Хашогги өлімінің ащы сабағы

АММАН – АҚШ-та тұратын саудиялық журналист Жамал Хашоггидің Стамбұлдағы Сауд Арабиясының консулдығында қатыгездікпен өлтірілуі және осы оқиғаның геосаясаттағы жаңғыры екі айдан бері әлемдегі ақпарат құралдарының басты тақырыбы болып келеді. Бірақ бұл жайт – аномалия емес. Халықаралық баспасөз институтының айтуынша, журналистерге қарсы қылмыс және оны орындаушылардың жазасыз қалуы – “бүгінгі әлемдегі баспасөз бостандығына төніп тұрған ең үлкен екі қауіптің бірі”.

Үкіметтер журналистерді тізгіндеу үшін жазалауды да, марапаттауды да пайдаланады. Олар ресми көзқарасты қолдаған журналистерді қаржылай не басқалай пара беру арқылы қолпаштап отырады. Ал сатылмаған журналистер басты құқықтарынан айырылып (айталық, паспорттарын жаңартпай қоюы мүмкін), абыройы төгіледі.

Бұл үшін кей автократиялық режимдер журналистерді “фейк жаңалық” тарататын “жау” деп атаған АҚШ президенті Дональд Трампты мысалға келтіреді. Тарихи тұрғыда сөз бостандығын қорғаудың ресми және бейресми механизмдерінің ең мықты үлгісін көрсетіп, айғақтама журналистиканың озық дәстүрін қалыптастырған Америка Құрама Штаттары үшін бұд – үлкен шегініс.

Билікке қарап сөз айтқан батыл журналистердің аузын жабудың автократиялық режимдер жақсы көретін тағы бір әдісі  – түрмеге қамау. Египетте “әл-Жазира” журналисі Махмұд Хусейн екі жылдан бері ешқандай сотсыз абақтыда отыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде йорданиялық журналист Тайсир әл-Нажар әлеуметтік желідегі посты үшін үш жыл түрме жазасын өтеп жатыр. Отбасы оған салынған 136 мың долларлық ауыр айыппұлды өтей алмаса, жазасы әрі қарай созылуы мүмкін. 2016 жылғы шілдедегі болмай қалған төңкерістен бері Түркияда 150-ден астам журналист түрмеге қамалды, сөйтіп бұл ел – әлемдегі ең көп журналист қамауда отырған елге айналды.

Бұған шындық үшін өз өмірлерін құрбан етуге мәжбүр болған журналистерді қосыңыз.

Бір есеп бойынша, биыл 73 журналист өлтірілген, ал 12 елде журналистерді өлтірген 5-тен аса қылмыс ашылмаған күйі қалған. Бұл тізімде Ирак, Сомали, Сирия сияқты зомбылық жайлаған елдер ғана емес, Бразилия, Үндістан, Нигерия, Ресей сияқты демократиялық (яки квази-демократиялық) мемлекеттер бар.

Көпшілігі АҚШ-пен не Батыстың басқа елдерімен одақтасқан бұл елдер өз әрекеттері үшін саяси не дипломатиялық тұрғыдан еш жапа шекпейді. Бұл тұрғыда Хашоггидің қазасы үлкен ой тастайды.

Хашоггиді өлтіруге Саудияның крон-принці Мұхаммед бин Салман тапсырма берді деген болжам бар. Бин Салман өз имиджін жақсарту үшін аймақты аралап жүргенде Сауд Арабиясынан келетін қаржылық көмектің игілігін көріп отырған я оған тәуелді елдердің журналистеріне  және құқық қорғаушыларына Хашогги жайында ләм-мим демеуге сыпайы түрде (кейде тіпті дөрекі түрде) өтініш жасалған.

Мәселен, араб елдерінің көбінде “бауырлас не дос елдің” беделін түсіретін әрекет жасау я материал жарилау қылмыс саналады. Сондықтан, бин Салманның жақында жасаған сапары кезінде Тунистегі адам құқықтарын қорғаушылар наразылық блдіргенімен, басқа араб елдеріндегі белсенділер Саудия басшысының әрекеттеріне қарсы болса да, түрмеге қамалудан қорқып, үнсіз қалды.

Тіпті Батыстағы кей елдер табандылық танытпады. Мәселен, Трамп корольдікпен арадағы қару-жарақ келісім-шарттарын сақтап қалу үшін АҚШ-тың жақын одақтасы – Сауд Арабиясы жағында қалатынын айтты.

Ашық пікір білдіруге батылы барған аз ғана топ – Израиль оккупациясында тұрып жатқан палестин журналистері. Палестинаның 150-ден аса тәуелсіз журналисі Avaaz  сайтындағы петицияға қол қойып, онда Хашоггидің өлтірілуін “журналистердің өміріне, олардың пікір білдіру еркіндігіне, журналистік қызмет еркіндігіне және қоғамның ақпаратты білу құқығына қатер төндіретін қауіпті прецедент” деп атады.

Петиция Хашогги ісінің ауқымынан шығып, “журналистерді қорғайтын, олардың еркін жұмыс істеуіне кепілдік беретін және бұл құқықты бұзғандарды жазалайтын” міндеттеуші заң қабылдауға шақырған.

Журналистерге қарсы қылмыстың қаншалық кең таралғанын және қоғам үшін олардың жұмысының қаншалық маңызды екенін ескерсек, бұл петицияны баспасөз бостандығы шектелген не оған қауіп төніп тұрған елдердің барлық азаматтары қолдағаны жөн.

Хашогги өлімінің ащы сабағыДауд Куттаб – Принстон университетінің журналистика бойынша бұрынғы профессоры, Халықаралық баспасөз институтындағы баспасөз бостандығы комитетінің төрағасы. Оған “Туиттерде” жазылыңыз twitter.com/daoudkuttab.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz