Николас Мадуроны қылмыстық жауапқа тартсақ…

НЬЮ-ЙОРК – Медицина мектебінде біз протеин мен калория жетіспеуінің ауыр салдары болатынын үйрендік. Бірақ квашиоркор және маразм сияқты аурулар тек тарихта болған, ұзақ жыл бұрынғы соғыстар мен түрме лагерлерінің салдары деп санайтынбыз. Өз өмірімізде оларды ұшырастырамыз деп ойламаппыз.

Алайда бүгінде Венесуэланы аштық жайлап барады, бұл елдің қазіргі тұрғындарына және болашақ ұрпақтарына үлкен зарарын тигізіп отыр. Венесуэла үкімет жасақтарының елге келе жатқан 80 тонна гуманитарлық көмекті өткізбеу үшін Колумбиямен шекарада оқ атып, жас ағызатын газ қолдануы режимнің өз халқын әдейі аштыққа итермелеп жатқанын дәлелдейді.

Сондықтан қоғам денсаулығына зиянын тигізгені үшін президент Николас Мадуро мен оның үкіметіндегі лауазымды тұлғаларды шұғыл түрде халықаралық қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігі туындады деп санаймын. Мадуроны орнынан алуға бағытталған дипломатиялық әрекеттер тығырыққа тірелгендей болып тұрған қазіргі жағдайда бұл тәсіл ел басшылығын өзгертуде жаңа бағыт ұсына алады.

Венесуэладағы жаппай аштық — ұзақ жыл бойғы әлеуметтік, саяси және экономикалық сәтсіздіктердің салдары. Венесуэла бір кездері Латын Америкасындағы ең бай елдердің бірі болған, дәлелденген ең көп мұнай қоры да осында. Бірақ ол қазір тарихтағы ең ауыр экономикалық коллапсты бастан кешіріп жатыр, бұған себеп — сауатсыз саяси басқару, жаппай мемлекеттік экспроприация, шетел валютасының аздығы және қарыздың көптігі. Соңғы үш жылда мұнда ЖІӨ 50 пайызға дейін құлдыраса, инфляция ақыл жетпейтін деңгейге дейін шарықтап кетті.

Осы хаосты ескере отырып, көп экономист экономикалық коллапсты отбасылар деңгейінде ақылмен реттеу керек деген пікір айтты. Мәселен, Гарвард Кеннеди мектебінің профессоры Рикардо Хаусманның айтуынша, қазір Венесуэладағы ең төменгі жалақыға күніне 700 калория ғана сатып алуға болады, бұл ар адамның жеке тұтуынуы тиіс деңгейден анғұрлым аз. 2017 жылы жүргізілген ұлттық сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Венесуэладағы әулеттердің барлығына дерлік азық-түлік қаупі төніп тұр, халықтың жартысынан астамы соңғы бір жыл ішінде 11 килограмм салмақ жоғалтқан.

Соңғы жылдары Венесуэла басшылығы республикалық деңгейде халықтың денсаулығына қатысты статистиканы өте сирек жариялайтын болды, дегенмен қолға түскен аз-маз мәліметтің өзі жұрттың аштықтан қатты зардап шегіп жатқанын аңғартады. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы жылдық есебі жаңа туған сәби өлімінің көрсеткіші 2012 жылғы 0,02 пайыздан 2 пайызға, яғни 100 пайыз өскенін айғақтайды.

Ал қылмыстық айыптау қайдан шықты? Халықаралық келісім саналатын Рим статутына сәйкес, Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС — ICC) адамзатқа қарсы қылмыс бойынша қудалауға қақысы бар. Бұған “денеге, менталдық және физикалық саулыққа жарақат салатын, әдейі келтірілген үлкен зиян” жатады. Меніңше, бұл анықтамаға ұлттық деңгейде протеин мен калория жетіспеушілігін әдейі қалыптастыру да кіреді.

Халықаралық қылмыстық сот бірнеше жолмен тергеу-тексеру жүргізе алады. Сотқа мүше жекелеген елдер және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі іс қозғауға ұсыныс бере алады. Бұған қоса, Халықаралық қылмыстық сот прокуроры өз билігі шеңберінде іс қозғауға қақылы. Қазір прокуратура Латын Америкасының бес елі мен Канаданың өтінішімен Венесуэла қауіпсіздік күштерінің әрекеттеріне қатысты бір істі қарап жатыр. ХҚС толыққанды тергеу бастаса, халық денсаулығына қатысты қосымша негіздің пайда болуы Мадуро режиміне адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айып тағуға көбірек дәлел бола алады.

Халықаралық қылмыстық тергеу екі мақсатты орындайды. Біріншіден, басқа дипломатиялық қысымның бәрі іске қосылды, бірақ одан нәтиже жоқ. АҚШ және одан өзге 50-ден аса ел оппозиция басшысы Хуан Гуайдоны Венесуэланың уақытша президенті ретінде таныды. АҚШ Венесуэланың мемлекет меншігіндегі мұнай және алтын өндіру секторларына аса қатаң санкция салып, олардың экспорттан пайда көру мүмкіндігін күрт азайтты.

Жақында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бас комиссары Мишель Бачелет АҚШ-тың санкциялары Венесуэланың жағдайын одан сайын нашарлатуы мүмкін деп мәлімдеді. Басқалары оны Ирактағы жағдаймен салыстырды, онда бұрынғы президент Саддам Хусейн режиміне қарсы салынған санкция балалардың жаппай аш қалуына алып келген еді. Оның орнына адам құқықтарына негізделген халықаралық тергеу Венесуэла халқына емес, Мадуроның диктатурасына қарсы бағытталар еді.

Екіншіден, 122 ел қосылған Халықаралық қылмыстық сот ұйымдастырған тергеу халықаралық құқық нормаларының күші бар деген месседж жолдайды. Қоғам денсаулығына қатысты айыптаулар бұрын-соңды халықаралық қылмыстық істерге негіз болып көрген емес, дегенмен кей сарапшылар мұның мүмкін екенін айтады. Гарвард Құқық мектебінің профессоры, Халықаралық қылмыстық соттың тергеу бойынша бұрынғы үйлестірушісі Алекс Уайтингтің айтуынша, “белгілі бір режимдер өз халқын тұншықтыратын шектен тыс саясат жүргізгенде бұл әрекеттердің халықаралық қылмыс шегінен асатын я аспайтынын саралауымыз (тергеуіміз) керек”.

Өткен айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Мадуро режимін өзгерту үшін “барлық варианттар қарастырылып жатқанын” айтқан. Бірақ АҚШ-тың Каракастағы елшілігінен бүкіл дипломаттарын шығарып әкеткенін ескерсек, мұнда дипломатияның күні біткен сияқты. Оның үстіне әскери вариантқа Латын Америкасында АҚШ бастап, сәтсіз аяқталған тарихтағы интервенциялар қарсы қойылары анық.

Венесуэланың экономикалық коллапсының өзі – трагедия. Бірақ, халықты қасақана азық-түліктен қағу арқылы Мадуро режимінің адамзатқа қарсы қылмыс жасап отырғаны анық. Оларды осы үшін жауапқа тартуымыз керек.

Акаш Гоэль – Уейл Корнелл/ Нью-Йорк пресвитеран ауруханасының медицина профессоры, БҰҰ оны адам құқықтарын қорғаудағы белсенділігі үшін Канн арыстанымен марапаттаған.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org