Адамзат соңғы 100 жылдағы ең күрделі дағдарысқа тап болды ма?

2020 жылдың 1 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасады. Жолдауда әлеуметтік және экономикалық маңызы бар тақырыптар айтылып, біраз мәселе көтерілді. Factcheck.kz оның айтқан сөздерін тексеріп көрді.

Әлем соңғы жүз жыл ішінде болмаған күрделі дағдарысты өткеруде.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Манипуляция

Пандемияның кесірінен болып жатқан дағдарысты президент айтқандай “соңғы 100 жыл ішіндегі болған күрделі дағдарыс” деп атауға келмес. Дүниежүзілік банк (ДБ) мұны “Соңғы он жылдағы ең үлкен экономикалық шок” деп атаған. Сонымен қатар экономика саласының эксперттері келтіріп отырған болжамдар күмәнді әрі нақты емес. Әр маман мен әр түрлі одақтар болашақтың баламалы сценарилерін айтады. 

Дегенмен 100 жыл аралығын санасақ 1930 жылдардағы “Ұлы депрессияны” ұмытпаған жөн. Әр түрлі санақтарда ол кезде АҚШ-тағы ЖІӨ 25%-ке, әлемдік ЖІӨ 17,6%-ке төмендегені айтылады. Ал ДБ әлемдік ЖІӨ 5,2%-ке төмендейді деп болжап отыр. Дүниежүзілік банк келтірген дерекке сенсек  коронавирустың әсерінен болған дағдарыста көбіне туризм саласымен, шикізатты экспортымен айналысатын елдер зардап шегеді. 

Global per capita GDP growth.png
Дүниежүзілік банк деректері

Тоқаевтың “Әлем соңғы жүз жыл ішінде болмаған күрделі дағдарысты өткеруде” деген сөзін “Дамушы елдер үшін күрделі дағдарыс болғалы тұр” деп өзгерткен дұрысырақ болар. Еуропа мен Орталық Азияның экономикасы 4,7%-ке төмендейді деп болжанып отыр.

Нарығы қалыптасып келе жатқан елдер мен дамушы елдер жан-жақты қысымға ұшырайды: денсаулық сақтау жүйесіне күш түсіп, сауда мен туризмнің төмендеуі, ақша аударымының қысқаруы, капиталдың шектеулі ағыны, қарыздың өсуі және т.б. Энергия мен өнеркәсіптік тауарларды экспорттаушылар әсіресе қатты зардап шегеді

Дүниежүзілік банк

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz