Сөз бостандығы үшін шейіт болған Хашогги

Лондонда шығатын “әл-Араби әл-жәдид” күнделікті газеті жақында йорданиялық суретші Емад Хаджадждың карикатурасын жариялады. Онда ақ-қызыл түсті куфия киген бет-жүзі көрсетілмеген әлдекім қоңыр шапанын желпіп сиқырлы секіріс жасап жатыр. Оның бұл қозғылысынан ауада қағаздар қалқып жүр. Ал төменде ақ көйлек киіп, бірдеңеден ұстап аман қалу үшін қаламын тастай салған ер адамның қолы жоғары қарай шошайып тұр. Суретке түсіндірмеде “Сауд журналисі Жамал Хашоггидің жоғалуы” деп жазылған.

Карикатурада құрбанның аты аталғанымен, қылмыскер айтылмайды. Иә, арабтардың бәрі, бәлкім күллі жұрт Хашоггидің жоғалуына Сауд Арабиясының тақ ханзадасы Мұхаммед бин Салманның жауапты екенін біледі, әрине. Бірақ, белгілі карикатурашының кінәлінің бетін көрсетпеуі – араб әлеміндегі тәуелсіз журналистердің қаншалық үрейде екенін аңғартады. Хашоггидің жоғалуы олардың көңіліндегі алаңды үдете түсті.

Араб елдері ресми ұстанымды жақтаған журналистерге сый-сияпат беріп, Хашогги сияқты батылы жетіп, шындықты биліктің бетіне айтқандарды жазалауды бұрыннан әдетке айналдырған. Араб көктемі революциялары сәтсіз аяқталған соң (тек Тунистегі жағдайды сәтті деп айтуға болады) бүкіл аймақтың халқы радикал исламшыл режимдер мен әскери биліктің арасында қиын таңдау жасауға мәжбүр болып қалды. Демократиялық өзгеріске бағытталған әрекеттердің барлығы жүйелі түрде басып тасталды.

Бұл репрессияның басты құралдары – тәуелсіз журналистерге күйе жағу, оларға шек қою немесе басқа жолмен үндерін өшіру болды. Автократиялық үкіметтер тәуелсіз журналистердің сыны мен әшкерелеуінен өздерін және айналасындағыларды қорғау үшін заңдар мен ережелер қабылап жатыр. Олар “басшылары мен режимнің қарсыластарын мақтайтын, өздері ақша төлейтін журналистер ғана заңды, ал қалғандары – мемлекеттің қас жауы” дейді.

Мұны тек диктаторлар ғана істеп жатқан жоқ. Тіпті АҚШ конституциясына енгізілген Бірінші түзетудің арқасында ұзақ жылдар бойы айбарлы де еркін журналистиканы қалыптастырған, бір кездері президенттің өзін орнынан кетірген айғақтама журналистикасы өте мықты ел – Американың өзінде президент Трамп әкімшілігі тәуелсіз журналистерді “сатқындар”, “ақшаға сатылған агенттер”, “жалған ақпаратты таратушылар” деп жиі сынайды.

Трамп өзінің оңшыл қолдаушыларына жағып, сансыз көп қателігі мен теріс қылығы үшін жауапкершіліктен құтылуға тырысып жатуы мүмкін. Дегенмен, оның Америка баспасөзіне шүйлігуі, БАҚ-ты тұншықтырған басқаларға көз жұма қарауы көп зарар келтіріп, бүкіл әлемдегі баспасөз еркіндігіне қиянат жасайтындарды жігерлендіріп тастады.

Бұл баспасөз бостандығын шектейтіндердің көбіне, соның ішінде Сауд Арабиясы сияқты Американың жақын одақтастарына да көмектесе алмайды. Трамп Американың тиімді әскери келісім-шарттарды адам құқықтарынан жоғары қою әдетін мойындап, егер Сауд Арабиясы Хашоггидің қазасына кінәлі болса, бұған “қатты өкініп, ашуланатынын” айтты, яғни ірі әскери келісім-шарттар тоқтап қалатынын тұспалдады.

Американың НАТО-ға мүше одақтасы Түркия журналистерді түрмеге қамау бойынша әлемде бірінші келеді, ал Трамп әкімшілігі тек жалғыз америкалық пастордың қамалғанына (қазір бостандыққа шықты) ғана наразылық білдірді, және бұл да тек (вице-президент Майк Пенстен бастап) АҚШ-тың “дін құқығын” қолдау үшін ғана жасалды. АҚШ басшылығы “әл-Жазира” журналисі Махмуд Хусейннің Египетте екі жылға жуық қамауда болғанына қатысты мүлде тіс жармады.

Сөз бостандығы үшін шейіт болған Хашогги
Фото eadaily.com

2017 жылғы наурызда Біріккен Араб Әмірліктері йорданиялық журналист Тайсир әл-Наджарды Facebook-тағы посты үшін ғана үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, 500 мың БАӘ дирхамы (136 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салғанда да Трамп әкімшілігі жақ ашпады. Тіпті АҚШ-тың жақын одақтасы саналмайтын Мьянма сияқты елде де Reuters агенттігінің екі журналисі жеті жылға түрмеге жабылғанда да АҚШ ешқандай қарсылық білдірмеді.

Тәуелсіз журналистердің бір ғана мақсаты бар:

шындықты тауып, оны мейлінше кең тарату.

Үкімет еш қорықпастан ол журналистерді тұншықтыра алса, ал басқалар саяси не партиялық мақсаттармен олардың адам құқықтарын сақтау міндеттемесіне жүрдім-бардым қараса, шындық көмескіленеді, ал оның зардабы ауыр болмақ.

Сөз бостандығы үшін шейіт болған Хашогги

Хашоггиді кәсіби және адами жағынан көп жылдан бері білемін. Ол – елінің басқару жүйесіне қарсы шықпаған Саудия патриоты. Иә, ол Йемендегі аяусыз соғыс, Саудия билеушілерінің қарсы ойлыларға қатысты әрекеттері сияқты саясаттарды сынап келді. Бірақ оның аргументі үнемі фактіге негізделді. Ол – диссидент те, бүлікші де емес еді, ол бар болғаны өз елінің қазіргіден де гүлдене түскенін қалайтын монархист еді. Ол сол үшін ғана басын бәйгеге тіккен сияқты.

Араб бостандығы үшін күрескерлердің алдағы жолы ұзақ та бұралаң. Олар баспасөз бостандығы сияқты адамның басты құқығы жолында күресіп жатқанда нағыз батырлар мен шынайы демократтардың, журналистер мен Хаджадж сияқты карикатурашылардың құрбандығы арқылы билікке шындықты жеткізеді. Алайда, олардың қорған боламыз дегендердің қолдауынсыз майданға шығатыны қынжылтады.

Дауд Куттаб – Принстон университеті журналистика мамандығының бұрынғы оқытушысы, Халықаралық баспасөз институты баспасөз бостандығы инстиутының төрағасы. Оған “Туиттерде” жазылыңыз: twitter.com/daoudkuttab.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz