Гендер теңсіздігі қанша шығын келтіріп жатыр?

Әйелдер – ерлермен, қыздар – ұлдармен бірдей құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуы үшін күресу – мораль және этика принципі тұрғысынан дұрыс іс екені күмән туғызбайды. Бірақ бұл – экономикалық тұрғыдан да тиімді, нақтырақ айтсақ, 160 триллион долларға пайдалы іс.

Дүниежүзілік банк тобы Канада үкіметінің қолдауымен жақында жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, әйелдер бүкіл өмірінде дәл ерлер сияқты ақша тапса, онда зерттелген 141 елдегі табыс жан басына шаққанда 23 620 долларға, ал жалпы сомасы 160 триллион долларға жетеді екен. Бұл қомақты ақша теңсіздікті азайтып, орта таптың көлемін ұлғайтуға, әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа әкелетін факторларды азайтуға бағытталған болар еді.

Осындай үлкен мүмкіндігі болғанына қарамастан, әйелдер өз елдерінің адами капитал байлығының 38 пайызын ғана құрап отыр. Адами капитал байлығы – ересек адамдардың болашақ табысының көлемі. Кедей және табысы орташадан төмен елдерде әйелдер мұндай байлықтың үштен бірін, кейде тіпті одан да аз бөлігін құрайды.

Барлық елде дерлік қыз-келіншектердің еңбекке толық араласып, ресми экономикаға барынша үлес қосуына жағдай жасалмаған, керісінше оларға жүйелі түрде тосқауылдар қойылған. Әйелдерге бөгет жасайтын жайттар әркелкі болғанымен, барлық жердегі басты императив бірдей: ұлттық үкіметтер мен халықаралық акторлар кез келген істе әйелдер мен қыздардың қажеттіліктері мен басымдықтарын алдыңғы орынға қоюы керек.

G7-нің қазіргі төрағасы ретінде Канада гендер теңсіздігі мен әйелдер мүмкіндіктерін арттыру мәселелерін ұйымның барлық тақырыптары мен іс-әрекеттеріне, бастамаларына енгізуге міндеттеме алды. Бұл бағыт Канаданың былтыр іске кіріскен “Феменизимге халықаралық қолдау саясаты” бағдарламасымен ұштасып жатыр. Ол құжатта кедейлікті жоюдың басты жолы – әйелдер мен қыздарға тең құқық пен экономикалық мүмкіндік беру екені айтылады.

Осы міндеттемені ескере отырып, 31 мамыр – 2 маусымдағы Канаданың Британдық Колумбия аймағының Уистлер қаласында өткен басқосуында G7 елдері қаржы және даму министрлері әйелдердің экономикалық әлеуетін арттыру, соның ішінде жасөспірім қыздардың қабілетін ашу мәселелерін талқылады.  Өткен аптада  Квебектің Шарлеву қаласында G7 басшылары бұл пікірді қуаттады. Мүмкіндіктерге ие болып, еңбекте алда болуға қажетті ресурстарға қол жеткізу үшін бала күнінен, мектептен бастап, еңбекке қажетті дағдыларды қалыптастырғанға дейін, яғни өмір бойы, әйелдің әлеуетін арттырып отыру керек.

Егер әйелдер еңбек нарығына тең дәрежеде қатыссын десек, олардың қолында дұрыс құралдардың бар екеніне көз жеткізуіміз керек. Яғни, әйелдер мен қыздардың барлығы денсаулық сақтау мен ақпаратқа қол жеткізіп, жақсы тамақтанып, барлық деңгейде ыңғайлы білім ортасында тәлім алуы тиіс. Бұған қоса, бұл – әйелдердің сексуалдық және репродуктивтік құқықтарын сақтау, сексуалдық және гендерге негізделген зорлық-зомбылықпен, соның ішінде қызды бала, жасөспірім күнінде күштеп күйеуге берумен күрес деген сөз.

Бірақ, әйелдің жұмысқа тұру және табыс табу мүмкіндіктерін арттыру үшін бұл жеткіліксіз. Мұнымен қоса біз әйелдің ақша төленбейтін жұмыс істеу уақытын азайтып, олардың жер, несие, сақтандыру, депозит сияқты өнімді активтерді бақылауға қол жеткізу мүмкіндіктерін арттырып, аз төленетін не мәжбүрлі жұмыстарға итере салатын қоғамдық нормалардан арылуымыз қажет.

Әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту да – алыс болашаққа бағытталған шаруа. Бұл мақсатқа жетуге “Әйел кәсіпкерлерді қаржыландыру” (Women Entrepreneurs Finance Initiative – We-Fi) бастамасы қазір-ақ жол салып жатыр. Дүниежүзілік банк аясындағы бұл бірлескен әріптестік жобасын 14 елдің, соның ішінде Канаданың үкіметі қолдап отыр. We-Fi жобасы дамушы елдерде әйелдердің меншігіндегі я әйелдер басқаратын бизнес-бастамаларды қолдауға миллиардтаған доллар бөлуді жоспарлап отыр.

Әйелдерді құқықтары мен мүмкіндіктерінен айырудан болған шығын тек әйел затының өздерінің ғана емес, олардың отбасыларының, айналасының, тіпті бүкіл экономиканың мойнына салмақ болып отыр. Әйелдер мен қыздарға инвестиция салып, гендер теңсіздігін жою арқылы біз осы шығындарды азайтып, бүкіл елдің ахуалын жақсарта аламыз.

Оның үстіне, гендерлік тұрғыда экономикалық әлеуетті арттыру жайын саралау арқылы біз этнос, жас, физикалық мүмкіндік, тіл сияқты өзара байланысты мәселелердің де экономикалық өмірге толық әрі тең дәрежеде қатысуға шек қоятынын жақсырақ түсіне аламыз. Бұл кедергілерді жойсақ, мұның болашақтағы пайдасы көл-көсір болмақ.

Барша адамның әлеуетін толық ашып, экономикаға барынша араласуына мүмкіндік беру арқылы біз дамуға жол салып, кедейлікті жеңеміз, сондай-ақ, конфликтіден бастап климаттың өзгеруіне дейінгі ірі ғаламдық мәселелерге әлдеқайда салиқалы жауап береміз. G7 кездесуі осыны жүзеге асыруда нақты қадамдар жасауға үлкен мүмкіндік беріп тұр.

Авторлар туралы

Кристалина Георгиева – Дүниежүзілік банктің бас директоры.

Мари-Клод Бибо – Канаданың Халықаралық даму және Франкофония (французтілді елдер арасындағы ынтымақтастық ұйымы) министрі.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz