Италия Еуропаны құрдымға кетіре ме?

ЛОНДОН – Саяси тербелістер мен әлем деңгейіндегі сын-қатерлерге қарамастан, әрі Біріккен Корольдік Еуропа одағынан шығып бара жатса да, еуроймақ өзінің бұрыннан қалыптасқан ең төмен стандарттарының шеңберінде-ақ екі жыл жақсы экономикалық өсімге қол жеткізді. Бірақ, Италияда биыл жаңа популист үкімет құрылғаннан кейін еуроаймақтың ең нашар күндері артта қалды деп айту қиындау болар.

1982 жылы қаржы әлеміне аяқ басқанымда алғаш зерттеген елім – Италия еді, сондықтан оған ерекше жақынмын. Ол кезде Американың өте ірі банкінде жұмыс істейтінмін, сонда Италияның қарызы мен ЖІӨ арасалмағын талқылауға арналған трансатлантикалық конференц-сұхбаттарға жиі қатысатыным есімде. Әркімнің көкейінде “бұл ел қашан дефолтқа ұшырайды?” деген сұрақ болатын, бірақ болжам расталмады. Италия өйтіп-бүйтіп шығып кетті, одан бері де солай келе жатыр. Енді Италия үкіметі Еуроодақпен тақасуға дайын болып тұрғанда дефолт болады деп қайта алаңдаудың негізі бар сияқты.

30 жылдан астам уақыт бұрынғы тәжірибем көрсеткеніндей, Италияның экономикалық проблемалары еуроны қабылдағаннан көп уақыт бұрын басталған. Еуропа стандарттарымен қарағанда оның өнімділігі кемшін болды, сондықтан еуроға дейінгі кезеңде оның даму деңгейі де салыстырмалы түрде төмен еді. Анда-санда күрт дамып кетіп, бұл түрлі дағдарыстарға ұшыратып отырды, соның салдарынан Италия валютасы – лира жиі девальвацияланатын.

Әрине, қазір дамуға қол жеткізу үшін лираны әлсіретуге болатын сол күндерді аңсап жүргендер бар. Ортақ валюта жағдайында олай істеу мүмкін емес. Алайда, еуроға дейінгі кезеңді аңсайтын романтиктер көзге ілмейтін бір жайт – еуроаймаққа мүшелік Италияға төмен инфляция, сонымен бірге төмен пайыздық мөлшерлеме әкелді. Оның үстіне, лираны құнсыздандыру пайдадан гөрі зиянды көп әкелді деуге негіз жеткілікті. Бұлар анда-санда бәсекеге қабілетті арттырып тұрғанымен, ұзақ мерзім тұрғысынан өнімділікті еселеу үшін қатаң құрылымдық реформа жүргізуді қажет етті.

Еуроаймақтың фискалдық және қаржылық талаптары Италияға ЖІӨ-нің номинал мөлшерін өсіруіге мүмкіндік бермейді, инфляцияны тым төмен деңгейде ұстап, қарызды ұлғайтады дейтіндер де бар. Десе де, жаңа үкімет билікке келерден бұрын негізгі қарыз позициясымен салыстырғанда Италияның циклды түрде реттеліп отырған бюджет дефициті еуроаймақтағы басқа елдермен және G7-нің өзге мүшелерімен (АҚШ, Германия, Жапония, Канада, Ұлыбритания және Франция) салыстырғанда біршама аз болды.

Дегенмен, Италияны биылға дейін басқарған негізгі саяси партиялар ЖІӨ өсімін қажетті деңгейге жеткізе алмады. Соның нәтижесінде италиялықтар бағдарламасы популист солшылдар мен популист оңшылдардың саясатының қосындысынан тұратын дәстүрлі емес коалицияны сайлады. “Лига” париясы салықтарды қысқартамыз десе, “Бес жұлдыз” қозғалысы (M5S) базалық табыс формасын енгіземіз дейді.

Бірақ өнімділікті арттыру үшін Италияға ауқымды құрылымдық реформа қажет. Елдің демографиясын ескерсек, ұзақмерзімді өсімді арттырудағы жалғыз жол – осы. Әйелдерді еңбекке көбірек тарту саясатымен қоса Италия жастарды ынталандыруға барынша мүмкіндік жасауы керек.

Ал Еуроодақ Италияға шешуші қадамдар жасауға көмектесуі қажет. Еуропа комиссиясы, Еуропа Орталық банкі және Германия үкіметі Еуроодақтың Тұрақтылық және өсім пактінің талаптарын, соның ішінде әсіресе бюджет дефицитін ЖІӨ-нің 3 пайызынан асырмау туралы қатаң талап қою арқылы қателесіп отыр. Ауыр кезеңдерде басқа елдерге бюджет дефицитіне байланысты бұл талапты бұзуға рұқсат берілгенімен, қарызының көптігіне бола Италияға ешқашан жеңілдік жасалған емес. Алайда, Бельгия мен Жапония мысалы көрсеткеніндей, тұрақты экономикалық өсім болғанда ғана үкіметтің қомақты қарызын азайтуға болады.

Тағы бір қиын жері – ұзақмерзімдік өнімділікті арттыруға бағытталған кей реформалар қысқа мерзімде өсімді азайтуы мүмкін. Сондықтан, мұндай шараларды қолға алған үкімет циклға қарсы стимул жасау мүмкіндіктеріне ие болуы керек.

Тағы бір мәселе қаржы-несие саясатына қатысты. Инфляция деңгейін 2 пайыздан төмен ұстауға ұмтылғанда Еуропа орталық банкі кең ауқымда ойласа керек. Германияның 2 пайыздық мақсатын қоса алғанда бұл талап Италияны төмен инфляцияның қақпанына байлап берді, ал ол қаржы-несие саласын ынталандырудан көбірек пайда көрер еді.

Осындай жағдайда Еуроодақ басшылығының Италия үкіметінің қазіргі жоспарларына тым қатты шүйлікпегені жақсы болар еді. Егер мейнстрим либералдар демократиялық жолмен сайланған популист үкіметтен үрейленетін болса, онда олардың экономикалық жағдай нашарлап кетсе не боларына бұдан да қатты уайымдағаны дұрыс. Қазіргі жағдайда Италияға ең керегі – ЖІӨ-нің номинал өсімі.

Кейбіреулер ең алдымен “Италияны еуроаймаққа кіргізу қате болды, идеал валюта аймағы мүшелерді қатарына қосқанда қатаң дискриминациялық саясат ұстануы керек еді” дейді. Дегенмен, валюта одағында Италияның ірі компанияларының болуын Франция мен Германияның бизнес қауымдастықтары талап етті. Италия лайықты деп танылған соң басқа көп ел де сол қатарға кірді.

Қорыта айтсақ, Еуропа одағының фискал және ақша-несие ережелерін айқындап, іске асыратын билік өкілдері еуроаймақтың Грекиядағыдай дағдарыстың Италияда қайталануын көтере алмасын жақсы түсінеді. Алдағы айларда мұндай жағдайдың болмауы – солардың мойнындағы жауапкершілік.

Италия Еуропаны құрдымға кетіре ме?Джим О’Нил – Goldman Sachs Asset Management-тің бұрынғы төрағасы, Ұлыбританияның бұрынғы Қаржы министрі және Chatham House-тың қазіргі төрағасы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz