Фактчек | Martinelli, “Папа биі” һәм WhatsApp Gold туралы хабарлама

WhatsApp мессенжерінде қолданушыларға арналған “ескерту” тарап жатыр. Хабарламада Martinelli және Dance of the Pope (“Папа биі”-қаз.) деп аталатын видеоларды ашпау керек екені айтылады, ашқан жағдайда телефон бұзылады-мыс. Хабарламада бұдан басқа WhatsApp мессенжерін WhatsApp Gold-қа жаңартпау қажет екені жазылған.

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Фактчек | Martinelli, "Папа биі" һәм WhatsApp Gold туралы хабарлама
Мессенжерде тараған ақпарат

Мәлімдеме: Ертең WhatsApp-та Martinelli деп аталатын видео жарияланады. Оны ашпаңдар, ол сендердің телефондарыңды бұзады, [сосын-авт.] ештеңе оны қалпына келтіре алмайды. Бұл ескертуді таратыңдар.

WhatsApp-ты WhatsApp Gold-қа жаңарту туралы хабарлама алсаңыз, батырманы баспаңыз!!!!!

<…>”Папа биі” (Dance of the Pope) деп аталатын видеоны ашпаңдар. Бұл ұялы телефоныңыздың ішіндегі барлық ақпаратты толықтай жоятын вирус. Ол өте қауіпті, бұл туралы бүгін BBC-де хабарлады.

Мессенжердегі хабарламадан үзінді

Үкім: Зомби-фейк

Үш ақпарат та алғашында жеке-жеке, кейін бір хабарламаға біріктіріліп әртүрлі тілде тараған, фактчекерлер бірнеше рет терістеген зомби-фейк.

Бірақ хабарламаның бір бөлігі шын. WhatsApp Gold — бізге таныс мессенжердің бейресми нұсқасы, оны ұялы телефонға жүктеу қауіпті.

Martinelli мен “Папа биі” туралы толығырақ

Martinelli видеосы да, вирусы да жоқ екенін 2019 жылы жаздық. Snopes фактчекерлерінің хабарлауынша, бұл ақпарат кем дегенде 2017 жылдан бері испан тілінде, кейін ағылшын тарай бастаған. Ал 2017 жылдың шілдесінде Испанияның ұлттық полициясы оны жоққа шығаратын твит жариялаған.

https://twitter.com/policia/status/891283166153109504?ref_src=twsrc%5Etfw%7Ctwcamp%5Etweetembed%7Ctwterm%5E891283166153109504%7Ctwgr%5E6416f44e000ae16a016f58da59447b86629c3fc8%7Ctwcon%5Es1_c10&ref_url=https%3A%2F%2Ffactcheck.kz%2Fwp-admin%2Fpost.php%3Fpost%3D125759action%3Deditlang%3Dkaz

Ал “Папа биі” деп аталатын хабарлама Martinelli туралы ақпараттан да ескі, кем дегенде 2015 жылдың сәуірінен бастап тараған. Ерекшелігі, ол кездегі хабарламада “бұл туралы радиодан хабарлады” деп жазса, біз қарастырып отырған ақпаратта BBC-ге сілтейді. Фейк 2020 жылдан бастап қайта белсенді тарай бастады.

Фактчек | Martinelli, "Папа биі" һәм WhatsApp Gold туралы хабарлама
“Папа биі” туралы 2020 жылғы фейк-ақпарат

Snopes фактчекерлерінің жазуынша, 2015 жылы мұны “Папа биі” деп ғана емес, кейінгі хабарламаларда “Хиллари биі” (Клинтон-авт.) деп те атаған. Ақпаратты таратушылар “видео туралы” радиодан хабарлағанын айтқан, бірақ ешбір адамның өзі радиодан мұны естімеген. Осылайша ақпарат фейк болып шыққан.

WhatsApp Gold расымен қауіпті ме?

Хабарламадағы WhatsApp Gold-қа қатысты ақпаратта шындықтың бір бөлігі бар. WhatsApp Gold — WhatsApp мессенжерінің бейресми нұсқасы. Snopes фактчекерлері 2016 жылы оның қауіпті екенін жазған. Мессенжердің “алтын” нұсқасын жүктеу қолданушының жеке деректерінің үшінші тарапқа берілуіне алып келуі мүмкін.

Хабарламаның алғашқы нұсқасында WhatsApp Gold-ты тек жұлдыздар пайдаланатыны, оның қосымша функциялары бар екені жазылған, оны жүктеу үшін көрсетілген сілтеме өткенде адамдарды WhatsApp-тың ресми веб-сайтына емес, басқа сайтқа өткізген.

Martinelli мен “Папа биіне” қатысты ақпаратты шындыққа ұқсату үшін WhatsApp Gold туралы дерекпен әдейі араластырылған болуы мүмкін.

Бірақ мессенжерді жаңарту туралы ақпаратқа сенбеуіңізге болады, қосымша әдетте автоматты түрде жаңарады.

WhatsApp компаниясының өзі қолданушыларын түпнұсқаға ұқсас ресми емес қосымшаларды пайдаланудың қауіп-қатеріне қатысты ескерту жасаған.

Біз бұл қосымшаларды қолдамаймыз, себебі олардың қауіпсіздік шараларын тексере алмаймыз. Олар сіздің жеке өміріңіз бен қауіпсіздігіңізге нұқсан келтіреді. Сіз оларды пайдалансаңыз, хабарламаңыз не деректеріңіздің, сіз бөлісетін орын я файлдардың жеке және қауіпсіз болып қалатынына кепілдік жоқ.

Видеофайл арқылы вирус таратуға бола ма?

Fullfact фактчекерлері Sophos киберқауіпсіздік фирмасына сілтеп, теориялық тұрғыдан ұялы телефоныңызда алдын-ала зақымдалған видеофайлды қосу — зиянды бағдарламаларды жұқтыруы мүмкін екенін жазады. Алайда, бұл үшін телефоныңыздағы медиа ойнатқыштың бағдарламалық жасақтамасында қате болуы керек.

Бірақ, бүгінде медиа ойнатқыштағы мұндай қателер өте сирек кездеседі, болса да тез түзетіледі.

Ал AFP фактчекерлерімен сөйлескен киберқауіпсіздік саласының кеңесшісі Асела Уайдиаланкара бейне арқылы зиянды бағдарламаны таратудың жолдары болса да, Martinelli мен “Папа биіне” қатысты ақпараттың жалған екенін айтқан.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz