Жалған | Скандинавия елдері инцесті заңдастырмақ

“Еуропада инцесті заңдастырмақ” деген мәндегі xат-xабарламалар желіде жиі көрініп қалады. Мәселен, 2017 жылдың қарашасында жарияланған мына бір постыға қараңыздар – 50 мың қолданушы бөлісіп, 5 мыңдай адам “реакция” білдірген. Видеоны мына сілтемеден көріңіз.

Инцест в СкандинавииGoogle-дің сурет іздеу функциясының көмегімен видеодан бір скрин алып, репортаждың 2013 жылы маусымның 2-сінде жарияланған “Оқиға ортасынан Анна Проxоровамен” бағдарламасынан алынғанын анықтадық.

Ремарка: Репортажда фактчекингке сұранып тұрған өзге де тұжырымдар бар, бірақ құшағымызға сыймайтын нәрсеге ұмтылмай-ақ, педофилияны жанама қозғап, инцестің заңдастырылуын талдайық.

Репортажда скандинавиялық елдерден (Швеция, Норвегия, Дания мен Исландиядан) бөлек Голландия, Германия мен Швейцарияның да аты аталғандықтан, осы елдердің заңнамасына көз салуға бекіндік.

Үкім: Жалған.

Скандинавия елдері, Швейцария, Германия 2013 жылы да, одан кейін де инцесті заңдастыратын қандай да бір заң жобасын қарастырмаған. Оның үстіне Еуропа елдерінің көбінде туыстар арасындағы жыныстық қатынас үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңдар бар.

Дегенмен Нидерландта, Франция, Бельгия, Португалия мен Ресей ересектер (“жыныстық келісім жасын” қараңыз) арасындағы инцеске заң тыйым салмайды. Яғни, бұл елдерде қаны бір туыстар толықтай заңды түрде жыныстық қатынаспен айналыса алады.

Акцентті дұрыс қояйық

Инцест пен педофилия – мағынасынан да, заңдық жағынан да мүлдем бөлек ұғымдар. Ересек туыстар арасындағы жақындықтың кәмілет жасынан толмаған балалармен жыныстық байланысқа түсудің ешқандай қатысы жоқ.

Кәмілетке толмаған бала өз перзентің бе, өзгенің баласы ма – бәрібір, оларды азғындау көп елде қылмыс болып саналады.

Швеция

Швецияға келгенде қолда бар заңнама базасын ғана емес, “депутаттар мен комитеттер шынында осыны ұсынған шығар” деп, барлық баяндама мен ұсыныс сақталатын парламент жұмысының базасын да қарап шықтық. Швед риксдагындағы іздеу жүйесіне “2017-2019 жылдардағы” мәліметтер деп орнаттық та, “инцест” сөзін жаздық – осы сөз кездесетін тоғыз сілтеме шықты.

Инцест в западной Европе и гей-пропаганда

Инцест и педофилия в Европе

  1. Өзін агрессивті ұстап, туыстарын зорлайтын ерлер тәртібін профилактикалық мақсатта мемлекеттік және қоғамдық зерттеу аясындағы баяндама.
  2. Латын Америкасындағы аборт мәселесін талқылау.
  3. Сальвадорда абортқа тыйым салу мәселесін талқылау (жазбаша сауалға жауап).
  4. Бала порнографиясы мен балаларға қатысты өзге де қылмыстардың мерзімі өту жағдайын алып тастау.
  5. Сыртқы істер комитетінің Швеция және Латын Америкасының сыртқы саясаты жайлы баяндамасы.
  6. Заңгер көмекшілеріне қатысты ұсыныстар.
  7. Сексуалды қылмыстарды жазалауды қатаңдату жайлы заң жобасы (тіпті (құрбан) жыныстық қатынасқа ерікті түрде түссе де).
  8. Қылмыстық сауалдар есебі. Риксдаг есеп қорытындысы бойынша бірнеше ұсыныс айтады. Оның ішінде жыныстық зорлық үшін жазаны ауырлату мен өлтіру бабына өмір бойы түрме жазасына кесу ұсынысы да бар.
  9. Сыртқы істер комитетінің Солтүстік Африка мен таяу Шығыстағы адам құқықтарына қатысты баяндамасы.

Іздеу жүйесін 1.01.2013 — 02.06.2013 жылдар аралығындағы жарияланған ақпараттарды сұрыптап беретіндей етіп едік, үш сілтеме шықты. Бұлай етеуіміздің себебі – ТВЦ арнасындағы “Оқиға ортасында Анна Проxоровамен” бағдарламасында 2013 жылы маусымның 2-сінде айтылған деректерді тексеру.

Инцест и педофилия в Европе

  1. 2012/13:105 Парламент хаттамалары. Маусымның 15-і, сәрсенбі.
  2. Жыныстық қол сұқпау мен жыныстық еркіндікті бұзу баптары бойынша жазаны ауырлату заң жобасы.
  3. Еуропа одағы комиссиясының 2015 жылдан кейін дамудың жаһандық құрылымы жайлы ұсыныстарына шолу.

Негізі қалай: заң мен жауапкершілік

Инцест

Инцеске қатысты қылмыстық жауапкершілік Швеция қылмыстық кодексінің “жыныстық қылмыстар туралы” деп аталатын 6-тарауы 7-бөлімінде айтылады.

Перзентімен немесе одан тараған ұрпақтарымен (18 жастан жоғары) жыныстық қатынасқа түскен адамдарға – 2 жылдан көп емес мерзімге бас еркіндігінен айыру, әпкелі-бауырлы, ағалы-қарындастыларға 1 жылдан көп емес мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Педофилия

15 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түскендер, Швецияның қылмыстық кодексі бойынша, 2 жылдан 6 жылға дейінгі аралықтағы мерзімге бас бостандығынан айырылады. 6-тарау 5-бап. Тап осындай үкім бала 15 жастан жоғары болса да, бірақ 18-ге толмаса, ата-аналар мен баланы қамқорлығына алғандарға да қатысты кесіледі. Баланы зорлағандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады (бұл туралы 6-тарауда жазылған).

Қосымша: Құжатқа берілген сілтеме бойынша өтіп, автоаударма функциясын бассаңыз, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер  2018 жылдың қаңтарында күшіне енгенін, шведтер өзгеріссіз қатысты тұсын баяғыдай қалдырғанын көресіз.

Дания

Инцест

Данияның қылмыстық кодексі туыстарымен я қаны бір ағайынымен (асырап алған баласымен де) жыныстық қатынасқа түскендерді 6 жылға дейін түрме жазасына кеседі. Әпке-бауыр, іні-қарындастың төсек қатынасына үкім – 2 жыл бас бостандығынан айыру.

18 жасқа толмаған інісімен я қарындасымен жыныстық қатынасқа түскен адамға айыппұл салынады. Данияның Қылмыстық кодексіндегі мына бапқа қараңыз.

Педофилия

15 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түскендер 8 жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін (222-бап).

Тап осындай жазаға 18 жасқа толмаған баласымен (асырандылар да кіреді) жыныстық қатынасқа түскен ата-аналар да тартылады. Оқыту мен тәрбиелеу міндеті жүктелеген азаматтар (223-бап) мен өзінің қызметтік жағдайын асыра пайдаланып, 18 жастағы баланы “азғырғандар” 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін (216-бап).

Швейцария

Инцест

Швейцария қылмыстық кодексінің 6-тарауы 213-бабына сәйкес, қаны бір туысымен көңіл қосқандар мен кәмілет жасына толған я толмаған туысымен төсек қатынасына түскендер 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, я айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Педофилия

Швейцария қылмыстық кодексінің 5-тарау 187-бабына сәйкес, 16 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түскендер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады не айыппұл төлеуге міндеттеледі.  Еңбек қатынасындағы, не білім алушы я өзге жағдайында жүрген 16 жастан асқан баланы мәжбүрлеп төсекке тартқандар 3 жылға дейін түрме жазасы я айыппұл төлеу міндеттеледі.

Зорлау бабы бойынша қандай жаза тағайындалатынын 189, 191-баптардан көруге болады.

2003 жылы және 2006 жылы Швейцария парламенті 187-бап бойынша тағайындалатын жазаны күшейтіп, бас бостандығын шектеу мерзімін 10 жылға ұзартуды ұсынған.

Германия

Инцест

Германия қылмыстық кодексінің 173-параграфы 12-тарауына сәйкес, биологиялық туысқанымен көңіл қосқандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

*жақын туысымен немесе ағасы/қарындасымен жақын болғандарға 2 жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы кесіледі. Бірақ ағасы/қарындасы я туысы жыныстық қатынасқа түскен уақытта 18 жаста болса, бұл әрекет заңмен қудаланбайды.

Педофилия

Германия қылмыстық кодексінде бұл әрекетке түрліше баға беріліп, әрқайсына әрқилы жаза тағайындалады:

  • 14 жасқа толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түскені үшін (176-параграфтың 13-бөлімі – 6 айдан 10 жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы, аса ауыр емес жағдайда 5 жылға дейін я айыппұл жазасы кесіледі. (Балаларға жасалған ауыр сексуалдық қылмыстар туралы жазылған 176-параграфтың А бөлімшесі мен Балаларға қатыстық жасалған өліммен аяқталған сексуалдық қылмыс жайлы айтылған 176-параграфтың Б бөлімшесін қараңыз).
  • 14-18 жастағы жасөспірімдерді жыныстық заңбұзушылықтар үшін (182-параграфтың 13-бөлімі – 5 жылға дейін бас еркіндігінен айыру немеме айыппұл).
  • қамқорлығындағы балаларға қатысты жыныстық заңбұзушылық үшін (174-параграф – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру мен айыппұл салу).

Зорлауға тағайындалатын жазаны мына жақтан көруге болады.

Голландия

Туыстар арасындағы жыныстық қатынас заңмен қудаланбайды.

Педофилия

12 жасқа толмаған балаларға сексуалдық әрекет жасағандар 12 жылға бас еркіндігінен айырылады, я айыппұл төлеуге міндеттеледі (244-бап). 12-16 жас аралығындағы балаларға бұлай еткендерге 8 жыл бас еркіндігінен айыру жазасы кесіледі (245-бап). Зорлауға тағайындалатын қылмыстық жауапкершілік (242-бап) – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру я айыппұл немесе 8 жылға дейін түрме жазасы я айыппұл төлеу (246-бап).

Норвегия

Инцест

Норвегия қылмыстық кодексінің 197-параграфына сәйкес, биологиялық я асырап алған туысымен жыныстық қатынасқа түскендер 5 жылға дейін түрмеде отырады. Бауырымен жақын болғандар 1 жылға дейін бас еркіндігінен айырылады (198-параграф). Мұндай жаза 18 жасқа толмағандарға тағайындалмайды.

Асырап алған балаларымен, жиендерімен, немерелерімен, қамқорлығына алған 18 жасқа толмаған балаларымен жыныстық қатынасқа түскендерге 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі (199-параграф).

Жыныстық қатынасқа түсуге жағдай жасап беретін азамат та туыстығына қарай осындай жазаға тартылады.

Педофилия

Жалпы азаматтық қылмыстық кодекске сәйкес, 16 жасқа толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түскендерге – 6 жылға дейін, кейбір жағдайда 15 жылға (196-параграф) дейін бас еркіндігінен айыру жазасы кесіледі. 14 жасқа толмаған баламен жақын болу (195-параграф бойынша) 10 жылға бас бостандығынан айырумен, салдары аса ауыр жағдайда 21 жылға дейін еркіндігінен айырумен жазаланады.

Исландия

Инцест

Исландия қылмыстық кодексінің 200-бабына сәйкес,  баласымен я өзге ұрпақтарымен  жыныстық қатынасқа түскендерге – 8 жылға дейін, бала 16 жасқа толмаса 12 жылға дейін түрме жазасы кесіледі. Баласын жыныстық бопсалағандар – 4 жылға,  бала 16-ға толмаса 6 жылға дейін түрмеге тоғытылады. Туған бауырлар арасындағы жақындық 4 жылға дейін бостандығынан айырумен жазаланады. Бауырлардың бірі не екеуі де жыныстық қатынасқа түскен уақытта 18 жасқа толмаған болса, оларға бұл жаза қолданылмайды. 201-бап бойынша, баласымен, немересімен, өгей перзентімен, асырап алған баласымен я 12 жасқа толмаған кез келген баламен жыныстық қатынасқа түскен кез келген азамат 8 жылдан 12 жылға дейін түрме жазасына кесіледі. Жыныстық бопсалау болғаны анықталса, 4 жылдан 6 жылға дейін еркіндігінен айыру үкім етіледі.

Педофилия

15 жасқа толмаған балаларға сексуалдық әрекет жасауға 1 жылдан 16 жылға дейін түрме жазасы (202-бап) кесіледі. Жыныстық бопсалауға – 6 жылға дейін; 18 жасқа толмаған баланы сыйлықпен я өзге жолмен алдап, төсекке тарту – 4 жылға дейін; 18 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түсіп, ақы төлеу 2 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Қазақ тіліне аударған – Аян Қалмұрат

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz