“Ұлы Ердоған дәуірінің” қиындықтары

Жексенбі күні өткен ұлттық сайлауда 53 пайыздай дауыс жинаған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің жалпыхалықтық сайлауда сайланған тұңғыш президенті болу масқатына жетті. Бір жыл бұрын Ердоған конституцияға өзгерістер енгізіп, Түркияны парламенттік демократиядан орталықтандырылған президенттік жүйеге айналдырған. Енді сол өзгерістер толық күшіне енбек.

Конституцияға енген өзгерістер Ердоғанның вице-президенттерді, министрлерді және басқа да лауазымды басшыларды тағайындауына мүмкіндік береді. Енді ол парламентті таратып, партияға мүше бола алады, жоғары лауазымды судьяларды тағайындауда шешуші пікір айтады, заң күші бар жарлық шығарып, елде төтенше жағдай жариялай алады. Былтыр сәуірде аз ғана басым дауыспен қабылданған конституциялық өзгерістер нәтижесінде премьер-министр лауазымы алынып тасталды.  Алдағы бес жылда Ердоған Түркияның мемлекет басқарушысы, биліктегі Әділет және даму партиясының (АКР) жетекшесі және үкімет басшысы қызметтерін атқарады.

Ердоған позициясын жақсы сақтап қалды, себебі бұрынғы ереже бойынша ерте сайлау өткізу үшін президент парламент депутаттарының үштен екісінің дауысын жинауы керек. АКР парламенттегі орындардың жартысынан астамын ғана алып отырғандықтан, ол жеңіске жете алмас еді. Сөйтіп, ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бәсекелі сайлау өткізе бастағалы бергі елдің ең ықпалды басшысына айналды. Түркияның ішкі және сыртқы саясаты енді тек бір адамның көзқарасымен шешіледі.

Бұл, әрине, либерал демократияға қайшы. Оның ең басты ерекшелігі – атқарушы билікті шектеп отыратын мықты тежеу және теңгеру механизмі институты. Атқарушы президентке өте көп биліктің берілуі – үкіметтің “ұлт көшбасшысы ретінде елдің ұлттық мүддесін қорғауда президентке ешқандай кедергі болмауы керек” деген популистік көзқарасының нәтижесі. Халық президенттің іс-әрекетін әр бес жыл сайын ғана таразыға салып отырады.

Референдумда конституцияға енгізілген өзгерістерді аздаған басымдықпен қолдай отырып Түркия сайлаушылары демократиялық саясаттың популистік концепциясына қолдау білдірді. Дегенмен, екі басты фактор Ердоғанның өзіне берілген жаңа шексіз билікті пайдалануына кедергі келтіруі мүмкін.

Біріншіден, президенттік билікті жеңіп алғанымен, АКР партиясы парламенттегі басым көпшілік орнынан айырылды. 2015 жылғы қарашадағы сайлаудан жеті пунктке төмендеп, 42 пайыз дауыс жинаған партия парламенттегі 600 орынның тек 293-ін ғана иеленді. Демек, заңды қабылдату үшін Ердоған альянс құруға мәжбүр болады. Жаңа конституцияда парламенттің рөлі қатты төмендегенімен, мемлекетті тиімді басқару үшін заң шығару органын бақылау әлі де маңызды болып қалып отыр.

Ердоғанның парламенттегі ең жақын одақтасы – әсіреоңшыл Ұлтшыл қозғалыс партиясы (МНР). Сайлауда екі партия альянсқа біріккен. Ердоған 11 пайыз дауысты осы партияның электоратынан алды. Бірақ, егер ол MHP-мен тамыры терең, ұзақмерзімді одақ құратын болса, бұл Түркияның ішкі-сыртқы саясатына біршама ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл Ердоғанның саяси маневр жасау шеңберін тарылтады.

Ішкі саясатта МНР тәртіп пен қауіпсіздікті қолдайды. Демек, МНР-мен альянс 2015 жылы АКР үкіметі Түркия күрдтеріне қатысты ұсынған бейбітшілік бастамасын жүзеге асыру сияқты ұсыныстардың жолы жабылады деген сөз. Сол сияқты, бостандыққа назар салатын ірі демократиялық реформаларды жүзеге асыруда МНР оңтайлы әріптес бола алмайды.

Сыртқы саясатта МНР-ның еуроскептик ұстанымы Түркияның Батыстағы әріптестерімен қарым-қатынасты қайта орнатудағы дипломатиялық әрекет аясын тарылтады. Сайлау кезінде МНР басшылығы тіпті Түркияның Еуропа одағына қабылдау туралы қараусыз жатқан өтінішін қайтарып алу жөнінде ұран тастаған.

Түркияның экономикалық тұрғыдағы әлсіздігі – Ердоғанның билігіндегі тағы бір үлкен кедергі болмақ. Ресей, Бразилия сияқты ағымды операциялар профициті бар шикізатқа негізделген елдер сияқты емес, Түркия сыртқы қорларға тәуелді. Бұл ел 250 миллиард долларлық сыртқы қарыз міндеттемелерін қаржыландыру үшін халықаралық қаржы нарықтарына арқа сүйеп, өсімге қол жеткізіп отыр. Мұндай елеулі дефициттің орнауына нвестиция мен қор арасындағы айырманың үнемі көп болуы және АКР басқарған бұрынғы үкіметтердің жалпы өнімділікті қарқындатып, Түркияның халықаралық бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған құрылымдық реформаларды жүзеге асырмауы себепкер болып отыр.

Соңғы жылдарда өсімге тым көп мән берудің кесірінен бұл мәселе тіпті ушығып кетті. Түркия былтыр 7 пайыз өсімге қол жеткізіп, Экономикалық әріптестік және даму ұйымындағы (OECD) алдыңғы орындардың бірін иеленді. Бірақ Ердоғанның экспансионист саясаты елдің құрылымдық теңсіздігін еселеп, инфляция екі таңбалы санға дейін өсті, номинал пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға жетіп, ағымдағы шот дефициті ұлттық табыстың 6 пайызын құрады.

Сондықтан, Ердоғанның атқарушы президент ретіндегі жұмысы оның МНР-ның негізгі талаптарын қанағаттандыру мен экономикалық “қызудың” салдарымен күрес арасында дұрыс жол таңдай білуіне байланысты болмақ. Күн өткен сайын бұл екі кедергі де ұлғаяды, себебі парламенттегі тетіктерінің арқасында МНР күшейе түссе, экономикада тежеуге бағытталған реттеуге деген қажеттілік арта береді.

Сондықтан, Ердоғанның жаңа президенттік мерзімінде бір сұрақ үнемі көкейде тұрады: Осы практикалық, бірақ әлсіздеу кедергілер шоғырландырылған демократиялық жүйенің сенімдірек екенін аз да болса дәлелдей ала ма?

“Ұлы Ердоған дәуірінің” қиындықтарыСинан Үлген – Стамбұлдағы EDAM зерттеу орталығының төрағасы, Карнеги Еуропа қорының шақырылған зерттекшісі.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz