Шындық | Бектенов: Оқушылардың ақылы түрде тест тапсыруы заңсыз

2018 жылдың 11 қыркүйегінде Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының орынбасары Олжас Бектенов орта білім беретін мекемелердегі жемқорлыққа қарсы күрес туралы жиында сөз сөйледі. Ол оқушылардың ақылы түрде тест тапсыруы заңсыз екендігін жеткізді. Агенттік Алматы облысында білім беру бөлімдерінің мәжбүрлігімен ақылы тест (бағасы әр оқушыға 300-ден 500 теңгеге дейін) өткізілгендігін анықтаған. Кейінірек мекеме басшысы Алик Шпекбаев айтылған жайды түсіндіре кетті:

Мектеп әкімшілігі мемлекет бекіткен білім беру қызметтерін коммерциялық ұйымдардың көрсетуіне себепші болуда.

Үкім: Шындық

Қазақстан заңнамасында шын мәнінде мемлекеттік мекемелерде ақылы түрде білім беруге және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты аясында ақылы қызмет көрсетуге тыйым салынған. Оқушының білімін тексеру мақсатында өткізілетін тест орта білімнің мемлекеттік стандартында бекітілген.

Контекст

Мектептердегі ақылы тестке қатысты арыздар мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу үшін емтихан ретінде Ұлттық бірыңғай тест енгізілген кезде түсе бастады. 2004 жылдан 2016 жылға дейін ҰБТ оқушылар (жоғары оқу орнына түсу үшін мүмкіндіктерін анықтайды) мен мектеп (рейтингі соған байланысты) үшін негізгі көрсеткіш болатын.

2017 жылдан бастап мектепке қорытынды емтихандарды қайтарды, ал ҰБТ тек жоғары оқу орнына түсу үшін қажет. Сонымен қатар, 2018 жылдың тамызында Ерлан Сағадиев үкімет отырысында «соңғы жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша мектептердің рейтингі жасалмағанын» айтты. Сол кезде мекеме басшысы ақылы тест өткізуге байланысты да пікір білдірген: «Мектептер ҰБТ-ға дайындамауы керек, олар (оқушыларға. – ред.) мектеп бағдарламасын үйренуге көмектесуі керек, сол себепті мектептерде сынақ тесттерін тапсыру тоқтатылады».

24 қазанда Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ны 2019 жылдың қаңтар айында-ақ тапсыруға болады деп хабарлады. 2242 теңге тұратын ақылы тестілеу шартты түрде оқуға түсетін студенттерге ғана емес, 11-12 сынып оқитын түлектер үшін де маңызды: «Бұл мектеп бітіруші түлектерге негізгі ҰБТ-ның алдында өз білімдерін тексеріп көруге керемет мүмкіндік» делінген таралған пресс-хабарламада.

Ақылы сынақ тестілеулері көп жылдан бері Білім және ғылым министрлігі үшін маңызды құраушы қызмет екені белгілі, мекеме құрамында 1992 жылдан бері «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК бар. Орталық ішкі емтихандар мен мониторингтерді жүргізумен қатар мектеп оқушыларына ақылы түрде ҰБТ-ға дайындау қызметін ұсынады. Сынақ тестілеуінің бағасын министрлік бекіткен, ал тестілеу «білім беру ұйымдарының арызы негізінде» өтеді,  – деген еді Рамазан Әлімқұлов Informburo.kz порталына берген сұхбатында.

Заң не дейді

Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Бала құқығы жөніндегі конвенциясы мен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқық туралы халықаралық пакт республикадағы орта  білімді барлық балаларға тегін ете отырып, қажет болған жағдайда қаржылай көмек көрсетуге міндеттейді. Бұл талап Конституцияға енгізілген. 30 баптың 1 тармағында: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі», – делінген.

Конституциялық норма Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында бекітілген. 63 баптың 2 тармағына сәйкес орта білім беретін мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленушілерге МЖМБС аясында ақылы қызметті ұсынуға тыйым салынады. ҰБТ алдындағы сынақ тестілеулері МЖМБС аясында оқушының оқу материалын қаншалықты игергенін тексереді. Сонымен қатар, орта білім беру стандартында «ауызша, жазбаша және шығармашылық емтихандар, тест тапсырмаларының ашық және жабық формалары, қорытынды жұмыстар, ауызша сұрақ-жауап және әңгімелесу» сынды қорытынды қадағалау формалары бар.

Типтік ережелерге сәйкес, Білім және ғылым министрлігі бекіткен қазіргі оқу үлгерімін тексеруді мұғалімдер барлық пән бойынша өткізеді. «Жалпыға міндетті білім бағдарламаларын үйрену үшін коммерциялық ұйымдарды тарту мен қазіргі қадағалау жүйесінде білім беру саласының нормативті актілеріне сәйкес ақылы қызмет қарастырылмаған», – деп атап өтті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев «Ашық диалог» порталына берген жауабында.

Мектеп әкімшілігі оқушылардан қай кезде қосымша ақша сұрай алады?

«Білім туралы» заңның 63 бап 3 тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру мекемелері және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беру ұйымдары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан тыс, ақылы қызметтер көрсету туралы шартты жасай отырып, ақылы негізде мынадай:

1) қосымша білім беру бағдарламаларын (балалар және жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтарды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру) іске асыру;

2) оқу жоспары мен бағдарламалары бойынша бөлінген оқу уақытынан пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша жекелеген білім алушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыру;

3) пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша білім алушылармен ғылым негіздерін тереңдетіп оқып үйренуді ұйымдастыру;

4) білім алушылар мен тәрбиеленушілер, педагог қызметкерлер мен ересек жұртшылық арасында әр түрлі: спорт жарыстарын, семинарлар, кеңестер, конференциялар, сондай-ақ оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;

5) музыка аспаптарын пайдалануға беру және Интернет-байланыстың қосымша қызметтерін ұсыну;

6) жазғы демалысты ұйымдастыру, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, білім беру ұйымында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатысушылардың тамақтануын қамтамасыз ету;

7) энергия қондырғылары мен қазандықтар беретін жылу энергиясын жіберу;

8) кәсіптік білім беруді ұйымдастыру (білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру);

9) оқу-өндірістік шеберханалардың, оқу шаруашылықтарының, оқу-тәжірибе учаскелерінің өнімдерін өндіру мен өткізуді ұйымдастыру;

10) ғылыми зерттеулерді жүргізу бойынша тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) беруге құқылы.

Мұның өзінде қызметті ұсыну үшін келісім-шарт болуы керек және оның бағасы заңмен бекітілуі тиіс.

Ақылы тестілеу әлі бар ма?

Ұлттық тестілеу орталығы мемлекеттік қазыналық мекеме (жылдам басқару құқы бар мемлекеттік мекеме), оған «Білім туралы» заңның ақылы қызмет көрсетуге қатысты талаптары жүрмейді. Тыйым тек ұйымдық-құқықтық білім беретін шаруашылық жүргізетін мемлекеттік мекемелерге қатысты. Сондай-ақ, әртүрлі білім беру қызметтерін ұсынатын (тіпті МЖМБС аясында болса да) жеке компаниялар да «Білім туралы» заңның ережелеріне бағынбайды.

Білім және ғылым министрлігі де, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де Ұлттық тестілеу орталығы мен ата-аналар өзара келісіп әрекет істейді дейді.

Ұлттық тестілеу орталығы мен оның бөлімшелері мектептерде тест өткізуді ұсынбайды және ешкімді міндеттемейді,

– деп түсіндірді Шпекбаев. Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Тестілеуге оқушылар өз еріктерімен қатыса алады», – деп әріптесінің сөзін толықтырды.

Қазақ тіліне аударған – Балнұр Қожагелді

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz