Жартылай шындық Ι Әйел басшы көбейген сайын жемқорлық азая түседі

”Қазинформ” ақпарат агенттігі сарапшы Салтанат Жәненованың гендерлік теңдік туралы пікірі берілген мақала жариялады. Оның сөзінше, әйелдер жемқорлықтан біршама алыстау жүреді. Жәненова – Назарбаев атындағы мемлекеттік саясат жоғары мектебінің қосалқы профессоры.

Үкім: Жартылай шындық

Сарапшы мұның ғылыми дәлелденгенін айтады, бірақ шын мәнінде олай емес. Расымен, осыған ұқсас зерттеу жұмыстары бар, бірақ санаулы ғана, оған қоса Еуропа елдерінің тәжірибесіне негізделген. Сондықтан мұндай пікір айтуға әлі ерте.

Еуропадағы әйелдер мен коррупция

Экономикалық мінез-құлық және ұйым журналы (Journal of Economic Behavior & Organization) “Әйелдер және жемқорлық: Әлденеге ықпал ете алуы үшін олар қандай қызметте болуы тиісдеген атпен ғылыми зерттеу жұмысын жариялады. Зерттеу кезінде Еуропаның 17 еліндегі жергілікті билік органдарында әйелдер үлесі көп болған сайын жемқорлық деңгейі төмен екені байқалған. Бірақ осы зерттеудің өзінде коррупция деңгейі мен әйелдердің әлеуметтік-саяси статусы арасында байланыс жоқ екені айтылады.

Жемқорлық пен мәдениет

Райс университетінің саясаттанушы доценті, “Әйелдер жемқорлыққа азырақ әуес пе? Жаңа зерттеу бәрі мәдениетке байланысты екенін айтады” еңбегі авторларының бірі Джастин Эсарейдің пікірінше, әйелдердің шынында жемқорлыққа бейімі аз, бірақ мұндай құбылыс коррупциямен күрес белсенді жүргізілетін елдерге ғана тән.  

“Демократиялық елдердегідей жемқорлықпен күрес жедел әрі қарқынды жүргізілсе, әйелдердің коррупцияға аз баратыны рас. Бірақ сыбайлас жемқорлық өмірдің бір бөлшегіндей болып кеткен елдерде коррупция жыныс талғамайды”.  

World Economics Forum дерегінше, 2017 жылғы жыныстық теңсіздік индексінде Қазақстан 144 елдің ішінде 52-орын алған. Бұл тізімде Исландия 1-орында, АҚШ – 49, Ресей – 71, Қырғызстан – 85, Тәжікстан – 95, Қытай – 100, Түркия 131-орында тұр. Жыныстық теңсіздік индексі төрт бөліктен тұрады: экономикаға араласуы мен мүмкіндіктері; білім деңгейі; денсаулық пен өмір ұзақтығы; саясатқа араласуы мен құқықтары. Соңғы өлшем бойынша есептесек, Қазақстан 144 елдің ішінде 93-орынға түседі.

Осылайша, сарапшы тұтас Орталық Азияға телуге болар-болмасы әлі дәлелденуі тиіс гипотеза ғана ұсынған. Сондықтан бұл – дәлелден факт емес, гендерлік теңдік саласындағы зерттелуі тиіс жаңа бағыт.

Дата-журналист, медиа-тренер. Изучаю журналистику и государственную политику. Целью в профессиональной деятельности является развитие казахстанского общества посредством борьбы против распространения ложной информации в период инфодемии и не только.

Factcheck.kz