«Базардан ет алғанда абайлаңыздар» | Шошқа етін қой еті деп сатып жатыр ма?

Кейінгі кезде әлеуметтік желі мен мессенжерлер арқылы “қой еті деп шошқа етін сатып жатыр” дегенді меңзейтін видео тарап жатыр. Видеода “шошқаға ұқсайтын қойлар” көрсетілген. Оқырман өтініші бойынша Factcheck.kz видеоны зерттеп көрді.

Халық арасында тарап жатқан видео

Үкім: Фейк

Бұл бейнеге екі видео біріктірілген. Бірінші бейнеде қойдың тексель деп аталатын, екіншісінде шошқаның мангалица деп аталатын тұқымы көрсетілген. Олардың түрі қазақстандықтар көріп үйреніп қалған қой, шошқадан өзгеше болуы тұқымның өзіне тән ерекшелігінен.

Бұл жануарларға қатысты алғашқы жалған ақпарат емес. Бірінші бөліктегі қойларға ұқсайтын жануар бейнеленген видео Қырғызстанда да “Қытай қойлардың генін өзгертіп Орталық Азияға жіберіп жатыр” деген сарында тарап, оны фактчекерлер тексерген және терістеген.

Ал екінші бөлігінде шошқалар бейнеленген видео алғаш рет 2018 жылы 14 маусымда “Волосатые свиньи Выглядят как БАРАНЫ” деген атаумен тараған және түпнұсқасында кадр сыртындағы адамдар орыс тілінде сөйлейді. Содан 5 күн өткенде, 19 маусымда түркиялық сайтта “Гені өзгертілген қойлар шығарылды” деген тақырыппен ақпарат тараған. Алайда бұл да жалған.

Тексель мен мангалица туралы бірер сөз

АҚШ-тың тексель тұқымды қойшылар бірлестігінің ақпаратына сай, бұл тұқым алғаш рет Нидерландының Тексель деп аталатын жағалауында будандастырылған. Қазірге дейін олардың үш түрі бар: голландық, француздық және британдық. Ел арасында тараған видеодағы қойдың түрі голландық тексельге ұқсайды. Қазір бұл қой тұқымы келесідей сипатталады: басы мен сирағында жүн жоқ, беті ақшыл, құлағы алдыға шығыңқы және мұрны қара түсті. Бұл тұқымның басты ерекшелігі — бұлшықеті күшті болып келеді.

«Базардан ет алғанда абайлаңыздар» | Шошқа етін қой еті деп сатып жатыр ма?
Голландық тексель

Ал шошқаның мангалица тұқымының жүні қалың әрі қойдыкі секілді бұйра болуы — тұқымның ерекшелігі. Оның геннің қолдан өзгертілуіне не қоймен шағылыстыруға я басқа конспирологияға қатысы жоқ. Бұл шошқа тұқымы бұрыннан бар, ол жүздеген жыл бұрын Венгрияда негізгі шошқа тұқымы болған және майы көптігі үшін жақсы бағаланған.

«Базардан ет алғанда абайлаңыздар» | Шошқа етін қой еті деп сатып жатыр ма?
Мангалица тұқымды шошқа

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz