Фактчек | Сырттан келген зиянкестің кесірінен Алматы жасыл желексіз қалуы мүмкін

Зиянкес жайлы видеосюжет 2018 жылы 2 мамырда КТК арнасы жаңалықтарынан қазақ және орыс тілдерінде берілді. (Орыс тіліндегі сюжетте мәселе толығырақ қамтылған).

«Алматыда тал-теректі зиянкестер жайпап жатыр. Алматының саябақтары санаулы жылда жайқалған тал-терегінен айырылып, тақыр алаңға айналуы мүмкін, – деді тілші кешкі жаңалықтарда. – Осылай деп дабыл қаққан ғалымдар, қаладағы жасыл-желек талшынның күйе көбелегі, еменнің үңгі жəне қарағаштың иректі егеуішінен қатты зардап шеккенін айтады». Зиянкестер бір жыл бұрын көшеттермен бірге өзге елдерден келуі мүмкін. Қазір ондаған ағаштар жапырақсыз қалған.

Бұл сюжет бірқатар қазақстандық БАҚ-та біраз дау тудырды. Жаңалықты informБЮРО, «Егемен Қазақстан» газеті,  Sputnik Қазақстан, mail.ru жаңалықтары көшіріп басты. Nur.kz сайтының оқырмандары бұл, ең алдымен, «бюджет үшін зиянкес» деген пікір жазған (КТК жаңалықтарындағы видеороликте орыс тіліндегі нұсқасында зиянкеспен күресу үшін қымбат дәрі-дәрмек керек екендігі айтылған). Ал сол уақытта Zakon.kz порталының оқырмандары қалалық билікті біліксіздігі, немқұрайлығы және сылбырлығы үшін ұрысып жатты.

Фактчек | Сырттан келген зиянкестің кесірінен Алматы жасыл желексіз қалуы мүмкін
“КТК” арнасының сюжетінен стоп-кадр

Ағаштарды жайпап жатқан қандай егеуіш екенін және ол расымен де Алматы саябақтарын тақыр алаңға айналдырып жіберетіндей қауіпті ме?  Factcheck.kz осы мәселелердің рас-өтірігін аықтауға тырысып көрді.

Мәлімдеме: «Зиянкестер бір жыл бұрын көшеттермен бірге өзге елдерден келуі мүмкін. Қазір ондаған ағаштар жапырақсыз қалған».

Үкім: Жартылай шындық

Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, емен жапырақтарын егегіштер алғаш рет 3 жыл бұрын пайда болған. Олардың құрттары қаланың әр жерінен табылды. ҚР Тұңғыш Президенті саябағында да кездескен.

Зиянкестің Алматыға қалай келгені ешкімге беймәлім.

«Зиянкестер жорығы» туралы алғашқы материалдар қазақстандық БАҚ-та бір жыл бұрын, яғни 2017 жылы жазда жариялана бастады.

Емен жапырақтарын егегіштер (Profenusa pygmaea klug) еуропалық бөлікте тіршілік етеді. Мәселен, Ресей, Күнгей Кавказ, Украина және Батыс Еуропа. Нұржан Мұхамадиевтің болжауынша, зиянкестер Қазақстанға көршілес Қырғызстаннан келген. Бішкекте 7 жылдан астам уақыт бойы бұл зиянкестермен күрес жүргізіліп келеді. Кейде нәтиже бар, ал кейде жасалған шаралардан ештеңе шықпай жатады. Ағаштардың зақымдануы 2013-2015 жылдар аралығында өте жоғары болған.

Мәлімдеме: «Қаладағы жасыл-желек талшынның күйе көбелегі, еменнің үңгі жəне қарағаштың иректі егеуішінен қатты зардап шеккен. Егер тез арада шара қолданбаса, санаулы жылдар ішінде қаланың жасыл-желегі құрып бітеді дейді ғалымдар».

Үкім: Жалған

Қала саябақтарында теректер, шыршалар, қарағаштар, қайыңдар және т.б. әртүрлі ағаштар өседі. Мамандардың айтуынша, Алматыда емен жапырақтарын егегіштер табылды. Яғни, қауіп емен ағаштарына төніп тұр, ал зиянкестер басқа ағаш түрлеріне зақым келтірмейді.

Егеуіштер тұқымдасы – зиянкес-монофаг,

демек егегіштің әр түрі (егегіш – қондырмалы құрсақты, жарғақ қанатты жәндік тұқымдастарға жатады және оның 400 тұқымы мен 5000-нан астам түрі бар) нақты бір жабайы немесе екпе өсімдіктердің ұлпаларыме қоректену арқылы зақымдайды.

Нұржан Мұхамадиев Алматыда емен егегішінің пайда болғанын айтып, дабыл қаққан ғалымдардың қатарында. Ол «Егер зиянкестермен күреспесе, олар Алматы емендерін қанша уақытта жойып жібереді?» деген сауалға нақты жауап бере алмайтынын айтты. Қазақстанда егегіштердің бұл тобына ешқандай зерттеу жүргізілмеген:

«Нақты болжам жасау қиын. Егер осы мәселелемен айналысу үшін бөлек қаржыландыру болса, егегіш емен жапырағының ішкі жағын жейді, соның нәтижесінде ағаш жапырақтары жұмысын тоқтатады және өзінің сәнін де жоғалтады», – дейді Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты орман және жасыл желектерді қорғау бөлімінің басшысы Нұржан Мұхамадиев.

Фактчек | Сырттан келген зиянкестің кесірінен Алматы жасыл желексіз қалуы мүмкін
Фото 5news.kg сайтынан алынды / Фото с сайта 5news.kg

Зиянкестердің личинкалары емен жапырақтарында қауымдасып, кеңге жайылып әрі минаға ұқсас формада топтасып тіршілік етеді. Сол себепті, орыс тілінде «минирующий пилильщик» аталып кеткен. Ғалымның айтуынша,

«егегіш жұмысы» ағаштардың иммунитетін әжептеуір әлсіретіп жібереді және қабық құрты, мұртшалы құрттар секілді өзге де екінші реттік зиянкестердің зақымдауына алып келеді.

Қырғызстан ғылымдары Бішкектің ағаштарынан емен жапырақтарын егегіштердің аз уақыттың ішінде күрт артуын 2009 жылдан бері анықтаған. 2016 жылы «Бішкек қаласындағы емен жапырақтарын егегіштердің биоэкологиялық ерекшеліктері» (орыс тілінен аударылды: «Биоэкологические особенности дубового минирующего пилильщика (Profenusapygmaea) в условиях г.Бишкек») тақырыбында зерттеу жүргізілді.

Зерттеу қорытындысы бойынша, бұл зиянкес түрі тек емен ағаштарында тіршілік етеді. Жапырақ пластинкаларын жеп, оларды қатты зақымдайды. Осы арқылы жапырақтардың фотосинтез құбылысына қатысатын бөлігінің көлемін азайтады. Осы зиянкестерден құрттаған ағаштар солып қалады. Личинкаларын жалған жұлдызқұрттар деп атайды. Сонымен, алғашқы жастағы жалған жұлдызқұрттар бір күн ішінде орташа есеппен алғанда жапырақтың жасыл алақанының 0,05 мм жеп қояды. Жасы ұлғайған сайын ашқарақ бола түседі. (Емен егегіш толықтай түрлену типі бойынша дамиды, яғни дамудың төрт кезеңінен өтеді. Олар: жұмыртқа, личинка, қуыршақ және имаго). Төртінші сатыдағы жалған жұлдызқұрттар жапырақтың 1,0-2,3 мм аумағын құртады. Бір личинка дамуының барлық кезеңінде орташа есеппен алғанда жапырақтың 1,5-4,5 см зақымдайды.

Мәлімдеме: «Мамандар зиянкестен құтылу үшін өте қымбат биопрепараттар керек дейді. Килограммы 10 мың теңге шамасында, ол бір гектарға да жетпейді» (жаңалықтардың орыс тіліндегі нұсқасында айтылды).

Үкім: Жартылай шындық

Ғалымдардың айтуынша, қаладағы емендерді дер кезінде жасалған өңдеу жұмыстары қорғай алады.

Кешенді препараттармен, дұрысы адамдар, құстар мен жануарларға зиян емес биопрепараттармен өңдеу шараларын уақтылы жасау керек», – дейді Нұржан Мухамадиев.

Оның пікірінше, зиянкестермен күрес орташа есеппен алғанда 1 гектар үшін 460 мың теңгеге шығады. Бұл, расымен де, өте қымбат.

Қырғызстанда егегіштермен күрес шараларында  феромон жапсырма қақпандар мен «Лепидоцид» атты биопрепарат қолданылған. Алайда, нәтиже болмаған екен.

Феромен қақпандарды Баум тоғайында пайдалану жоспарланып отыр. Бұл турады институт директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Абай Сағитов «Караван» газетіне берген сұхбатында айтты.

Профессордың сөзінше, институтқа егегішпен күрес шараларына  15 миллион теңге бөлінген.

Сонымен қатар, егегіштердің табиғи жаулары бар.

«Егегіштерге қарсы басқа пайдалы насекомдарды пайдалануға болады. Бірақ оған дейін зерттеу жүргізу керек. Зерттеу табиғи жауларды зиянкестердің популяциясы реттеу үшін пайдаланудың тиімділігін көрсетуі керек. Сол себепті, бұл зерттеу ұзақ уақытқа созылады», – дейді Нұржан Мұхамадиев.

Бішкек ғалымдары да емен егегіштердің табиғи жауларын анықтады. Олар – Sympiesis sericeicornis (Nees, 1834) пен Pediobius sp паразиттері. Eulophidae тұқымы, Хальцид (Chalciloidea) отрядының түріне жатады. Бірақ бұл нұсқаның нәтиже бергенін айтып мақтану әлі ерте.

Алматыда жәндіктермен күрес химиялық өңдеу шаралары арқылы жүреді. Бостандық ауданы әкімдігі хабарлағандай, осы жылы химиялық қорғау екі рет, сәуірдің аяғында және шілденің басында, жүргізілген. Соның арқасында емендердің халі жақсарған. Алайда, нақты қандай препарат қолданылды, зиянкестермен күрес қанша қаржыны талап етеді деген сауалдарға жауап беруден бас тартты.

* Материалды орыс тілінен аударған: Сәния Әбдіғапар

Factcheck.kz