Шри-Ланка билігі Facebook пен WhatsApp желілерін бұғаттады

Шри-Ланка билігі мешіттер мен мұсылмандарға тиесілі кәсіпорындарға шабуылдардан соң, әлеуметтік желілерді және Facebook пен WhatsApp қосымшаларын уақытша бұғаттап тастады. Бұл жайлы Reuters хабарлады.  

Бұғаттаулар мұсылмандарға терактіден соң діни негізде қысым көрсетіледі деген қауіппен байланысты.

Дүйсенбі күні үкіметтің ақпарат департаментінің бас директоры Налак Калувева «әлеуметтік желілер елде бейбітшілік сақтау мақсатында қайта бұғатталды» деп мәлімдеді. 

Шри-Ланканың Dialog Axiata Plc ұялы байланыс операторы Twitter парақшасында Viber, IMO, Snapchat, Instagram және  Youtube желілерін бұғаттау жайлы нұсқаулық алғанын айтты. 

Терактілерден соң Шри-Ланка тұрғындарының арасында діни негізде қақтығыстар жиілеп кетті. Ақпараттық агенттіктің хабарлауынша ондаған адам мешітке, мұсылмандарға тиесілі дүкендерге тас лақтырған. Ал жексенбі күні Чилау қаласында Facebook-те басталған тартыстың салдарынан ер адамды ұрып тастаған.  

Жексенбі және дүйсенбі күні таңертен мұсылмандарға тиесілі кәсіпорынға шабуыл жасады деген күдікпен Курунегала ауданында бір топ адам тұтқындалды.

Шри-Ланканың мұсылман одағы шабуылдардың нәтижесінде бірнеше мешіт пен мұсылмандардың үйі зақымданғанын мәлімдеді. Алайда, зиянның нақты мөлшері мен тұтқындалғандардың саны әлі анықталмады. 

Пасха жексенбі күні Шри-Ланкада бірнеше теракт орын алды. Коломбо, Негомбо және Баттикалоа қалаларында 8 жарылыс болды. Шабуыл жасаған лаңкестер Шри-Ланка азаматтары екен анықталды. Теракт кезінде 253 адам қаза тапты. 

Естеріңізге сала кетейік, 9 мамыр күні Қазақстанда да бірнеше сайт пен әлеуметтік желілерді бұғатталған болатын.

Factcheck.kz