Жапонияның күні шығып келе ме?

ТОКИО – Өткен айда Chatham House/Daiwa зерттеу институты Токиода ұйымдастырған Брекзиттен кейінгі Жапония-Ұлыбритания қарым-қатынасы туралы конференцияға қатыстым. Бұл – алты жылдай уақыт бұрын Goldman Sachs-тан кеткеннен кейінгі Жапонияға алғашқы сапарым. Осы сапарға дейін, 1988 жылдан бастап бұл елге жиі барып тұрғанмын, сондықтан жағдайды сырт көз ретінде бақылауыма мүмкіндік болды.

Жалпы алғанда, 2019 жылғы Жапония басқа дамыған елдермен салыстырғанда анағұрлым тұрақты көрінеді. Он жылдан кейін де Жапония G7 елдері арасында ең жоғары шынайы ЖІӨ өсімін (инфляциядан кейінгі) көрсетіп тұрса, бұған таңқалмас едім.

Иә, қазір Жапонияның орташа ЖІӨ өсімі тек 1,1% ғана, бірақ халық саны кеміп, жұмыс күші азайып бара жатқандықтан, бұл адам басына шаққандағы өсімді арттырады. Шындығында, елдің демографиялық мәселелерін ескерер болсақ, ол өзінің ұзақмерзімдік даму әлеуетінен асып түскен болуы мүмкін.

Оның үстіне, Жапония үкіметі болашақ даму үшін иммиграцияның қажет болатынын мойындап, шетелдік жұмысшылардың кей түрлерін тарту жоспарын жариялай бастады. Бұл кемінде осыдан жиырма жыл бұрын-ақ аян болатын. Сонда да, Еуропа мен АҚШ-тағы жаһандануға қарсы наразылыққа зер салсақ, Жапонияның ұзақтан бері иммиграцияны қолдайтын стратегияны қабылдамай келуі бұрынғыдағыдай қателік болып көрінбейді.

Биыл Синдзо Абэ Жапония тарихындағы ең ұзақ үкімет басқарған премьер-министр атанбақ. Лидерлер “бос орындық” ойынын ойнап келген жиырма жылдан соң ол Жапонияға үлкен тұрақтылық әкелді. Мәселен, ол қол қойған экономикалық стратегия (”Абэномика”) біраз жетістікке жетті. Жан басына шаққанда ЖІӨ көлемі күрт артқанымен қоса, Жапониядағы тұрақты дефляция да бітуге таяған сияқты, оның үстіне еңбек нарығында әйелдердің үлесі де арта бастаған.

Бұған қоса, Жапония сандық жеңілдетудің (QE) жиырма жылдық белесіне жақындап келеді. Бұл дәстүрлі емес саясаттың бұлайша ұзаққа жалғасуының бір себебі – ол тоқтап қалса не істеу керектігін ешкімнің білмейтінінде болса керек. Дегенмен, оның жалғасуының тағы бір себебі – өтімділікке көп қаражат құйып, компанияларды жалақыны көтеруге үгіттеу шараларын жүргізгеніне қарамастан, инфляция Абэнің Жапония банкіне тапсырғанындай, 2%-дан төмен болып тұр.

Осындай жағдайда сандық жеңілдетуді тоқтатудың реті жоқ. Дегенмен, оны тоқтаусыз жүргізе берудің қисындылығына да күмәнмен қарауға болады. Біршама қаржы-несие тәуекеліне бармайынша, Жапония банкі 2 пайыздық инфляция деңгейіне жете алмасы анық. Оның үстіне, 2 пайыздық нысананың да ақылға қонымды екеніне сенім жоқ. Солай болған күннің өзінде басқа саяси басымдықтардың есебінен мұндай тар ауқымдағы мақсатқа ұмтылудың қаупі көп. 1990 жылдары көп ел мұның ауыр зардабын тартқан.

Соған қарамастан, Жапония банкі қазіргі тәсілді ең құрығанда Абэ биліктен кеткенге дейін сақтап қалмақ. Басты сұрақ: Ол кеткен соң не болмақ? Жапония банкі облигациялар мен акциялар нарығындағы тым бұрмалағыш факторға айналғаны сондай, оның сандық жеңілдеуді бәсеңдетуінің жаһандық экономикаға тигізер зардабы көп болуы мүмкін. Сапалық жеңілдету үкіметтің қарыз позициясының күрт жақсаруымен сәйкес келмейінше (бұл мүмкін емес нәрсе), облигация бағасы төңірегіндегі жағдай қиын болмақ.

Жапония банкі елдегі көп компаниялардың ең ірі акционерлерінің ондығына енгендіктен, бұл акцияларға да әсер етуі мүмкін. Бір жағынан, Жапония банкі акцияларды сатып алуды тоқтатса, онда акция нарығы бұрмалаудан аз зардап шегетін болады, және жекелеген акцияларды сараптау мүмкіндігі артады. Жапонияда тұтыну салығын арттыру жоспарымен қоса, бұл айнымалылар алдағы біраз уақытта қаржы сарапшыларын толғандыратын жайтқа айналуы мүмкін.

Жақында өткен конференцияның ауқымдырақ тақырыбына келсек, әр елдің экономикалық жағдайының ерекшелігіне байланысты Брекзиттен кейінгі Ұлыбритания мен Жапония арасында бұрын мен ойлағаннан да көп ынтымақтастық мүмкіндігі бар екен.

Мәселен, Қытаймен арадағы күрделі қарым-қатынасты басқаруда орасан зор тәжірибе жинаған Жапонияның басқа дамыған елдерге де айтар ақылы бар шығар. Әлем елдері үшін Қытай дамуының игілігін көруден бастап қауіпсіздік, кибер және қаржы тәуекелдерінің алдын алу мәселелерінің арасында тепе-теңдік табу – басты мақсат.

Ұлыбританиядағы саясаткерлер де Абэнің мәліметтерді қорғау және киберқауіпсіздік бойынша көбірек ынтымақтасу жөніндегі энтузиазмын қолдайды деп ойлаймын. Бұл тақырып маусым айында Осакада болатын G20 саммитінде кеңінен талқыланбақ. Олар, сондай-ақ, Жапонияның қолайлы ережелерге негізделген әлемдік басқаруға ұмтылысын қолдайтын шығар. Сонымен бірге, олардың Жапонияның бүкіл Азия елдерімен және Еуропа одағымен сауда келісімдерін арттырудағы жетістігінен көп үйренері бар. Егер Ұлыбритания сауда мәселелерін жеке-дара шешуді ұйғарса, оның Жапониямен арадағы коммерциялық қарым-қатынасты нығайтуы өте-мөте қажет.

Кім біледі, егер Абэнің Ресей президенті Владимир Путинмен арадағы “увертюрасы” нәтиже берсе, ол біздің барлығымызға “Кремльтану” бойынша бірдеңе үйретуі мүмкін. Бірақ бұл мәселеде үміт тізгінін тартып отырарымыз анық.

Жапонияның күні шығып келе ме?Джим O’Нейл – Goldman Sachs Asset Management төрағасы, Ұлыбританияның бұрынғы қаржы министрі, Chatham House басшысы.

 Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz