Интеллектуалдық монополия емес, интеллектуалдық меншік

Бринк Линдси мен Стивен Телес жақында жазған АҚШ экономикасы туралы кітабында: “Қазіргі авторлық құқық және патент туралы заңдар интеллектуалдық меншіктен гөрі интеллектуалдық монополияға ұқсап кетті” деп жазды. Инновацияға және оның таралуына кедергі келтіретін интеллектуалдық меншікті шектен тыс қорғау әрекеттеріне қатысты пікірлер жаңалық емес. Қазір бұл ерекше маңызға ие болып келеді, себебі білім экономикалық белсенділік пен бәсекелі мүмкіндіктің шешуші қозғаушысына айналды.

Цифрлық технологиялар “материалдық емес экономиканың” қалыптасуына жол ашты, бұған ғимараттар мен машиналар сияқты материалдық активтер емес, алгоритмдер мен код тізбектері сияқты “жұмсақ” активтер кіреді. Бұл ортада интеллектуалдық меншік ережелері бизнес модельдерін құрады я құртады, қоғамды өзгертеді, себебі экономикалық игіліктердің қалай бөлінерін осылар анықтайды.

Алайда, бүгінгі интеллектуалдық меншік режимінің басты қағидалары мүлде басқа экономикаға арнап әзірленген. Мәселен, патент ережелері “қатаң қорғау бизнестің инновация жолына түсуіне мүмкіндік ашады” деген ескі ұғымға негізделген. Ал, Петра Моузер мен Хейди Уильямс және басқалар жақында жүргізген зерттеуінде патенттің инновацияны дамытуға ықпалы аз екенін дәлелдеді. Керісінше, қызметкердің мүмкіндіктерін шектеп, жаңа технологияның шығынын ұлғайтатындықтан, мұндай қорғау бұдан да жаңа, қосымша технологияның дамуына себепкер бола алмайды, оның таралуын тежеп, нарықтың бір бөлігінде жиі шоғырлануға алып келеді. Бұл монополиялық билікті арттырып, өндімділіктің өсуін баяулатты және соңғы жиырма жыл ішінде көп экономикаларда теңсіздіктің ұлғаюына себепкер болды.

Оның үстіне, патент лоббиге және рента жинауға алып келеді. Патенттердің көпшілігі коммерциялық құнын арттырудың орнына құқықтық қорған рөлін атқарып, бәсекелестерді алысқа ысырып тастайды. Жүйе кеңейген сайын патентпен қорқыту және сот процестері көбейеді. АҚШ-та интеллектуалдық меншіктің бұзылуына қатысты сот процестерінің бестен үші патентті қорғау жайында, және ол 1990-2010 жылдар аралығында экономикаға шамамен 500 миллиард шығын келтірген.

Кейбіреулер патент жүйесін мүлде жою керек деп санайды. Бірақ бұл – тым шектен шыққан әрекет болар еді. Бізге керегі – жүйені жоғарыдан төмен қарай қайта сүзгіден өткізіп, тым ауқымды да қатал ережелерге ерекше көңіл бөліп, оларды бүгінгі заманға лайықтау, инновацияны дамытып, технологияның таралуына мүмкіндік беретін бәсекеге көбірек жол ашу.

Реформалардың бір парасы – сот жүйесі патент иелерін шектен тыс қолдамайтындай институционалдық жүйелерді жақсарту. Бұдан басқа патенттің өзіне бағыттап та реформа жүргізуге болады, мәселен патенттің мерзімін қысқарту, қолданылмаған патент құқығын жою, патентті шынында өте мәнді өнертабыстар айналасында шектейтін қатаң критерийлер қабылдау.

Барлығы сәтті жүруі үшін “бәріне бір стандартпен қарау” ұстанымынан бас тартып, қазіргі патент режимін бүгінгі экономикаға лайықтайтындай дифференциал ұстанымды енгізген дұрыс сияқты. Патенттер әдетте 20 жылға беріледі (авторлық құқық 70 жылға дейін қорғалуы мүмкін). Ұзақ та қымбат тестілеу режимі бар фармацевтика саласында ұзақмерзімді патенттің берілуі ақылға қонымды болғанымен, өнеркәсіптің басқа салаларында бәрі бұлай анық емес.  Мәселен, цифрлық технологиялар мен бағдарламалау саласында жаңа жетістіктердің пісіп-жетілу мерзімі тым қысқа әрі олар көбіне алдыңғы жаңалықтарға негізделеді, сондықтан патент мерзімі қысқа болғаны дұрыс.

Әрине, егер реттеушілер патенттерді инновацияның әр түріне бейімдеймін десе, олар патент режимін тым күрделілендіріп жібермеуі тиіс. Реформаның дұрыс комбинациясын іздеу барысында біршама эксперимент жасап көруге туралы келеді, оның үстіне нәтижелерді мұқият саралап, дер кезінде түзетулер енгізіп отыру да маңызды.

Бірақ лайықты реформа жоспары – мәселенің бір бөлігі ғана, аса ықпалды жеке мүдделер реформаны саяси тұрғыда қиындатады. Бағымызға орай, ондаған жылдар болған патент жүйесін реформалау ауыр болмайтын шығар. Егер бұл жүйені жақтаушылар шынымен инновацияны қалайтын болса, олар мұны өз іштерінде де қолдауы тиіс.

Дегенмен, патент – инновациялық экожүйенің жалғыз маңызды элементі емес. Үкіметтер де зерттеу мен дамуды тікелей қаржыландыру және салықтық жеңілдіктер арқылы қолдап отырады. Бірақ мұнда да әрекет керек.

Үкімет көбіне фундаменталды зерттеулерді қолдауға ақша жұмсайды, бұл білімнің таралуына септігін тизігіп, жалпы экономикаға көмектеседі. Алайда, АҚШ-та ғылым-білім саласына жұмсалатын қаржы 1980-жылдардың басындағы ЖІӨ-нің 1,2 пайызынан соңғы жылдары осы соманың жартысына дейін азайған. Бұл қоғамдық зерттеу бағдарламаларын күшейтіп, олардың нәтижелеріне халықтың кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік жасау қажетігін аңғартады.

Оның үстіне, салықтарды азайту, грант, сыйлық беру формасында жеке секторды ғылыми зерттеуге ынталандыру барлық фирмаларға бірдей қолжетімді болуы тиіс. Патент реформасы бұл реформаны толықтыруы керек, мәселен үкімет қаржыландырған жобаларға патент алуға тыйым салып, оны нарықтың барлық қатысушыларына ортақ игілік етуге болады.

Жекеменшік фирмалар әзірлеп, коммерциялық тұрғыда жүзеге асырған революциялық инновациялардың көбі үкімет қолдаған зерттеулерге негізделген. Соңғы мысалдар қатарында Google-дың басты зерттеу алгоритмін, Apple смартфонының басты ерекшеліктерін және тіпті Интернеттің өзін атауға болады. Үкіметтер мемлекет қолдаған осындай тиімді жобалардан салық төлеушілер өз үлесін алып отыруын қамтамасыз етуі керек, соның ішінде мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемелерінің бюджетін толтыру жайы бар. Мұнда салық жүйесі маңызды рөл ойнайды.

Кең ауқымда алып қарасақ, күннен күнге білімге негізделіп келе жатқан экономикада жаңа идеяларды тудырып, тарату үшін және жақсы бәсекеге жол ашу үшін қоғамдық саясат инновацияны демократияландыруға ұмтылуы тиіс. Ал бұл – кері бағытта дамып бара жатқан интеллектуалдық меншік жүйесін қайта құру қажет деген сөз.

Интеллектуалдық монополия емес, интеллектуалдық меншікЗия Куреши – Дүниежүзілік банктің дамушы экономикалар бойынша бұрынғы директоры, Бруклин институтының аға ғылыми зерттеушісі. 

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz