Фейк | “Холерадан адам көп қыралады”

Кешелі бері әлеуметтік желілерде, әсіресе WhatsApp-та “холера” яғни, тырысқақ ауруы жайлы түсініксіз ақпарат тарауда. Тырысқақтан аман қалу үшін судың бәрін қайнатып ішу керек-мыс. Factcheck.kz сайты ақпаратты тексеріп көрді.

Тумаластардың бәріне таратшы! Холера деген ауру шығыпты, біздің Ақтауға да келіпті. Қатты қырылады дейді осы холерадан, баяғыда ертеде қатты қырылған ғой. Судың бәрін қатты қайнатып ішіңдер, кастрюлге де толтырып қойыңдар. Мына холерадан адам көп қырылатынын айтып жатыр ғой, анау күнгі пандемия дым емес бұның қасында.

WhatsApp-таралма

Үкім: Фейк

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ресми түрде бұл ақпаратты жоққа шығарды. Комитеттің мәліметінше, мамыр айынан қазан айына дейін апта сайын зертханалық зерттеу үшін ашық су қоймаларынан сынама алынып, тексеріп отырады.

Сонымен қатар, “тарат, бөліс, балаларыңа, тумаларыңа айт” тіркестері қолданылған, яғни кезекті фейк екенін осыдан аңғаруға болады. Естеріңізге сала кетейік: WhatsApp ресми хабар тарататын орын емес, ол – хат алмасатын мессенджер ғана. Егер де ақпараттың рас-өтірік екеніне көз жеткізгіңіз келсе, тек ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларды қараңыздар.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен ескерту: Ішек этиологиясы инфекцияларының алдын алудың негізгі шаралары – тамақтану және тамақ дайындау алдында, сондай-ақ дәретханаға барғаннан кейін қолды жуу екенін еске саламыз. Көкөністерді, жемістерді ағынды сумен жуғаннан кейін қайнаған сумен шаю керек. Кездейсоқ адамдардан азық-түлік сатып алмаған жөн және де тек рұқсат етілген жерлерде шомылу маңызды. Қарапайым алдын алу шараларын сақтай отырып, сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтайсыз!

Контекст

Тырысқақ – ішек жүйесінде пайда болатын өткір жұқпалы инфекция. Қазіргі уақытта бұл денсаулыққа қауіпті әрі өте жұқпалы ауру ретінде қала береді.

ДДСҰ-ның мәліметінше, жыл сайын әлемде 1,4-4 млн адам ауру жұқтырса, олардың 21-143 мыңы қайтыс болады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz