Веймар Республикасының он сабағы

1949 жылы Германия Федеративтік Республикасы құрылғалы бері немістер 1930-жылдардың басындағы Веймар Республикасының күйреп, нацизмнің бас көтерген сәтін үреймен еске алады. Бірақ демократиялық елдердің көбінде шиеленіс пен авторитаризм күшейіп жатқан қазіргі кезде ол заманның ащы сабақтарын басқалар да есте ұстауы тиіс.

Біріншіден, инфляция спиралі, депрессия және банк дағдарысы тәрізді экономикалық күйзелістер қай уақытта да кез келген үкімет үшін үлкен сын-қатер болып келеді. Экономикалық әлсіздік пен дағдарыс халықтың ойында  “басқа кез келген режим бұдан жақсырақ” деген сенім қалыптастырады. Бұл – тек Веймардың емес, демократияның экономикалық логикасы турасындағы көп зерттеудің қорытындысы.

Екінші басты сабақ – экономикалық ахуал қиындаған тұста пропорционалды өкілдік жүйесі жағдайды одан сайын нашарлатып жібереді.

Ел саяси тұрғыдан бөлшектенгенде пропорционалды жүйе өзара қабыспайтын электоралдық көпшілікті билікке әкеледі, ол көбіне “жүйені” мүлде қабылдамайтын, және бұдан басқа ештеңені мойындамайтын әсіресолшылдар мен әсіреоңшылдардан құралады.

Бірге қарастырғанда бұл екі сабақ саясаттанушылардың Веймар тәжірибесіне қатысты ескі даналығының көрінісі саналады. Алайда, бұл екі сабақ көбіне бөлек қарастырылады, сондықтан бұл қауіпті тоқмейілсуге алып келеді. Бірінші аргумент “тек аса ауыр экономикалық дағдарыс қана саяси жүйеге қауіп төндіреді” деп сендірсе, екінші аргумент “пропорционалды емес жүйелер әлдеқайда мығым” деген жаңсақ тұжырымға жетелейді.

Тоқмейілсуге жол бермеу үшін Веймар дәуірінің тағы сегіз сабағын қарастырып көрейік. Біріншіден, референдум – қауіпті, әсіресе ол сирек қолданылса және электораттың ол бойынша тәжірибесі аз болса. Веймар Республикасында национал-социалистер 1929 жылға қарай мүлде көрінбей кетті десе болады. Дегенмен, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қайта құруға байланысты референдум кезінде белсенді науқан жүргізген олар қайта бас көтерді.

Екіншіден, заң талап етпесе де парламентті тарату –  өте қауіпті. Тіпті жаңа сайлау тағайындауға негіз болатын дауыс берудің өзі демократияның сәтсіздігін мойындау сияқты көрінуі мүмкін. 1932 жылғы шілдедегі заңдық тұрғыда қажеттігі болмаған, бірақ еркін сайлауда нацистер ең көп дауыс (37%) жинады. Мұның алдындағы сайлау екі жылға жетпейтін мерзім ішінде өткен, ал келесісі тек 1934 жылы болуы тиіс еді.

Үшіншіден, конституциялар жүйені үнемі қорғай алмайды.

Веймар конституциясы – сол заманның ең сұңғыла да зиялы білгірлері (арасында Макс Вебер бар) жазған ең тамаша құжат болатын. Бірақ сыртқы саясаттағы драма, яки ішкі дүрбелең сияқты күтпеген оқиғалар басталып, құқық шеңберінен тыс төтенше шаралар қолдану керек деген түсінік қалыптасса, конституцияның қорғаны әп-сәтте қирап қалады. Мұндай оқиғаларды демократияның жаулары тұтандыруы мүмкін. Осыған ұқсас төртінші сабақ – сахнаның сыртындағы бизнес-лоббистер парламенттегі фракциялардың арасында келісімге кедергі келтіру арқылы кесірлі рөл атқаруы ықтимал.

Бесіншіден, саяси серкелер оппоненттерін құбыжық жасайтын саяси мәдениет демократияға зиян келтіреді.

Веймар Республикасында бұл құбылыс нацистер елеулі күшке айналғанға дейін-ақ көрініс таба бастады. Оңшыл-националистер антисемиттік пиғылмен үсті-үстіне кемсітіп жүріп, ақыры 1922 жылы Сыртқы істер министрі Вальтер Ратенауды қастандық жасап өлтірді. Көп ұзамастан орташыл-оңшыл католик канцлер Йозеф Вирт парламенттегі оңшыл партияларға қарата: “Демократия керек, бірақ үстелді тарс еткізіп “енді билік біздікі!” деп айқайлайтын демократия емес”, – деген еді. Оның “Жау – оң жақта” деген сөзі ел ішіне одан сайын іріткі салды.

Алтыншыдан, президенттің өз әулеті елге қатер әкелуі мүмкін. Веймарда 1925 жылы қартаң фельдмаршал Пол вон Хинденбург президент болып сайланады, және ол 1932 жылы қызметке қайта отырады. 1930-жылдардың басында бірнеше рет инфаркт алған ол ақыл-есінен айырылады. Президентке барар жолдың бәрін оның әлжуаз әрі біліксіз ұлы – Оскар қадағалайды. Соның нәтижесінде президент өзіне келген келісімдердің барлығына қол қоя береді.

Жетіншіден, тіпті пропорционалдық өкілдік жүйенің өзінде саясатқа бақылау орнату үшін бүлікшіл топтың көпшілік дауыс жинауы міндетті емес.

Нацистердің ең көп жинаған дауысы – 37 пайыз (1932 жылғы шілдеде). Сол жылғы қарашада өткен тағы бір сайлауда олардың қолдаушысы азайып, 33 пайыз дауыс жинаған. Өкінішке қарай, осы құлдыраудан соң басқа партиялар нацистердің әлеуетін толық бағаламай, оларды коалиция құруға ғана қабілетті күш деп қарастырды.

Сегізіншіден, билік наразы халыққа ауызбастырық беру арқылы біраз уақыт тізгінді ұстап отыруы мүмкін, бірақ бұл ұзақ жалғаса алмайды. Веймар заманында Германия үкіметі муниципалдық тұрғынүйді оңды-солды таратып, жергілікті билік органдары халыққа көп көмек көрсетті, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында субсидия молынан берілді, мемлекеттік қызмет түрлері сапалы болды. Бірақ үкімет бұлардың кесірінен  қарызға кірді.

Әрине, басында Веймар Республикасында ғажайып экономика қалыптасқандай көрінді. Кейіннен саясат қожырап, үкімет шетелден көмек сұрауға мәжбүр болды. Басқа елдер үкіметтің “жылдам көмек көрсетпесе, саяси апат болуы мүмкін” деген ескертуіне онша сенбеді. Ал “Германияны құтқарайық” деген сөзге өз электоратын иландыру тіпті мүмкін емес еді.

АҚШ пен Ұлыбритания сияқты мажоритарлық сайлау жүйесі қалыптасқан елдер пропорционалдық өкілдік жүйесі бар елдерге қарағанда анағұрлым орнықты деген пікір қалыптасқан. Оның үстіне, Америка мен Британияның демократиялары анағұрлым көне, олардағы саяси мәдениеттің тамыры тым терең.

Бірақ, бұл жүйелер де күндердің күнінде сыр беруі ықтимал. Мәселен, ел экономикасының ұзақ уақыт сыртқы қорларға (“басқа адамдардың ақшасына”) тәуелді болуы саяси тұрғыдан дұрыс емес болуы мүмкін. Дегенмен, АҚШ-тағы ағымдағы шот дефициті ЖІӨ-нің 3,7 пайызын, ал Ұлыбританияда 3 пайызын (биылға жасалған болжам бойынша) құрағанын ескерсек, әрі америкалық және британ сайлаушыларының оқшауланғыш ұлтшылдығы шетелдік кредиторлардың көңілін қалдырғанын назарға алсақ, бұл болжам дұрыс болуы мүмкін.

Веймар Республикасының он сабағыГарольд Джеймс – Принстон университетінің тарих және халықаралық қатынас профессоры, Халықаралық басқару саласындағы инновация орталығының аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz