Хашогги оқиғасынан кейінгі АҚШ-Саудия қатынасы

АҚШ-та бұрыннан тұрып жатқан саударабиялық диссидент журналист Жамал Хашоггидің корольдіктің Стамбұлдағы консулдығында өлтірілуі мүмкін деген ақпарат сыни пікірдің өршуіне себеп болды. АҚШ конгресінде демократтар да, республикалықтар да егер Сауд Арабиясы үкіметінің Хашоггиді өлтіргені рас болса, онда бұл елге қару сатуды доғарып, қарсы санкция салуға уәде берді.

Дегенмен, барлық дәлелдер мемлекеттің қолдауымен қастандық жасалғанын айғақтап тұрса да, екіжақты қарым-қатынасқа бәлендей нұқсан келген жоқ және дипломатиялық байланыстарды үзу мәселесі де күн тәртібінде тұрған жоқ.

Бір адамның өлімі қарым-қатынасқа әсер ете қоймас, себебі Сауд Арабиясы – АҚШ үшін шешуші әріптес. Оқиғаның кері әсерін тоқтату үшін жаңа одақтастар ескі лоббистермен жұмыс істеп жатқандықтан, бұл жайт ғашықтардың арасындағы өкпелесу іспетті ғана болатын түрі бар.

Президенттер мен шейхтер

Билл Клинтон

Американың сыртқы саясатындағы Сауд Арабиясының ерекше рөлі – АҚШ президенті тек тәжірибе арқылы көз жеткізетін жайт. Билл Клинтон президент болып сайланған соң оның кеңесшілері Джорд Буштың саясатынан алшақтауға тырысып бақты. Клинтонның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Энтони Лейк енгізген өзгерістердің бірі – Рейган және Буш әкімшіліктерінің кезінде Ақ үйге кедергісіз кіріп келген Сауд Арабиясының елшісі Бандар бин Сұлтанды бұл құқығынан айырды. Бин Сұлтан басқа елшілер сияқты қабылданатын болды.

Алайда, көп ұзамастан, Клинтон Бандарға көңіл жылытты, сөйтіп Бандар мен король әулеті Араб-Израиль бейбіт келіссөздерінен бастап Иракқа дейінгі барлық мәселерде Клинтонның аймақтық саясатындағы шешуші рөлге ие болды. 1993 жылы Израиль-Палестина келісімін атап өту салтанатында Ескі және Жаңа кітаптармен бірге Құраннан дәйексөз қосу керек болғанда ол Сауд елшісінен көмек сұрады.

Дональд Трамп

Билікке келгенге дейін Дональд Трамп саудиялықтарды сөзбен түйреді, корольдікті Американы пайдасына жаратып жүрген арамтамақтардың қатарына қосып, олардан мұнай алуды тоқтатамын деп қорқытып жүрді. Бірақ АҚШ президенті ретіндегі шетелге алғашқы сапары барысында саудиялықтар қылыш биін билеп, корольдіктің ең жоғары марапатын ұсынған соң ол жуасып қалды.

9/11

Тіпті 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуыл да қарым-қатынасқа кесірін тигізе алмады. “Әл-Каида” басшысы Осама бен Ладен де, ұшақты айдап әкеткен 19 адамның 15-і де корольдік азаматтары болса да, Саудияның жоғары лауазымды басшылары оларға еш қатысы жоқ екендерін айтты. 2002 жылғы қарашадағы сұхбатында Сауд Арабиясының ішкі істер министрі “бұл мүмкін емес” деумен шектеліп, есесіне шабуылдарды “пайдаланып” жатқан еврейлерге кінә артты және террорлық ұйымдармен байланысы бар деп Израиль барлау қызметін айыптады.

Америкалықтар ашудан булықты, ал “қырғиқабақ соғыс” кезінде ортақ мүдделердің арқасында қалыптасқан зайырлы демократия мен құпия теократияның ебедейсіз одағы құндылықтар арасындағы терең жардың кесірінен құрдымға кететіндей көрінген. Алайда, бұл альянс аман қалмақ түгіл, іргесін бекіте түсті. Джордж Буш 2003 жылы Иракқа шабуыл жасар кезде Бандар оған ойын айтып, кеңес берген.

Риторика мен шындық

Хашогги жоғалып кеткен соң Америка саясаткерлері риториканы қайта күшейтіп жатыр. Түріктер журналисті өлтірген сәттің аудио, видео таспалары бар деп отыр. Сенатор Линдси Грэм “Шынымен солай болған болса, бұл үшін қатаң жаза қолдану керек” десе, сенатор Бенджамин Кардин Саудияның жоғары лауазымды басшыларына санкция салу керек деп қорқытты.

Бірақ, Сауд Арабиясының қолында көзірдің көптігі сондай, Америка оп-оңай бұл райынан қайтады.

Өзіндегі тақтатас қорының арқасында сауд мұнайына тәуелділіктен құтылғанымен, өнім өндіруді реттеу және нарықты тұрақтандыру үшін АҚШ корольдікті қажет етеді. Американың қорғаныс саласындағы мердігерлері корольдіктегі миллиардтаған доллар келісім-шарттарға тәуелді. Жиһадшыларды талқандап, олардың жоспарын бұзу үшін барлау саласындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бірақ, ең бастысы – Сауд Арабиясы Иранның экспансионизміне қарсы тұра алатын араб әлеміндегі ең басты тірек. Иранның астыртын әрекеттерін тоқтату үшін корольдік Ливанда, Сирияда және Йеменде өз “өкілдерін” қолдап отыр.  Хашоггидің қазасына байланысты Сауд Арабиясын жауапқа тартпақ болған кез келген әрекет АҚШ-ты көп шаруаны өз мойнына алуға мәжбүрлейді, ал оған мұны басқаларға бере салу әлдеқайда ыңғайлы.

“Ұр, Тоқпағым, ұр!”

Америка көптен бері бұл міндетті мойнына алудан қашқақтап келеді. Аймақтың ең басты колонизаторы және қорғаушысы болған Біріккен Корольдік мұндай үлкен қаржылық ауыртпалықты көтеруден бас тартқанда АҚШ басшылары оның орнын иеленуге келіспеді. Саяси басшылар Вьетнамға бас қатырып жатқаны сондай, олардың басқаға мойын бұруға шамасы келмеді. Оның орнына мемлекеттік хатшы Генри Киссинджер Парсы шығанағында Американың сансыз әскери техникасына сүйенген Иран мен Сауд Арабиясы үстемдік ететін жаңа жүйе ойластырды. 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Иран бұл рөлді ойнауды тоқтатса, Саудия міндетін әлі атқарып келеді.

Трамп қиын тығырыққа тірелді. Саудиялықтар шынымен Хашоггиді өлтірген болса, “қатаң жаза” қолдантынын ескерткенімен, ол Америкада жұмыс орындарының азаюына алып келетінін айтып, әскери келісім-шарттарға санкция салудан бас тартты.

Саудиялықтар үшін тек қорғаныс саласының мердігерлері ғана күресіп жатқан жоқ. Хашогги Вашингтонның басты тақырыбына айналғанға дейін Американың биік мінберлерінде өздерін мақтату үшін саудиялықтар оншақты лоббист фирмаға айына кемінде 759 мың доллар ақша төлеп келген.

Дегенмен,

Саудияға қол ұшын созатын жаңа дос табылған сияқты. Израиль үшін Иран ең басты қатерге айналғандықтан, еврей мемлекеті саудиялықтармен жақындаса бастады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың сенімді адамы Доре Голд сияқты Саудияның кешегі қас жаулары енді корольдіктің басшыларымен кездесіп жүр. Египеттің заңды сайланған үкіметін құлатқан 2013 жылғы әскери төңкерістен кейін Израиль басшылары Американың ресми тұлғаларын генералдармен тіл табысуға үгіттеді. АҚШ-тың Саудияға қарсы әрекеттері Иранға қарсы өз стратегиясына қауіп төндірсе, олар да осылай істейтін шығар.

АҚШ пен Сауд Арабиясының арасындағы қарым-қатынас құбылып отырады, ондағы қиындықтар мен дау-дамайлар көбіне бұқара көзінен тасада жүріп келеді. Және қарым-қатынас сақталып, тіпті нығайып отырды. Хашоггидің жоғалуы төңірегіндегі бұл жағдай да ортақ мүдделер мен өзара тәуелділік саудиялықтарды АҚШ-тың басқа одақтастарынан күтілетін стандарттарға тарту мақсатынан басымырақ түсетін тәрізді.

Хашогги оқиғасынан кейінгі АҚШ-Саудия қатынасыБарак Барфи – New America зерттеу орталығының ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz