ЖАЛҒАН | Қазбекова: алаңға негізінен есірткіге тәуелді жандар шыққан

    Фото parlam.kz сайтынан

    Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Украинадағы қызғылт сары төңкеріс негізінен нашақорлардың көмегімен жүзеге асқанын, ал олардың алаңға метадонның кезекті дозасын алу үшін шыққанын мәлімдеген еді.

    Украинадағы қырғылт сары төңкерістен екі жыл бұрын да есірткінің осы түрі кең тараған болатын, ал төңкерістен екі күн бұрын метадон әкелінбей қалған және алаңға негізінен есірткіге тәуелді жандар шыққан. Оларды басқару оңай болған және сол жерде есірткінің қажетті мөлшері берілген.

    Сондықтан депутат Қазақстанда метадонды пайдалануға тез арада тыйым салуды талап еткен. Тіпті, Премьер-министр Бағытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал да жолдаған.

    Үкім: Жалған

    Қызғылт сары төңкеріс кезінде Украинадаға бас алаңға 200-300 мың адам шыққан. Ал дәл осы уақытта елде метадонды пайдаланатын алмастыратын қолдаушы ем бағдарламасына бар болғаны 80 адам қатысқан. 

    Украинаға қатысты деректер

    Украинадағы қылғылт сары төңкеріс 2004 жылдың соңы мен 2005 жылдың басында болғаны белгілі.

    Дереккөз: YouTube

    Сол күндердің оқиғасын бейнелеген суреттерге назар салсақ, шеруге жас шамасы әртүрлі ер адамдар мен әйелдердің, соның ішінде зейнет жасындағы адамдардың да шыққанын, сондай-ақ, алаңда күштік құрылым өкілдері болғанын көреміз. Сырт келбетіне қарап бұларды есірткіге тәуелді деп айту қиын.

    Ал алмастыратын метадон терапиясын пайдаланумен байланысты пилоттық жобалар Украинада 2004 жылы енгізілген, төңкеріске дейінгі екі жыл бұрын ол болмаған. Пилоттық жоба болғандықтан, оған азғантай ғана адам қатысқан.

    Пилоттық жоба 2004 жылы екі облыста – Киевте және Херсонда болды, 80 пациент қатысты. Ал жоба ресми түрде 2005 жылы басталды, бұл Ғаламдық қордың бірінші раунды болатын

    — Украина денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік қауіпті ауруларға бақылау жасау орталығы» мемлекеттік мекемесі Алмастыратын қолдаушы ем бағдарламаларының үйлестірушісі Тарас Гриценко осылай дейді.

    Украинадағы алмастыратын ем ресурсының деректеріне сәйкес, 2005-2007 жылдары Украинаның Денсаулық сақтау министрлігі бупренорфин және метадонды пайдалана отырып алмастыратын ем бағдарламасын енгізуді реттейтін бірқатар жекелеген бұйрықтарды бекіткен.

    2007 жылдың 18 желтоқсанында Есірткіге бақылау жасау комитеті Украина Қауіпсіздік қызметімен келісе отырып Украинаға алмастыратын қолдаушы ем қажеттілігі үшін метадонның алғашқы партиясын алып келуге сертификат берген.

    Бұдан көретініміз, Алмастыратын қолдаушы ем Украинада тек 2007 жылы ғана толыққанды жұмыс істей бастаған, яғни қызғылт сары төңкерістен кейін үш жыл өткен соң ғана.

    Терапияға қатысты деректер

    Меруерт Қазбекова метадон терапиясының ВИЧ-тің тарауына тосқауыл бола алатынына да күмән келтірген екен:

    Олар мұның бақылауда екенін айтады, ВИЧ таратпау үшін керек дейді әрі шәрбат түрінде екенін алға тартады.

    Скриншот Меруерт Қазбекованың депутаттық сауалынан

    Factcheck.kz редакциясы медицина ғылымдарының докторы, «Астана медицина университеті» АҚ Психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі Анар Қаражановаға хабарласып, депутаттың сөзінің рас-өтірігіне түсініктеме беруді өтінген еді. Метадон шын мәнінде ВИЧ тарауына тосқауыл бола алмай ма? Оны тек ауызбен емес, тамырға да пайдалануға бола ма? Бұл сауалымызға Анар Қаражанова былай деп жауап берді:

    Метадон гидрохлориді деген медициналық препарат Қазақстан Республикасына тек шәрбат түрінде әкелінеді. Дәрінің бұл түрі тек ішуге арналған, яғни шәрбатты тек қана ішуге болады.

    Кейбір елдерде Метадон гидрохлоридін құрғақ ұнтақ түрінде дайындайды, оның өзінде тек дәріханаларда ғана. Ал пациенттің қолына тек ауыз арқылы пайдаланатын түрі, яғни шәрбат қана беріледі. Әлемнің ешбір елінде Метадон ұнтақ түрінде берілмейді,

    — дейді Анар Қаражанова.

    Апиынды алмастыру терапиясы (немесе опиат агонистерімен емдеу), маманның сөзіне қарағанда, апиынға тәуелділікті емдеудегі тиімді тәсіл болып есептеледі және әлемде 1960-жылдардың соңынан бастап пайдаланылады.

    Емдеудің бұл әдісі әбден зерттелген және оның апиын пайдаланатындар арасында ВИЧ инфекцияның алдын алудағы тиімділігі де әлдеқашан көптеген ғылыми зерттеу нәтижелерімен дәлелденген.

    Апиынға тәуелділікті апиын рецепторларының күйін өзгертетін препараттармен қолдаушы емге алмастыру əдісімен емдеу фармакологиялық және психоәлеуметтік емнің жиынтығынан тұрады.

    Емдеу дұрыс ұйымдастырылған жағдайда науқас:

    • Денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін, көшеден алған мөлшері белгісіз есірткінің орнына дәрігер тағайындаған стандартты медициналық препараттың белгілі бір мөлшерін пайдаланады;
    • Тұрақты түрде медицина қызметкерінің бақылауында болады, бұл оның денсаулығындағы басқа түйткілдермен айналысуға мүмкіндік береді (мысалы, туберкулез, ВИЧ, В және С гепатиттері);
    • Препарат шәрбат түрінде ішілетіндіктен, ине салдыруды тоқтатады, осылайша оның қан арқылы жұғатын ауруларды жұқтырып алу қаупі төмендейді (ВИЧ, В және С гепатиттері, т.б.). Сонымен қатар, заңсыз психобелсенді заттарды мөлшерден артық пайдалану қаупінің алдын алады;
    • Заңсыз есірткі пайдалануды тоқтатады, яғни заңға қайшы әрекетке бармайды.

    Меруерт Қазбекова өзінің депутаттық сауалында метадонның героиннен әлденеше есе қауіпті екеніне баса назар аударады.  

    Скриншот Меруерт Қазбекованың депутаттық сауалынан

    Дәрігер Анар Қаражанова ғылыми зерттеулерде «ауыр» және «жеңіл» есірткі деген түсінік жоқ екенін айтады. Препараттың «наркогенді қасиеттері» деген мейлінше анық анықтама, бұл – тәуелділіктің қалыптасу жылдамдығын білдіретін ұғым.

    Есірткінің қуаты жоғары болған сайын оған тәуелділік тез қалыптасады. Героин мен метадон – бір топқа жататын препараттар. Олар әсер ету мезгілі жөнінен ғана ерекшеленеді және метадонның мастану кезіндегі эйфориялық әсері жоқ.

    Әлемдік тәжірибедегі деректер

    Метадон синтетикалық есірткісінің зиянынан қауіптену жөнінде де Анар Қаражанованың пікірін сұрағанбыз. Дәрігер оның себебін «қара» базарда синтетикалық ескірткінің жаңа түрлерінің пайда болуымен, соның ішінде амфетамин тобына жататын «speed» өнімдері, шегуге арналған қоспалар, синтетикалық каннабиноид тобының спайстары, синтетикалық катинон тобына жататын «тұздар» бар. Есірткінің бұл түрлері шын мәнінде пайдаланған адамды күйретеді, оның физикалық әсерінен бөлек, психикалық қаупі де орасан.

    Жаңа синтетикалық есірткілерге қарағанда, метадон әлемдік тәжірибеде 40 жылдан аса пайдаланылып келеді және оның фармакологиялық әсері жете зерттелген. Оған көптеген ғылыми зерттеу нәтижелері дәлел бола алады.

    Алмастыратын қолдаушы ем бағдарламасы шеңберінде метадонды ұзақ уақыт бойы пайдалану орталық жүйке жүйесінің қызметін жақсартады, науқастардың психикасын тұрақтандырады, сол арқылы науқастардың әлеуметтік реабилитациясына, олардың қоғамға қайта араласуына ықпал етеді.

    Алмастыратын қолдаушы ем – химиялық тұрғыда тәуелді науқастарды емдеудің бір ғана түрі. Наркологиялық қызметтің көрсететін қызмет түрлері көбейген сайын ол науқастар үшін тартымды бола түседі,

    — дейді Анар Қаражанова.

    Депутаттың өмірбаянына қатысты деректер

    Мәжіліс сайтынан Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің хатшысы Қазбекованың өмірбаянын қарап отырып, Меруерт ханымның медицина саласында кәсіби тәжірибесі жоқ екенін байқадық. Сондықтан, депутатты бәзбіреулердің дәлелсіз ұйғарымы немесе ел арасынан естіген қауесет адастырған болуы мүмкін деген түйін жасауға болады.


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.