Путиннің соғыстарының зардабы 

Соғыс көп шығын әкеледі, мұны қазір Ресей халқы түсініп келеді. Кремль Шығыс Украина мен Сирияда әскери әрекеттерін жалғастырып жатыр. Бұл кикілжіңдердің ауқымы үлкен емес, дегенмен осының өзіне елдің шамасы жете ме?

Әлемнің ең ірі 11-ші экономикасы ретінде Ресей таяу болашақта бұл соғысты жүргізе беруге қауқарлы. Ал ұзақ мерзімнің мәселесі басқа. 2008-2016 жылдар аралығында Ресей әскери шығындарын ЖІӨ-нің 3,3 пайызына дейін арттырды. Стокгольмдегі беделді мекеме – Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының мәліметіне қарасақ, АҚШ-тың қазіргі соғыс шығындарының деңгейі (ЖІӨ-нің 5,3 пайызы) де осыған жетеқабыл.

Ресей үкіметінің өз қаржы статистикасына қарасақ (оның ашық жарияланғаны тіпті таңқалдырады) оккупацияланған Қырымдағы азаматтық шығындар көлемі жылына 2 миллиард долларға жеткен. Шығыс Украинадағы шығындар туралы ашық мәлімет жоқ, дегенмен оның көлемі де сол шамалас десек болады. Демек, Ресей осы екі операцияға ғана 4 миллиард доллар, яғни ЖІӨ-нің 0,3 пайызын жұмсап отыр.

Әскери шығындармен қоса, Ресей санкция күшейген сайын азайған сауда мен инвестициядан шығын көріп жатыр, соғыстар аяқталғанға дейін бітпейтін санкция елді тоқырауға апарып тынатын түрі бар. 2014 жылғы шілдеде Украинаның Донбасс аймағына жасаған агрессиясына жауап ретінде АҚШ пен Еуропа одағы Ресейдің қаржы, мұнай-газ, қорғаныс технологиялары салаларына санкция салған. Бұл шаралардың әсері күшті болды. Жаһанның қаржы саласында билеуші – доллар. Әр доллар АҚШ банктері арқылы өтетіндіктен, доллармен жасалатын транзакциялар АҚШ Қаржы министрлігінің юрисдикциясына кіреді. Қаржылық санкция арқылы АҚШ Ресейді шетел инвестициясынан қаға алады.

2015 жылғы тамызда Халықаралық валюта қоры Батыстың санкциялары кесірінен Ресейдің (инфляцияны қоса есептегендегі) шынайы ЖІӨ-сі 1-1,5 пайызға төмендейді деп болжаған. Ал, ХВҚ-ның айтуынша, орта мерзімде санкциялар Ресейді “ЖІӨ-нің 9 пайызына дейінгі кумулятив шығынға ұшыратуы мүмкін, себебі капиталдың жиналуы мен технологиялық трансферттің азаюы онсыз да төмендеп бара жатқан өнімділік өсіміне кесірін тигізеді”.

Доллардан қағылған соң Ресей корпорациялары төлеу мерзімі жеткен қарызды өтеуге мәжбүр болды. Соның нәтижесінде,  2015 жылғы желтоқсанда Ресейдің жалпы сыртқы қарызы 2014 жылғы маусымдағы 732 миллиард доллардан 519 миллиард долларға түсті. Содан бері сыртқы қарыз шамамен сол көлемде тұр.

Сол сияқты Ресейдің валюта резерві 2013 жылдың соңында 510 миллиард доллар болса, 2015 жылғы наурызда 356 миллиард долларға дейін азайған. Кейіннен Ресейдегі ағымдағы шот тұрақтылығының арқасында ол 458 миллиардқа жоғарылады. Дегенмен, 2015-2017 жылдар аралығында шетелдің тікелей инвестициясы жылына орта есеппен жылына ЖІӨ-нің 2 пайызын құрады. Бұл – алдыңғы жылдардағыдан екі есе аз көрсеткіш. Бұл инвестицияның азайғанын ғана емес, технология импортының да төмендегенін білдіреді.

Осының бәріне қарамастан, Ресей макроэкономикалық тұрақтылық пен экономикалық балансты сақтап келді, өнім өндіру аздап төмендеді, ал тұрмыс сапасы көп нашарлады. 2014-2017 жылдар аралығындағы санкция салынған төрт жыл ішінде шынайы табыс 17 пайызға, инвестиция 12 пайызға төмендеді, ал ЖІӨ осы аралықта тек 0,5 пайызға түсті.

Осы кезде Ресей мен Украина да бір-біріне қарсы сауда санкцияларын барған сайын үдете берді. Соның кесірінен 2012- 2016 жылдар аралығында екі ел арасындағы сауда 80 пайызға түсті. Сауда соғысы Украинаға көбірек зиянын тигізді, дегенмен Ресей де елеулі экспорт нарығынан және әскери құралдарын импорттаушыдан айырылды. Бір кездері Ресейдің ең маңызды энергия тұтынушысы болған Украина 2015 жылғы қарашадан бері Ресейден табиғи газды мүлде алған жоқ.

Ресейдің Қырым мен Донбастағы активтерді басып алуы да көп шығын әкелді. Мәселен, 1998 жылғы Украина-Ресей екіжақты инвестиция келісімі негізінде Украина компаниялары Гаагадағы Тұрақты Арбитраж сотына Ресей Федерациясына қарсы сегіз арыз түсірді. Украинаның мемлекеттік энергетика алыбы “Нафтогаз” бен оның еншілес кәсіпорындарының өзі 7 миллиард доллар шығынның орнын толтыруды талап етіп отыр. Ал “Ощадбанк”, “Приватбанк” және “Укрнафтаның” әрқайсысы 1 миллиард доллардан өтемақы сұрады. Украина компаниялар тобы бір арыз бойынша жеңіске жетіп үлгерді, қалғандары да жеңіп шығатын тәрізді. Соған қарағанда, Ресей заңсыз басып алудың кесірінен кемінде 10 миллиард долларға шығындануы ықтимал.

“Нафтогаз” да Ресейдің энергетика алыбы “Газпромға” қарсы істе сәтті жеңіске жетті. Ақпанда Стокгольм арбитраж соты екеуара келісімді бұзғаны үшін  “Газпром” “Нафтогазға” 2,56 миллиард доллар шығынды өтеуі керек деген шешім шығарды. “Газпром” бұл соманы төлеуден бас тартса, “Нафтогаз” оның шетелдегі активтеріне көз сала бастады. Коммерциялық арбитраждың үкіміне бағынбау “Газпром” үшін тіпті үлкен шығын болуы мүмкін. Украинадағы конфликтінің шешімі байқалмайды, демек санкциялар әлі ұзақ уақыт сақталады. Санкциялардан оңай құтылу қиын, себебі оларға негіз болған конфликтілер ұлғайып, тереңдей береді. Мәселен, биыл сәуірде АҚШ 2016 жылғы Америкадағы президент сайлауына араласқаны үшін Ресейге тағы да санкция салды.

Бұл жаңа шаралар Ресей рублі мен құнды қағаздар нарығына қатты соққы болып тиді. Жаздағы Путин мен Трамптың күдікті саммитінің ізін ала АҚШ конгресі тағы бір шабуылды бастамақ. “Американың қарсыластарына санкцияның көмегімен қарсы тұру” заңын былтыр күшіне енгізген қос палаталы конгресс бұдан да қатал санкция салмақ ниетте, ал бұл Ресейдің егемен қарызы мен мемлекеттік қаржы институттарына кері әсер етуі мүмкін. “АҚШ бұдан да күшті санкция салады” деген үрейдің өзі Ресейдегі нарықты тербетіп жіберді.

Ресейдегі жылдық өнім өсімі 1,5 пайыз көлемінде жылжымай қалды, ал оның әскери агрессияға байланысты азаматтық, құқықтық және басқа да шығындарының ауқымы ЖІӨ-нің кемі 3-4 пайызына, шамамен 45-60 миллиард долларға жетіп отыр. Әзірге Кремльдің қауқары жетіп тұр. Бірақ, ерте ме, кеш пе, ұлғайып жатқан бұл шығындардың саяси салдары болуы мүмкін.

Путиннің соғыстарының зардабы Андерс Аслунд – Вашингтондағы Атлантика кеңесінің аға ғылыми қызметкері, жақында шығатын “Ресейдің кландық капитализмі” кітабының авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz