Фейк | Салық комитеті мен полиция зейнеткерлердің табысын тексеріп жатыр

«Алматы облысында полицейлер салық қызметкерлерімен бірге 74 жастағы зейнеткердің үйіне аз уақыт ішінде не себепті табысы өсіп кеткенін білу үшін барды». Бұл оқиға фейк қана емес, алаяқтардың сәтсіз құрастырылған жарнамалық кампаниясы.

Полицейлер де құлпынайды жақсы көреді…

«Зейнеткерді банктағы шотына ақша салмақ болғаны үшін полицей ұстап әкетті» деген тақырыптағы мақала сілтемесі Қазнетті шарлап жүр. Вирусты мақала үйінде тонналап құлпынай өсіріп, оны сату арқылы 3,7 миллион ақша тапқан зейнеткер Өтбаев Арыстан Нұрғалиұлы туралы.

Фейк | Салық комитеті мен полиция зейнеткерлердің табысын тексеріп жатыр
Newsinform24 сайтынан скриншот

Пенсионер-миллионер туралы мақала классикалық түрде қорытындыланған – «өндірушінің негізгі сайтына» сілтеме беріледі.

Арыстан Нұрғалиұлы әлде Евгений Иванович?

Google жүйесінен «үйінде құлпынай өсірген зейнеткерді полицей ұстап әкетті» деп іздегенде алғашқы нәтижелер Ресей сайттарын көрсетіп тұр.

Яғни құлпынай сатып байыған зейнеткер туралы мақала Қазақстанмен қатар Ресей және Украинада кең тараған.

Ресейлік және украиналық нұсқаларда негізгі қаһарманның есімі Арыстан Нұрғалиұлы емес, Евгений Иванович Добренко. Зейнеткер Добренко құлпынайды Киев облысында, Калининград, Хакасия, Нижний Новгород, Лениногорск, Мәскеу облыстарында да тонналап өсірген. Ресейде зейнеткер 670 мың рубль (19.03.2019 жылғы курс бойынша 3,9 млн тенге), Украинада 125 000 гривеннен аздау (1,7 млн тенге) тапқан.

«Бұл спамдық аффиляциялық маркетингтің (серіктестік бағдарламалар) әдеттегі жұмыстарының бірі,  дейді Success агенттігінің атқарушы директоры, PRшы клубының мүшесі Ерлан Асқарбеков. – Онда тауарлар мен қызметтерді дамытудың «қара» және «ақ» тәсілдері бар.  Бұл жағдайда «сұр» тәсіл. Бірнеше жыл бұрын олар Баян Есентаева мен Роза Рымбаеваның суреттерін пайдаланған. Бұл бүлікшілер мен нашар журналистердің «қармағы». Және ең бастысы шындық емес. Жәй ғана арсыз жарнама»(орыс тілінен аударылды – ред.).

«БАҚ адамдарды осылай ақымақ қылады…»

Мақаланың астына жазылған пікірлерден байқағанымыз – мұның арсыз жарнама екенін барлығы бірдей түсінбеген. Біреулер: «Түсінбедім. Шын мәнінде атаны алып кетті ме, әлде  бұрынғы саңырауқұлақ өсіргіш тәрізді, құлпынай өсіргішке жарнама жасап жатыр ма» немесе «Екі апта бойы шал туралы қайта-қайта жазып жатыр. Бекер емес қой» (орыс тілінен аударылып берілді) деп жазыпты.

Көпшілігіне мына тіркес шешім боп көрінді: «БАҚ адамдарды осылай ақымақ қылады!».

Фейк | Салық комитеті мен полиция зейнеткерлердің табысын тексеріп жатыр
Opentown.org сайтынан скриншот

Ғажайыптар алаңы немесе Эквадордан шыққан топырақ

Зейнеткер туралы оқиғаның ойдан шығарылғаны былай тұрсын, үйдегі «ғажайып-жидек өсіргіш» туралы жарнама да алдау болып шықты.

Сатушылардың айтуынша құлпынай ерекше эквадорлық топырақта өсетіндіктен 3 апта ішінде бұрын болмаған өнім береді: «Академик Астафьев бастаған РҒА ғалымдары 5 жылын Эквадорда өткізіп, Амазония джунглиін зерттеп, барлығы топырақтың құрамына байланысты екенін ғылыми түрде дәлелдеді».

Фейк | Салық комитеті мен полиция зейнеткерлердің табысын тексеріп жатыр
Berry-home.ru сайтынан скриншот

Бірақ Интернеттен Нобель сыйлығына үміткер академик Астафьевтің қандай да бір үлкен еңбектерін таба алмадық. Бірақ мына суретте Астафьев өзімен бірдей ойлайтын адамдардың ортасында тұр делінген. Сурет ҚазҰМУ сайтынан алынды. Шын мәнінде суреттегі адамдар – «фармацевт технолог» дайындық модулінің 2011-2012 жылдардағы профессор-оқытушылар құрамы.

Сонымен қатар ҚР «Өсімдіктер карантині» (2-1 бөлім 13-бап) туралы заңға сәйкес Қазақстанға топырақ кіргізуге тыйым салынған.

«ПОИСК» Агрохолдингінің басшысы Николай Сальников пен Ресей бағбандар одағының басшысы Андрей Туманов «Ғажайып жеміс өсіргіш» сататындардың өтірігін ашып, аннотациядағы әр жолдың жалған екенін дәлелдеуде. Сарапшылардың айтуынша,  3 аптадан кейін алғашқы өнім беруі мүмкін емес (Сальников пен Тумановтың пікірлерін толығырақ supersadovnik.ru сайтынан көрулеріңізге болады).

Factcheck.kz