ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | Дәрігерлер қайтыс болған адамның дене мүшелерін донорлық мақсатта қолдануға құқылы

Елімізде қайтыс болған адамның дене мүшелерін донорлық мақсатта қолдану мүмкіндігі ескерілген.

Басқаша айтқанда, ауруханада қайтыс болған адамның дене мүшелерін, егер ол тірі кезінде ресми түрде бас тартпаған болса, дәрігерлер тарапынан мидың семуі, яғни тіршілік қабілеті жойылды деген ресми анықтама белгіленіп, расталған жағдайда, донорлық мақсатта қолдану мүмкіндігі жоққа шығарылмайды деген сөз.

Мұндай қағида Халық денсаулығы кодексінде 2009 жылдан бері бекітілген. Бұл жайында Трансплантология жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының сайтынан толығырақ оқып, танысуға болады.

Ел азаматтарының дене мүшелері мен өмірлік маңызды мүдделеріне тікелей қатысы бар бұл заң қоғам назарынан тыс алты жыл бұрын талқыланып кеткен-ді.

Яғни, осынау заңнамалық актіге сай қайтыс болғаны ресми түрде анықталып, дәрігерлердің ресми шешімі шығарылған соң, Қазақстанның әрбір азаматының мәйіті «үнсіз келісім бойынша» әлеуетті түрде донорлық мақсатта қолданылуы мүмкін дегенді меңзесе керек.

Үкім: Жартылай шындық

Халық денсаулығы кодексі дене мүшелерін акцептсіз қолдану құқын заңдастырып бергенімен, бұл қағида еліміздің Конституциясына қарама-қайшы.

Осы арада айта кету керек, біздің елімізде Денсаулық кодексімен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы 18 мамырдағы №360 бұйрығы да қолданыста.

Ал онда қайтыс болғаннан кейін донор болу не болмау құқығы ескерілген. Сол сияқты, онда донорлықтан бас тарту тұрғысында өзіндік түсіндірме тізімі де көрсетілген:

4) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қарсы көрсетілімдер (туберкулез, АИТВ/ЖИТС, В және С гепатиттері, психикалық және мінез-құлықтық ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) болған жағдайда МСАК ұйымының мөрімен куәландырылған, себебі көрсетілген, қайтыс болғаннан кейін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) тірі кезінде ерікті түрде құрбандық етуге келісімді тіркеуден бас тарту туралы анықтама беріледі.
7. МСАК ұйымы тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттауға қарсы көрсетілімдер (туберкулез, АИТВ/ЖИТС, В және С гепатиттері, психикалық және мінез-құлықтық ауытқулар, жыныстық жолдар арқылы берілетін инфекциялар) болмаған жағдайда, мәліметтерді «Диспансерлік науқастар тіркелімі» жүйесінде тексергеннен кейін қайтыс болғаннан кейін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалар бөлігін) транспланттау мақсатында оларды тірі кезінде, ерікті түрде құрбандық етуге келісімді тіркеуді жүргізеді.
8. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) тірі кезінде ерікті түрде құрбандық етуге келісуді және келісімді қайтарып алуды тіркеу және тіркеуден бас тарту туралы анықтаманы беру жеке басты куәландыратын құжат негізінде жүзеге асырылады.

Айтпақшы, Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі деп аталатын бұл тізім тек тіркелген қолданушылар үшін ғана жарамды. Оған тіркелу тәртібі белгісіз.

Соған қарағанда, дене мүшелеріңізді донорлық мақсатта беруге қарсы болсаңыз, Құдай сақтасын, әрине, бірақ емханадан алған арнайы құжатты үнемі өзіңізбен бірге алып жүргеніңіз дұрыс. Былайша айтқанда, жазатайым жағдайда бұл құжаттың сіздің қалтаңыздан табылғаны абзал.

Әйтсе де, тірі кезінде келісім берген әлеуетті донордың шешімі де қайта қаралуы әбден мүмкін. Өйткені өлгеннен кейін шешім қабылдай алмағанымен, оның орнына мұрагерлері шешім қабылдай алады.

Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 27-тармағынан үзінді:

Егер (дене мүшелерін – ред.) алу кезiнде денсаулық сақтау ұйымына осы адамның тiрi кезiнде не оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкiлдерiнiң ол өлгеннен кейiн оның тiндерiн және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) реЦИПиентке транспланттау үшiн алуға келiспейтiнiн мәлiмдегенi туралы хабарланған болса, мәйiттен тiндердi және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiктерiн) алуға жол берiлмейдi.

Егер консилиум тарапынан тiркелген өлiм фактiсiнiң даусыз дәлелдемесi болса, мәйiттен транспланттау үшiн тiндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөлiктерi) алынуы мүмкiн.

Өлiм туралы қорытынды биологиялық өлiмнiң немесе мидың бiржола семуiнiң (мидың өлiмiнiң) расталуы негiзiнде уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен берiледi.

Біз трансплантология мәселесі бойынша еліміздің бас операторы –Трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығына хабарласып, қалыптасқан жағдай туралы пікір білдіруді сұрадық. Мекеме директорының орынбасары Серік Жариковтың жауабы төмендегідей (орыс тілінен аударылды):

2015 жылы аймақтарда 284 донор мүмкіндігі анықталды, әлеуетті донорлар* – 85, дене мүшелері тек 22 актуалдық донордан ғана алынды**, медициналық қарсы көрсетілімдер мен қайтыс болғандардың туған-туысқандары тарапынан дене мүшелерін алуға келісім болмаған жағдайларды ескерсек, бас тарту фактілері 70%.

Трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы директорының орынбасары әрі қарай былай деп қосады: «egov.kz мемлекеттік қызмет порталына бас сұқсаңыз, сонда арнайы функция бар.

Яғни, донорлоқтан бас тарту, не келісім беру мәліметі донорлардың электрондық базасына енгізіледі. Бұл база чех технологиясы бойынша жұмыс істейді».

Айтқандай-ақ, 10 миллиондай халқы бар Чехияда тірі кезінде мәйіттен дене мүшелерін алуға ресми түрде тыйым салған 650  адам тіркеліпті. Бұл база 2004  жылдан бері жұмыс істейді.

Трансплантологиямен айналысатын дәрігерлер қандай да бір мәйіттен дене мүшелерін алар кезде осы базадағы мәліметтерді салыстырып тексеруге міндетті.

Ескеретін жайт – «үнсіз келісім» негізінде донор болуға жетелейтін Кодекс еліміздегі нормативтік-құқықтық актілер сатысында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығынан жоғары тұр. Яғни, анау-мынау жағдайда Кодекстегі қағиданың күші басым деген сөз.

Алайда, Конституциямыз бәрінен де жоғары екенін де ұмытпайық, олай болса ҚР Конституциясының 15-бабына назар аударайық:

  1. Әркімнің өмір сүруге құқығы бар.
  2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.

Егер дәрігерлер тарапынан адамның бас миының семуі анықталып, расталып және де соған орай дене мүшелерін алу жөнінде шешім шығарылса, онда бұл – ҚР азаматының өмір сүру құқын тікелей аяққа басу.

Ескерту:

*әлеуетті донор – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2010  жылдың 11 тамызындағы «Биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін (мидың өлімін) растау тәртібін бекіту» туралы № 622 бұйрығының 2-тармағына сай биологиялық өлімі немесе бас миының біржола семуі (мидың өлімі) расталған адам (3-тармағы).

**актуалдық донор – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2010  жылдың 11 тамызындағы «Биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін (мидың өлімін) растау тәртібін бекіту» туралы №622 бұйрығының  2-тармағы сай транспланттау үшін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін)  алуға келісімі бар және медициналық қарсы көрсетілімі жоқ ағзалардың өмірлік маңызды функцияларын қолдау жөніндегі жалғасқан жасанды шаралар кезіндегі биологиялық өлімнің және (немесе) бас миының біржола семуі (мидың өлімі) расталған адам (1 т-тармағы).

Factcheck.kz