Орал қаласының тұрғыны алаңға бос плакатпен шықты

Абай атындағы алаңға бос плакатпен шыққан Орал қаласының тұрғынын полиция тұтқындады. Жергілікті «Уральская неделя» басылымының хабарлауынша  бүгін таңертен 24 жастағы Аслан Сағұтдинов қала әкімдігінің алдындағы алаңға шықты.

Журналистерге берген сұхбатында Аслан «ешқандай пикетке қатыспасам да, плакатымда ешқандай жазу болмаса да және ұрандатпасам да  мені, қарапайым тұрғынды, полиция тұтқындайтынын көрсеткім келді» деді. 

Аслан Сағұтдинов бос плакатпен небәрі бес минут тұра алды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері және қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Күшеков келді. Күшеков Асланды ешкім тұтқындамайтынын айтып, телефонмен сөйлесу үшін басқа жаққа бұрылып кетті. Бірнеше минуттан соң полиция қызметкерлері белсендіні плакатымен қоса полиция көлігіне күшпен отырғызды. Асланды Абай ауданының полиция бөліміне жеткізіп, тергеуден соң қайта босатты. «Уральская неделя»-ның айтуынша  полиция қызметкерлері Асланға плакатқа бірдене жазуын сұраған. 

—Полиция қызметкерлері протокол толтыру үшін плакатқа кез-келген нәрсе жазуымды сұрады. Мен жазудан бас тарттым және түсініктеме жазғаннан соң мені босатты. 

Factcheck.kz