ЖАЛҒАН | Қытайлар мен жапондар шетелде оқуға шектеу қояды

    Фото pixabay.com сайтынан
    Фото pixabay.com сайтынан

    «Хабар» арнасындағы «Bilim» ток-шоуының кезекті саны шетелде білім алу мәселесіне арналды. Соның ішінде «Болашақ» бағдарламасының артықшылығы мен кемшілігі туралы сөз болды. Бағдарлама барысында Қытай мен Жапонияда студенттерді шетелге жіберіп оқытуға тыйым салынатыны, Қытайда студенттерді жарты не бір жылдық курстарға ғана жіберетіні, ал Жапонияда жылына 15 адам ғана шетелде оқи алатыны айтылған екен. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Фейсбуктегі ресми парақшасында жазылды.

    Скриншот ҚР Білім және ғылым министрлігінің Фейсбуктегі парақшасынан
    Скриншот ҚР Білім және ғылым министрлігінің Фейсбуктегі парақшасынан

    Үкім: Жалған

    Жапония Білім, мәдениет, спорт және технология министрлігінің сайтында келтірілген деректер мүлдем басқа. Mext.jp сайтындағы деректерге сүйенсек, 2015 жылдың өзінде ғана шетелде оқығандар саны 84 456 адам болған. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 3237 адамға артық екен.

    OECD халықаралық ұйымы таратқан мәліметтер бойынша, Америка Құрама Штаттарының өзінде ғана осы жылы 18 676 адам оқыған. Жапондар жиі баратын елдердің қатарында Америкадан кейін Канада мен Аустралия тұр.

     

    Скриншот Жапонияның Білім министрлігі сайтынан
    Скриншот Жапонияның Білім министрлігі сайтынан

    Жанна Қаршығанова, Жапонияның Waseda университеті Әлеуметтану жоғарғы мектебінің PhD студенті:

    Жапония бұрын шетелде оқытуға ақша бөлмейтін. Жекелеген фирмалар өздері жіберетін. Соңғы жылдары жағдай өзгерді. Білім министрлігінің Tobitate Japan деген арнайы бағдарламасы бар. Жылына 30 000 долларға дейін беруі мүмкін. Шетелге барып оқимын деушілерге ешқандай шектеу жоқ.

     

    Ең көп шетелдік студенттер – қытайлар

    БҰҰ деректері бойынша, 2014 жылдың өзінде Қытай жастары шетелге барып оқу жөнінен әлемде бірінші орын алған. Осы жылы Құрама Штаттардағы шетелдік студенттердің 30%-ы қытайлықтар болған екен.

    Инфографика ekd.me сайтынан
    Инфографика ekd.me сайтынан

    HED халықаралық ашық электронды журналында жарық көрген мәліметтерге сүйенсек, Қытай жастары АҚШ, Аустралия, Канада және Ұлыбританияда көп оқиды. Ал соңғы жылдары студенттерге мектеп оқушылары да қосылған.

     


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.