Жаңа қырғиқабақ соғыстың шығыны

Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасындағы ушығып бара жатқан геосаяси бәсекені “жаңа қырғиқабақ соғыс” деп атаған дұрыс шығар. Дегенмен бұл сипаттама жаңа бәсекенің АҚШ пен Совет одағы арасындағы қырғиқабақ соғыстан түбірімен өзге екенін дәлелдейтін айқын, бірақ әлі жұрт толық түсіне қоймаған шынайылықты көмескілемеуі керек.

“Оп-оңай жеңеміз”

ХХ ғасырдағы қырғиқабақ соғыс екі әскери альянсты бір-біріне қарсы қойды. Ал Қытай мен Америка арасындағы бақталастық өз араларында да, басқа әлеммен де өте тығыз интегацияланған экономикаларды қамтып отыр. Сондықтан осы күнгі қырғиқабақ соғыстың ең кескілескен ұрысы, айталық Оңтүстік Қытай теңізінде не Тайвань бұғазында емес, экономикалық майданда (сауда, технология және инвестиция) жүреді.

Американың кей стратегиялық ойшылдары осыны түсініп, қазір “АҚШ бұл қырғиқабақ соғыста жеңгісі келсе, Қытаймен коммерциялық байланыстарын үзіп, одақтастарын да осылай істеуге көндіруі керек” деп санайды. Бірақ, қазір жүріп жатқан екіжақты сауда соғысы мұны айту оңай болғанмен, жүзеге асыру қиын екенін дәлелдеді. АҚШ президенті Дональд Трамптың “оп-оңай жеңеміз” деген мәлімдемесіне қарамастан, АҚШ-тың сауда дефициті артып келе жатса да, бұл соғыстың шығыны көп болғаны сондай, Трамп қазір эскалацияның екінші кезеңі туралы ойлап жүрген сияқты.

Huawei Huawei болғалы…

Геосаяси әлеуеті күшті АҚШ-тың өзі экономикалық ажырасудың шығынын жабудан қиналып жатқанда, көбі Қытайдың тікелей қаупін сезіп тұрмаған басқа одақтастары оның істегенін қайталауға қарсылық білдіреді. Олардың тізгін тартуы Американың Қытайдың телекоммуникация алпауыты – Huawei-ге қарсы агрессивті науқанына берген жауабынан байқалды.

Әзірге бұл науқан аясында Huawei-дің атқарушы директоры Мэн Ваньчжоуды (Канадада) тұтқындап, компанияға Иранға салынған санкцияны бұзғаны және АҚШ технологиясын ұрлағаны үшін айып тағып, іс қозғаудан басталды. Трамп әкімшілігі, сондай-ақ, келесі буын – 5G мобильдік технология саласының әлемдік алпауыты – Huawei-ді сымсыз коммуникация желілерінен аулақ ұстауға шақырды.

Huawei-ге Батыс елдерінде 5G желілерін салуды сеніп тапсыруға қарсы уәждердің салмағы бар. Қытай үкіметінің елдегі компанияларға шексіз билік жүргізетінін ескерсек, 5G желісіне Huawei технологиясын енгізу қауіпсіздікке қатер төндірері анық. Қымбат құрал-жабдықты ала алмайтын (әрі Қытайдың билеп-төстеуінен онша қорықпайтын) елдер, бәлкім, бұл тәуекелге бас тіге алар. Бірақ, бұған Американың одақтастары келісе қоймас.

Иә, әзірге АҚШ-тың Huawei-ге тыйым салу талабын тек Австралия мен Жаңа Зеландия ғана орындады. Канада солардың қатарына қосылуды ойластырып жатыр, ал Европа елдері болса, Трамп әкімшілігіне сес көрсетуде. Мәселен, Ұлыбритания мен Германия өз 5G желілерін салуда Huawei-ге рұқсат беретіндерін айтып отыр. Оңтүстік Корея мен Үндістан да АҚШ-тың Huawei-ді кіргізбе деген қысымына көндікпеді.

Ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қарамастан, Huawei-ге тыйым салу шығындарды арттырып, жұмысты кешеуілдетуі мүмкін. Оның үстіне, АҚШ екіойлы одақтастарына еш сыйақы не өтемақы ұсынбады.

Жеңіс жылдам келмейді…

Бұл АҚШ жаңа қырғиқабақ соғыс кезінде бетпе-бет келетін жаңа сын-қатерді айғақтап берді. Америка ақыр соңында жеңіске жетер-ау, бірақ ол соншалық арзанға соқпас. Үстемдікке жетудегі шешуші шара – Қытайды экономикалық тұрғыда оқшаулау АҚШ-ты өз шығындарын жауып қана қоймай, одақтастарының шығындарын да өтеп беруге мәжбүр етеді.

Жеңіс жылдам келмейді, әсіресе егер АҚШ қысқамерзімді жеңіске құштар болып қала берсе (мәселен Қытайдың Америка соясын және энергетика өнімдерін көптеп сатып алу туралы уәдесі), ол ұзақ мерзімде өзіне және өз одақтастарына пайда келтіретін жүйелік өзгерістерді ынталандыруға қауқарсыз болып қалады. Бұл оппортунизм АҚШ одақтастарын Американың Қытаймен экономикалық текетіреске тас-түйін кіріскеніне күмәндандырып, олардың еш себепсіз қысқа мерзімдік шығынға ұшыраймыз деген қаупін арттырады.

Трамп әкімшілігі қазірдің өзінде одақтастарының экономикалық мүдделеріне бас қатырмайтынын көрсетті. Трамп әкімшілігінің болат пен алюминий импортына енгізген тарифінен ең алдымен АҚШ одақтастары жапа шекті, енді Америка мұны әрі қарай жалғап, Еуропа пен Жапония автокөліктеріне тариф енгіземіз деп жатыр. Ақпарат құралдарының жазуынша, Трамп тіпті одақтастарынан өз аумағындағы АҚШ әскерін ұстап тұру шығынын толық өтеткізіп, тағы 50 пайыз ақы төлеуді талап етуді қарастырып жатса керек.

Трамптың әдісі Американың адалдығының жоқтығын ғана емес, АҚШ-тың өз экономикалық тетіктерін күшейтпек түгіл, ұстап тұру бойынша бағдары жоқ екенін білдіреді. Есіңізде болса, Ақ үйге келе сала Трамп Қытайдың Азия – Тынық мұхит аймағында экономикалық үстемдігінің алдын алу үшін жасалған келісім – Транс-Тынық мұхит әріптестігінен шығып кетті.

Қытайға қарсы жаңа қырғиқабақ соғыста идеологияның, тіпті қарудың күшімен емес, геосаяси күрес жүргізу үшін экономикалық стимулдарды қолдану арқылы жеңіске жетеді. Тек Американың сараңдығын күшейтетін стратегия жеңіске жетпейді. Өз одақтастарымен әр тиын үшін саудаласу арқылы АҚШ өз қаруынан өзі айырылып жатыр.

Жаңа қырғиқабақ соғыстың шығыныМиньсин Пей – Клэрмонт Маккенна колледжінде саяси басқару профессоры, China’s Crony Capitalism кітабының авторы, Конгресс кітапханасының АҚШ-Қытай қарым-қатынасы бөлімінің басшысы.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz