырыпты көтеріп жүргендердің 98%-і өздері не айтып жатқанын білмейді. Олар көбіне өз тәжірибесіне сүйеніп айтады, бірақ ол дұрыс емес. Білімге сүйеніп айтуы керек. Мысалы үшін, мен 2 психотиптен тұрамын және бәріне сондай болыңдар деп үгіттеймін. Бұлай істеуге болмайды. Бұл туралы айтуға әркімнің құқы жоқ. Осының бәрін сараптайтын, сүзгіден өткізетін арнайы орталықтар керек секілді.

Factcheck.kz: Тағы бір нақтылап алайықшы: адамның харассмент жасауына итермелейтін ең басты фактор не? Тәрбие, әлеумет әлде эволюция? 

Серікгүл Сали: Ең басты фактор тәрбие деп айтуға бейіммін. Мұны айтқан мен емес, Зигмунд Фрейд. Оның 1907 жылы жазған “Анальды эротик” деген аты-шулы мақаласы бар. Соның арқасында адамдардың “анальды типін” толықтай анықтайды. Бұл тип басқаға ұқсамайтын, өте ерекше бағытта дамиды. Осы типтегі балалар тазалыққа үйренетін уақытта, өзіне бір нәрсені қосып алады не өзіндегі бар бірдеңеден айырылады. Осы кезеңде болашақтағы сексуал іс-әрекетінің алғашқы фундаменті қалыптасады. Яғни ана баласын өсіретінде неге мән беріп, неге назар аударуы керектігін білмейді. Осының кесірінен, баланың бойында қалып қойған қате қажеттіліктер болады. Мысалы, жыныстық бопса кезінде жәбірленуші көнбесе де, агрессор күш көрсетуден, қысым арқылы мақсатына жетуден ләззат алады. Ал ләззатсыз адам өмір сүре алмайды. Мен міндетті түрде ләззат алуым керек: ол біреуге зиян немесе қауіпсіз, керісінше пайдалы болуы мүмкін. Ол үшін психиканы түсінуі керек.

Factcheck.kz: Баланың тәрбиесі туралы жиі айтасыз, осыны өзіңіз түсіндіріп кетіңізші, баланы қалай тәрбиелеген дұрыс? Мысалы, қарапайым отбасында бала дүниеге келді, оны “дәстүрлі” түрде тәрбиеледі. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бала ертең харассер болып шығады екен. Осының ақ-қарасын ажыратып өзіңіз айтып беріңізші.

Серікгүл Сали: Мен барлық жерде осыдан жүз жыл бұрын қазақ даласындағы адамдардың көбі көбейту кестесін білмегенін мысалға келтіремін. Қосып-алуды, хат танып, оқуды білмеді. “Сендерге көбейту кестесін білу керек, барлығың оқи алуларың қажет” дегенде оларда “сонда бәріміз математик, барлығымыз жазушы, ғалым болуымыз керек пе?” деген ой болды. Бірақ оны білмейінше жаңа қоғамға қадам баса алмайтын едік. Сол секілді психологиядан да әрбір адам білуі керек математиканың қосып алуына ұқсайтын базалық білім бар. Оны білгеніңіз үшін сізді психолог деп айта алмаймыз, алайда “а” мен “б”-ны ажырата аласыз. Осы арқылы жаңа айтқан 8 типті білесіз, балаңыз қай типте туғанын түсінесіз. Қазір көбі 3-5 типпен дүниеге келеді. Балаңыз гиперактив болса оған қандай тәрбие, қай жағынан дамыту қажеттігін бағамдайсыз.

Мысалы, жаңа тазалыққа үйренетін кезең туралы айтқанда, кейбір бала үлкен дәретте ұзақ уақыт отыртынын, сол кезде оның психо-сексуал тұрғыдан қалыптасатынын меңзедім. Олар жанына ойыншығын жинап, ән айтып, кітабын оқып сағаттап отыруы мүмкін. Кейбір ата-ана бұл зиян деп, тұрғызып жібереді, дәл осы жерде қате кетеді (жоғарыда айтқандай, бірдеңеден айырылады не қосып алады). Мұны көбіне ашық айтпайды, біз астарлап жеткізуге тырысамыз.

Factcheck.kz: Харассменттің психологиялық саладрымен күресу жолын айтып берсеңіз. 

Серікгүл Сали: Мұның салдары ауыр болады, кез-келген адам үшін қиын өтеді. Алайда әйелдер 12 мың жыл бойы сондай езгіні көріп, бүгінде мұның дұрыс емес екенін айтып жатқаны қуантады. Қазір бұл өте жылдам прогресс үстінде.

Менің қалауым, менің сезімім ескерілмеді деген зат психикада үлкен травма қалдырады. Салдары жан-жаққа кете береді. Мысалы, 8 типтегі әйелдердің әрбірі өзінің типіне сай травма алады. Біреуі бұған көнбей жұмыстан шығады, бірі психологтан көмек сұрайды дегендей. Біреулері мұны болмағандай қылып ұмытып, бетін жауып тастағысы келеді, бұл эмоцияның тежелуіне, бекіп қалуына алып келеді.

Factcheck.kz: Психологтар жыныстық бопсаны үш түрге бөліп, алғашқы екеуінің астарында төсек қатынасы жатса, ең соңығсында — гендерлік харссментте — өшпенділік жатады дейді. Бұл өшпенділіктің пайда болу себебі не?

Серікгүл Сали: Мен мұны өшпенділік емес, өкпе дер едім. Мысалы, анальды типтегі баланың анасы жеңіл жүрісті болса, не әкесін тастап кетсе, көзіне шөп салса я баланың өзін тастаса немесе жақын адамының сондай болғанын естісе, оларды қабылдамау, өкпе-наз агрессияға әкеледі.

Factcheck.kz: Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Серікгүл Сали: Сізге де рахмет!

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған – CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz