Мемлекеттік БАҚ-тың қоғам үшін зияны көп

БУДАПЕШТВенгрияның мемлекеттік MTVA медиа корпорациясының былтырғы бюджеті шамамен 309 миллион доллар болды, оның басым көпшілігі үкімет қазынасынан алынған. Демек, телеарналар мен радиоторапты, ақпарат агентттігін басқаратын MTVA-дің бір күндік бюджеті 846 мың доллар деген сөз. Бар-жоғы он миллион халқы бар ел үшін бұл – ысырапшылдық.

Кейбіреулер бұл салада табыс азайып, бизнес-модельдер құрдымға кетіп жатқан қазіргі шақта MTVА тым көп қаражат алып отыр деп ойлауы мүмкін. Бірақ әлемдегі мемлекеттік медиа ұйымдарының арасында MTVA-дың кеңқолтық бюджеті норма саналады. Сербиядан Оңтүстік Африкаға дейінгі елдерде мемлекеттік БАҚ-тарды салық төлеушілердің есебінен қаржыландыру көлемі артып барады. Бұл аста-төк қаржы эфирге шығатын хабарлар санын арттырғанымен, өкінішке қарай, саланың мәселелерін одан сайын күрделілендіріп жібереді.

Ұзақ жылдар бойы жиіліктерді үлестіру және лицензия беру талаптарының арқасында үкіметтер жергілікті БАҚ нарығын бақылауда маңызды рөл ойнап келді. Соңғы жылдары үкіметтер бюджетке ықпалын тіпті күшейте түсті. Бүгінде мемлекеттік БАҚ-тар кірісінің қомақты бөлігі бюджеттен бөлінетін қаржыдан құралады.

Әдетте мемлекеттік қолдау үш әдістің бірі арқылы жүзеге асады. Бірінші әдіс – тұрғындарға БАҚ өнімдерін тұтынғаны үшін ақы төлеткізу, яғни, іс жүзінде контент үшін салық салу. 2011-2015 жылдар аралығында БАҚ-тардың бюджеті барлық елде бірдей өскен жоқ, мәселен Еуропа хабар тарату одағына мүше 56 елдің 40 пайызында БАҚ қаржысы азайған. Мұндай жағдайда үкіметтің ақшасы шешуші рөл ойнайды. 2017 жылғы қаңтарда Румыния үкіметі мемлекеттік SRTV корпорациясының 360 миллион долларлық бюджетін бекітті. Бар-жоғы 20 миллион тұрғыны бар ел үшін бұл – тым қомақты сома. Басқа елдер де мемлекет қаржысын осылай молынан пайдаланады.

Үкімет қолдауының екінші түрі – жарнама беру. Бұл салада да мемлекет көп қаржы жұмсайды. Мәселен, 2013 жылдың бірінші жартысында Малайзия үкіметі жарнамаға 118,5 миллион доллар жұмсаған. Бұл – қалған төрт ірі жарнама берушінің шығындарын қоса есептегеннен де асып түсетін қаржы.

Үшіншіден, мемлекеттер қаржылық қиындық көріп отырған БАҚ-тарға, әсіресе үкіметті мақтайтындарға тікелей қаражат бөледі. 2014 жылы 622 мың ғана тұрғыны бар Черногория үкіметі БАҚ-ты қолдауға 33,6 миллион доллар бөлген. «Халықаралық медиа көмек» орталығының айтуынша, «үкіметті мақтайтын» «Победа» газетіне қомақты қаржы бөлген.

Ақпарат құралдары, әсіресе қаражаттан қысылған тәуелсіз БАҚ-тар, қаржылай көмекке қашан да разы. Бірақ үкімет қаржымен бірге талап қоя бастаса, бұдан журналиске деген сенімге нұқсан келеді. Көп жағдайда мемлекеттік БАҚ-тар үкіметтің жай ғана рупоры болумен шектеліп қалмайды, ал үкімет олардың редакторлық жұмыстарына жиі араласып отырады.

Мұнда Венгрияны мысалға келтіруге болады. 2010 жылы оңшыл популистік Fidesz партиясы билікке келгеннен көп ұзамай үкімет өкілдері сайлау науқаны кезінде билікті сынаған MTVA-дың бірнеше журналисін жұмыстан шығарды. Содан бері билік медиа туралы заңды түп-орнымен өзгертті, кей сарапшылар бұл елдің БАҚ-тарындағы плюрализмге ұзақ уақытқа тұсау салады деп қауіп етеді.

Осыған ұқсас жағдай Македонияда да болды. 2014 жылы Еуропа комиссиясы бұл елдің үкіметін жарнама ақшасын ақпараттың мазмұнын бақылау мақсатына пайдаланды деп сынаған. Әлемнің түкпір-түкпірінде үкіметтер осылай медиа нарыққа ашық қол сұғып жатады.

Әдетте үкіметтер билікті мақтайтын я айтқанмен жүруге дайын ақпарат құралдарын қаржыландырады. «Ашық қоғам» қорына арнап 2014 жылы біз әзірлеген есеп бойынша, зерттелген медиа нарықтарының жартысынан астамында үкіметтер БАҚ-тарға қаржылық тұрғыдан ықпал етіп отырған. Содан бері бұл қысымның көлемі ұлғаймаса кемімегені анық.

Жалпы, бас шұлғитын журналистиканы қолдап, сынайтындарға бөлінетін қаржыны кесу арқылы үкіметтер медианарықты өз қалауына қарай бейімдейді. 2012 жылы Сербия басшылығы мемлекеттік Tanjug ақпарат агенттігіне қаржы бөліп, оны Beta атты тәуелсіз ақпарат агенттігімен бәсекеде анағұрлым күшейтіп жіберді. Венгрияда да тәуелсіз журналистер мемлекеттен қаржыландыратын алпауыттармен бәсекелесуге тырысып-ақ жатыр. Atlatszo деп аталатын өте батыл айғақтама журналистика жобасы соған мысал бола алады. Көбіне жеке адамдардың көмегі есебінен өмір сүретін Atlatszo-ның жылдық бюджеті MTVA-дың бір күндік шығындарының жартысына да жетпейді.

Мемлекет қаржысы медиа бизнесті қалауына қарай бейімдеп жатыр, бірақ көп елде олар салық төлеушілерге көп пайда келтірмейді. Егер мемлекеттік БАҚ-қа құйылып жатқан ақшаның азғантай бөлігі тәуелсіз БАҚ-тарға берілетін болса, журналистика әлдеқайда дамып, қоғам жан-жақты ақпарат алған болар еді. Әзірге мемлекеттік БАҚ нарығының барлық шапағатын қалт-құлт еткен БАҚ-тарды қалауынша басқаратын үкіметтер көріп отыр.

Мемлекеттік БАҚ-тың қоғам үшін зияны көпМариус Драгомир – Орталық Еуропа университетіндегі Медиа, дата және қоғамды зерттеу орталығының директоры, ол Лондондағы Тәуелсіз журналистика бағдарламасының саясат және зерттеу бөлімдерін басқарған. 

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz