Манипуляция | Сүлейменов: Теңгенің құнсыздануы азық-түлік бағасына әсер етпейді

2018 жылы тамыздың 14-інде өткен үкімет отырысынан кейін ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов “валютаның қазіргі аxуалын “баяу” девальвация деп атауға бола ма?” деп сұраған журналистер сауалына жауап беруге мәжбүр болды. Мұндай анықтаманы содан бір күн бұрын мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов берген. Кейін Factcheck.kz мұның жартылай шындық екенін жазды. Ұлттық экономика министрі Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың баяндамасындағы “жыл басынан бері теңге 4,3 пайызға ғана қымбаттады” деген дерекке сілтеп, “мұндай құбылуды девальвация деп атауға болмайтынын” айтқан. Одан бөлек Сүлейменов: “Ұлттық валюта курсының құбылмалылығына бола бюджетке түзету енгізілмейді” деген. Жауабының соңында министр “теңге құнсыздануы әзірге негізгі азық-түліктің бағасына әсер еткен жоқ” деді.

Үкім: Манипуляция

Аса қажет деп саналатын азық-түлік бағасына құнсыздынудың әсері жоғын айтқан Сүлейменов сөзін қуаттау үшін “биыл жеті айдың ішінде азық-түлік 2,5 пайызға ғана қымбаттады” деген ресми статистиканы да айтып өтуіне болар еді.

Сондай-ақ, статистика комитеті әлгі жеті айдың ішінде адам басына шаққанда (55 пайызы азық-түлік бағасына байланысты болатын) күнкөріс минимумының орта шамасы да 5,9 пайызға өскенін айтқан. Бұл, көріп тұрғанымыздай, министрдің мәлімдемесіне қарама-қайшы.

Деректерге үңілейік

2018 жылы қаңтардың 1-інен бастап ұлттық экономика министрі мен еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрінің біріккен бұйрығымен күнкөріс минимумын есептеу ережесіне өзгеріс енгізілді. Осыдан кейін азық-түліктен басқа тауарларға жұмсалатын қаржының нақты үлесі тұтынушы корзинасына кететін ақшаның 45 пайызы болды да, аса қажет азық-түлік шығыны – күнкөріс минимумының 55 пайызы деп есетептеле бастады.

Азық-түлік корзинасына әрбір қазақстандыққа аса қажет, өмір сүру үшін міндетті түрде болуы тиіс азық-түлік түрлері кіреді. Ал корзина құнын статистика комитеті әр ай сайын сауда орындарындағы орташа бағаларды жинап, өңдеп, ғылыми негізделген есептеу жүйесімен бекітеді.

Осылайша, аса қажет деп саналатын азық-түлік бағасына Қазақстанда екі жағдай әсер етеді

Алғашқысы – міндетті түрде тұтынылатын азық-түліктің орта шамасы. Соңғы 12 жылда ресми түрде өмір сүруге аса қажет деп саналатын 43 азық-түлік түрі өзгерген емес: бірінші сорттағы бидай ұны, күріш және ұнтақ, сұлы, қарақұмыс жармалары, нанның үш түрі, макарон, сиыр еті, қой еті, шошқа еті, құс еті, жылқы еті, сиыр бауыры, пісірілген шұжық, балық, сүт, майлылығы 20 пайыз қаймақ, сүзбе, мәйек ірімшігі, жұмыртқа, күнбағыз және сары май, маргарин, алма, жүзім, өрік қағы, орамжапырақ, пияз, сәбіз, қызылша, қияр, қызанақ, картоп, ноқат, құмшекер, тұз, майонез, шай, ашытқы, дәмдеуіштер.

Негізгі азық-түлік бағасына әсер ететін екінші бір фактор – түрлі дүкендердегі орташа баға. Тіпті ресми статистиканың өзінде баға біршама өскені байқалады. 2018 жылдың басынан бері қызылша – 35,7%, сәбіз – 34,5%, құмшекер – 12,1%, мәйек ірімшігі – 8,1%, консервіленген сүт – 7,1%, ірімшік пен сүзбе – 6,3%, сары май – 4,5%, сүт өнімдері – 4,4%, қой еті – 4%, жылқы еті – 3,9%, сиыр еті – 3,7%, сүт пен шошқа еті 3,6% қымбаттаған.

Бұл деректерді бір шолып шықсаңыз, біршама азық-түліктің қымбаттаған пайызы теңгенің құлдырау шамасынан әлдеқайда жоғары екенін анық көрінеді. Күнкөріс минимумы көлемінің өзгеруіне қатысты (аса қажет азық-түлік бағасына да қатысты) сатистикалық деректерде аса бір өзгеріс болмағандықтан, бұл мәлімет жағдайды қалыпты етіп көрсетеді.

қаңтар ақпан наурыз сәуір мамыр маусым шілде
Күнкөріс минимумы (тг) 25 879 26 008 26 196 26 339 26 468 27 850 27 122
Азық-түлік корзинасы (тг) 14 233 14 304 14 408 14 486 14 557 15 317 14 917
Азық-түлік корзинасы бағасының өзгеру шамасы (%) +1,1 +0,5 +0,7 +0,5 +0,5 +5,0 -2,7
Теңгенің долларға шаққандағы құны (тг) 322,90 320,30 318,31 327,25 329,35 341,08 346,70
Теңгенің долларға қатысты курсының өзгеруі (%) -2,9 -0,8 -0,6 +2,8 +0,6 +3,6 +1,6

Дереккөз: Статистика комитеті мен Ұлттық банк

Манипуляция | Сүлейменов: Теңгенің құнсыздануы азық-түлік бағасына әсер етпейдіТеңгенің құлдырауы мен азық-түлік бағасының қымбаттауы қаншалықты өзара байланысты екенін анық көргіңіз келсе, мына графикаға қараңыз.

Бұл графикке қарап, “азық-түлік бағасы теңгенің долларға қатысты курсына тікелей байланысты екен” деп қорытынды жасауға болмайды (қаңтар-наурыз айларында жағдайдың керісінше болғанын көреміз). Оның үстіне азық-түлік бағасына бұдан басқа көптеген фактордың әсері барын ескеруіміз қажет.

Нарық экономикасы жағдайында бағаны ұсыныс пен сұраныс, өндіріс шығындары, бәсекелестер бағасы, жаңа салықтар, саудада үстеме құн қосу қалыптастырады. Алайда теңгенің құнсыздануы өндірушілердің шығындарын көбейте түсетіні сияқты өзге сатушылардың нарықтағы бағаны негізсіз өсіруіне себеп болуы мүмкін.

Не дегенмен, 2018 жылдың наурызынан басталған теңге құнсыздануы тура я жанама түрде болса да, маусым айында азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер еткен. Оның үстіне тамыздың алғашқы 13 күнінде теңге тағы 4,8 пайызға құнсызданды да, ұлттық валюта жыл басынан бері 9,3 пайызға арзандады. Бірақ, неге екені белгісіз, бұл туралы Тимур Сүлейменов журналистермен сөйлескен кезінде айтқан жоқ. Теңгенің биылғы рекорд шамасына дейін құлдырауы аса қажет деген азақ-түлік бағасына алда қалай әсер ететінін әзірге болжай ғана аламыз. Инфляция мен азық-түлік корзинасы бағасына қатысты статистикалық деректер комитеттің ресми сайтында әр айдың біріне жарияланады.

Қазақ тіліне аударған – Аян Қалмұрат

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz