Ата-аналар чаттында кім және не үшін қауесет таратады?

Ата-аналар чаттары әртүрлі қауесеттер мен фейктерді вирусты деңгейге дейін оңай жеткізіп, тез таратады: мектеп жанында суретке түсіп, қыздарды ұрлаған әйел, менингиттің «өршуі», балалардың жаппай улануы… Кейде бұл жаппай ессіздікке ұқсап кетеді. Сонымен өтірік пен жалған ақпаратты кім және не үшін таратады?

Осыған орай жақында желіні шулатқан кезекті бір фейкті мысал ретінде алып, редакциямызға «Стратегия» Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуованы және отбасылық психолог Ольга Мустафинны шақырдық. Олар бұл мәселені тарқатып беруге көмектесті.

Сарапшылардың айтуынша, мектеп чаттарындағы шындыққа сай емес ақпараттың ішінде нағыз өтірік те, не кезінде бір жерде болып, кейін қауесет ретінде таралып кеткен деректер де кездеседі. Мұндайда байбаламға салатындар: арнайы полиция (ата-аналар мен балалар қырағы болу үшін – Ұлыбритания полициясының мысалын қараңыз), PR-мамандары (қара пиар да – пиар) немесе жай ессіздер (өзінің маңыздылығын көрсету үшін ерекшеленіп, түрлі әректет ететіндер).

Дегенмен, барлығына ретімен тоқталайық…

Бірінші бөлім: Фейк шекара таңдамайды

WhatsApp мессенджері арқылы балалардың газдалған сусындармен жаппай уланып, тіпті, бір бала жұқпалы аурухананың реанимациясында қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. «Бала тархун ішкен, билирубині көтеріліп, уланған, екі күн комада жатқан, кейін оны құтқара алмаған», – деген хабармен бірге «балаларға пайдалануға болмайтын өнімдер тізімі» туралы ақпарат та тараған. Біреу мәселенің мән-жайын анықтағанға дейін хабар мыңдаған ата-ана чаттары арқылы жаппай таралып кеткен. Біраз уақыттан кейін қауесетке БАҚ өкілдері назар аударып, Украина, содан кейін Ресей мен Қазақстан шенеуніктері ақпаратты теріске шығарды.

Ата-аналар чаттында кім және не үшін қауесет таратады?

Балалардың жаппай улануы туралы мәліметті тек Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ғана емес, Ямало-Ненецк автономиялық округінің денсаулық сақтау департаменті, Уфа № 4 жұқпалы клиникалық ауруханасы, Харьков облыстық мемлекеттік әкімшілік баспасөз қызметі, Киевтің Мемлекеттік азық-түлік тұтыну қызметі, Самара облысының Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да құзырлы органдар бұл фейктің шындыққа еш қатысы жоқ екенін айтып, «дәл осылай улану жағдайы ешбір ауруханада тіркелмеген» деп мәлімет таратты.

Ал бала, шынымен, 1,5 литр алкогольсіз «Тархун» сусынын ішіп, бірнеше күннен кейін ауруханада уланудан қайтыс болған. Бұл 2012 жылдың қыркүйегінде Краснояр өлкесінің Заозерный қаласында болған оқиға.

Ата-аналар чаттында кім және не үшін қауесет таратады?

13 жастағы спортшының бұл қайғылы қазасы 7 жыл ішінде жаңа «деректермен» толығып («мектеп бізге ескертеді», «энергетикалық сусын ішкен жарты бөлімшенің жағдайы сондай», «шыны ыдыстан ситро ішкен кіндік анамның қызы дәл қазір ауруханада жатыр» және т.б.), WhatsApp арқылы тарап, аудиториясы барған сайын кеңейе түскен. Қауесетті таратқан дереккөз ретінде «Әуезов ауданының ГЭС дәрігері Айгүл Мендешқызы», «Самаралық педиатр», «жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері» көрсетілген.

Гүлмира Илеуова:

«Жеті жыл бұрын болған трагедияны кезекті өсекке не үшін айналдырғанын түсіну өте қиын. Мүмкін бұл кейбір адамдардың белгілі бір әлеуметтік топтарда өзін көрсетуге деген эмоциялық ниеті шығар. Басқа мүмкіндіктер болмағандықтан, олар қолдарынан не келеді, соны істейді. Екінші жағынан, адамдар, шыны керек, негатив ақпаратты жақсы меңгереді. Сондықтан кейбір фейктерді, айталық, халықтың қырағылығын арттыру мақсатында арнайы қызметтер немесе кейбір министрліктер әдейі қолдан жасауы мүмкін. Бұрын да солай істейтін. Кейбір өсек-аяңдар кеңес заманындағы халық ауыз әдебиетіне ұқсайды: «Әже бәліш жеп отырып ішінен немересінің сақинасын тауып алыпты» деген. Мысалы мына «Тархунмен» жаппай уланған балалардың оқиғасы маған осы «немереге» байланысты қорқынышты әңгімені еске түсіреді.

Бұл қауесеттер мен фейктерден ата-аналардың алаңдаушылығы елеусіз қалады, себебі бірінші орынға балалардың қауіпсіздігіне қатысты «қамқорлық және сақтану сезімі» шығады. Бұл құрал ретінде пайдаланылуы әбден мүмкін.

Ольга Мустафина:

Мен бұл таралған ақпараттың қай жері өтірік екенін білмеймін, бірақ әр ата-ана баланың қауіпсіздігіне қатысты не нәрсеге де дайын болуы керек. Көптеген адамдар тек нақты мысалдарды ғана түсінеді – ескертудің пайдасы жоқ, сондықтан оқиғаны еш бүкпесіз айту керек. Иә, ата-аналар ең жаман заттарға сенеді және дәл сол жайт олардың балаларымен болып қалуы мүмкін деп ойлайды. Кейбір фейктер қауіпсіздік мақсатында жасалатын да шығар. Ата-аналарға мысал ретінде қандай да бір «дәлел» қажет, өкінішке қарай, басқа жолы жоқ.

Бұл жағдайда фейктер үрей туғызу үшін де таратылуы мүмкін екенін ескерген жөн. Дүрбелең кезінде адамдарды басқару оңай.

Екінші бөлім: Украинаның қара тізімі

«Тәттілер мен газдалған сусындардың қара тізімін» де фейк деуге келмес. Алайда бұл кейбір пайдаланушылар ойлағандай Ресей мен Украина арасындағы ақпараттық соғыстың бір бөлігі емес.

«Украинада шыққан заттың бәрі зиянды… Күлкілі жағдай… Бұл жай ғана Ресей мен Украина арасындағы кезекті жанжал… Ал газеттерде және әсіресе интернетте не болса соны жазады… Жазылған ақпараттың бір де бір сөзіне сенбеймін…», – деп жазды пайдаланушы MariaFM.

Сондай-ақ, кейбір БАҚ өкілдері тізімдегі барлық өнімдердің Украинада жасалғанына назар аударды.

«Дегенмен осы сынды «жаңалықтарды» тарататын авторлардың көздегені не екені түсініксіз? Олардың мақсаты қандай? Олар осылайша Ресей азаматтарда Украинаға деген өшпенділік тудырғысы келе ме?

Ата-аналар чаттында кім және не үшін қауесет таратады?

Іс жүзінде «қара тізім» Украинаның өзінен шыққан. Бастапқыда ол, тіпті, солай аталды: «Украинаның қара тізімі». Алғаш рет 2012 жылы «Тест» сараптама орталығының сайтында жарияланды. Кейін 2013 жылы тізім ТСН сайтында шықты (Телевізійна служба новин).

Негізі «қара тізімді» жасаған авторлардың ниеті жақсы еді. «Тест» орталығы ЕО елдерінде синтетикалық бояғыштарды таңбалау ережесі қолданылатыны туралы көп жазған еді:

«Біздің өндірушілер бұл туралы біле тұра, өздерін не тұтынушы деп санамайды, не украиналық балалардың ағзасы басқа еуропалықтардан ерекше деп ойлайды. Мұндай ескертулерді жариялауға асықпайды…

Осыны ескере отырып, біз өз тұтынушыларымызға көмектесу мақсатында осындай бояғыштары бар тауарларды көрсетуге шешім қабылдадық. Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың нұсқаулықтырының болмауы ақталу емес – балалардың денсаулығы кез келген бюрократиялық кедергілерден маңызды.

Ал өндірушілер мұндай өнімді өндіруден бас тартады немесе ең болмағанда біздің тұтынушыларды ескертеді деп үміттенеміз! Біз сондай өндірушілерді «қара» тізімінен қуана алып тастаймыз!»

Осылайша, «Украинаның қара тізімі» 7 жылдан кейін қайта пайда болып, WhatsApp арқылы вирустық деңгейде таралып кетті.

Гүлмира Илеуова:

Менің ойымша, фейктер – жаһандық мәселе. Көптеген елдерде медиасауаттылық ұғымы бекерден енгізілген жоқ. Адамдар оларға келіп түсетін кез келген ақпаратқа қатысты сыни ойлауды үйрену керек. Қазақстандықтардың медиасауаттылығы енді қалыптасып келеді. Кейбіреулер фейктерді шынайы ақпараттан ажыратуды үйренді, бірақ көпшілігі әлі күнге дейін спам ретінде тарайтын хабарларды шын деп қабылдайды.

Адамдар ақпараттың алып ағынында өзін сауатты ұстай алмағанша, жалған ақпарат пен фейктерге бірдеңе жасау өте қиын. Менің кеңесім – кез келген ақпаратты барлық достарыңызға және таныстарыңызға таратпас бұрын тексеріп алу керек. Барлығы ақпаратты бастапқы кезеңде зерттеу үшін google және Яндекс-ті пайдалана алады.

Үшінші бөлім: Этиленгликоль қосылған «Растишка»

Вирусты таратылымның үшінші және соңғы бөлігі «Растишкаға» арналған. «Одан Ресей медицина ғылымдарының академиясы этиленгликоль тапты – ол бауыр мен асқазан обырын тудыратын ең қауіпті канцерогендердің бірі» деп жазылған.

Factcheck.kz үрейлі қауесеттің дереккөзін таба алмады. Пайдаланушылар 2014 және 2016 жылдары әлеуметтік желілерді «Растишка» йогурттарында этиленгликоль табылғаны туралы хабарламалар таратқан. feedback.rastishka.ru сайтында бір (болжам бойынша ресми өкілдің) пікір бар.

Ата-аналар чаттында кім және не үшін қауесет таратады?

Ольга Мустафина:

Фейктің пайда болуына PR-мамандарының қатысы да болуы мүмкін. Брендті талқылап, оның танымалдығын арттырып, назар аударту үшін қандай да бір оқиғаны ойлап табады немесе ұмытылып кеткен ескі нәрсені қайта шығарады. Себебі адамдар негатив ақпаратқа белсенді араласады Ал, кейін компания ресми жауап береді, яғни барлығын дәлелдеп, ақпаратты теріске шығарады. Міне, алдарыңызда тамаша өнімдері бар таза, адал, танымал компания. Бұл біреу үшін жасалған жарнама болуы әбден мүмкін.

Жалпы, мамандардың айтуынша, ата-аналар кез-келген хабарламаларға байсалды қарауы керек. Егер барлығына сеніп, дүрбелең сала беретін болса, не болады? Сонымен қатар, расымен де маңызды ескертулер жасырын келмейді және WhatsApp арқылы таратылмайды.

Factcheck.kz