Ескі де жаңа жаһандану

Бір кездері жұрттың бәрі “жаһандану” деген бірегей құбылыс бар деп санады, ал ол кезде қаржы капиталының шекаралардың кесіп өтуі инновацияны, индустрияны, даму мен сауданы ілгерілетуге үлес қосып жатты. Алайда, Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің “Бір белдеу – бір жол” (БББЖ) бастамасы интеграцияланған физикалық инфрақұрылым жүйесі негізінде  жаһандануға балама көзқарас ұсынды. Материалдық емес қаржы әлемін кемелер мен пойыздардың материалдық әлемі басады.

Си Цзиньпин БББЖ – Батыстың басшылығымен жүрген ескі әрі тұрақсыз жаһандануды тарихтың қоқысына тастаудың тіке жолы деп қарады, сонымен бірге Қытайдың шығыс жағалауында ауқатты да білімді элита қалыптасып, экономикалық даму да осы жағалауға шоғырланғандықтан, ол осы ішкі мәселені де шешуге ниетті. Әлеуметтік тұрақтылық болуы үшін Қытайдың қарқынды дамуының жемісі бүкіл ел аумағына бірдей таралуы тиіс.

Бұл, әрине, тек Қытайдың мәселесі емес. Тарихи тұрғыдан қарасақ, әлемдік деңгейдегі маңызды қалалар үнемі жағалауда орналасады: олар не теңіз, мұхит жағасында, не кеме жүретін өзен бойында қоныс тебеді. Бірер ғасыр бұрын Амстердам, Антверпен, Генуя, Венеция және тіпті ежелгі Афины мен Тир әлемнің коммерциялық орталықтары қызметін атқарған. Ал бүгін Лондон, Нью-Йорк, Токио, Гонконг, Шанхай, Дубай, Сидней және Рио-де-Жанейро сияқты метрополиялар сондай рөл ойнап келеді.

БББЖ жобасындағы еңбек бөлінісінде “жол” – теңіз арқылы қатынасты меңзесе (бұл онша қисынға келмейді), ал “белдеу” – Еуразия даласындағы өзара байланысқан жобаларды білдіреді. Мұндағы басты идея – жағалаудағы ірі хабтар сияқты Орталық Азия мен Шығыс Еуропа тәрізді құрлықтың ішкері жағындағы аймақтарды да әлемдік экономикамен байланыстыруға болады.

Қытайдың сыртында БББЖ әсіресе 2008 жылғы қаржы дағдарысы мен соның кесірінен болған еуроның құлдырауынан жапа шеккен елдерге бағытталған. Мәселен, егемен қарыз дағдарысының ең ауыр күндерінде Грекия Пирей портының 51% акциясын Қытайдың China Ocean Shipping Company (COSCO) компаниясына сату арқылы қытай инвестициясын тартты. Сол сияқты, дағдарыс жылдары капитал ағынының кенет тоқтауынан қатты зиян шеккен Сербия, тіпті Еуропа одағы құрамына кірмесе де, өзін транспорт хабына айналдырудан үмітті.

Ал, Португалия премьер-министрі Антонио Коста Қытай инвестициясына ықылас білдірді әрі жақында Батыста жұмыс істеп жатқан Қытай компанияларына қатысты ауқымды протекционистік шараларға наразылық білдірді. Италияның популистік коалициясы жақында ғана БББЖ жобасын жүзеге асыруға бағытталған өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Тіпті Брекзит хаосының батпағына батқан Ұлыбритания да Қытай инвестициясын және онымен экономикалық байланысты жаңа геосаяси бағыт ретінде қарастырады.

Қытайдың жаһандану көшінен кеш қалған аймақтарды инфрақұрылым арқылы байланыстыру талпынысы – жаңалық емес. Бір ғасырдай уақыт бұрын Британия әлемнің ең ірі державасы болды, дегенмен ауқаттылық пен технологиялық даму жөнінен Германия оны өкшелеп келе жатты. Қазіргі Қытай сияқты Германия да құрлықпен де, сумен де үстемдік жүргізуді қалады. Ұлыбританиямен бәсекелесу үшін ол тек сауда флотына сүйене алмас еді, сондықтан Германия БББЖ-ның баламасы – Берлиннен Бағдатқа дейін созылған теміржол жобасын жүзеге асырды.

БББЖ сияқты немістің жаңа теміржолы сол кездегі жаһанданудан тыс қалған алыс аймақтағы елдерді өзара байланыстырды. Бұлардың арасында ХІХ ғасырдан бері реформа жасап, қаржылық және экономикалық модернизация жүргізе алмай қайраңдап, “Еуропаның дертіне” айналған Оттоман империясы да болған

Оның үстіне, БББЖ сияқты Берлин – Бағдат инфрақұрылым жобасы да үкімет арқылы қысым жасап, жекеменшік сектордағы банктерден (арасында Deutsche Bank бар) қомақты қаражат алып отырды. Оттомандықтар үшін бұл қарыздың өтеуі тым қымбат болар еді. Бірақ ол кезде Германияның несиесі – Британия мен Францияның қарыз қақпанынан құтылудың жалғыз жолы болып көрінді.

Бұл жоба аймақтағы нақты жағдайға емес, Германияның амбициясына көбірек негізделген сияқты. Жоба аяқталғанда оның Анатолия шөлі арқылы өтетін қиырдағы жолдарымен пойыз сирек жүретін.

БББЖ инвестицияның дұрыс салынбауының ірі мысалы саналады. Оны сынаушылар Черногорияның Монака каньонында Қытайдың қаржыландыруымен салынған көпірді “ешқайда апармайтын көпір” деп атады. Теңізге шығар жолы жоқ Сербияны Адриатика жағалауымен байланыстыруды көздеген бұл көпір қазір ештеңені жалғап тұрған жоқ, бұл жағдай болашақта да онша көп өзгере қоймас. Басқаша айтсақ, бұл – қарызға батырар жол.

Франция президенті Эммануэль Макрон “Еуропа ренессансы” идеясын ұсынып жүр. Яғни онда Еуропа тек саяси тұрғыда емес, жүрдек пойыз, электр желілері, мұнай-газ құбырлары арқылы физикалық тұрғыда интеграцияланады. Тек қаржыға негізделген жаһандану ұзақ уақыт бойы мұндай байланысқа көз жұма қарап келді.

Дегенмен, Еуропа елдері Қытайға байланысты дүрдараз болып отыр. Көп үкіметтер мен корпорациялардың зияткерлік меншіктің ұрлануына алаңдап отырғаны заңды. Енді біреулері Қытай инвестициясын қаржыландырудың жаңа көзі, яки Еуроодақтағы солтүстік Еуропа елдерінің үстемдігіне қарсы баланс ретінде қарастырады.

Қалай болғанда да, жаһандануға қатысты Қытайдың ұстанымы Еуропаны өзінің балама даму жолдарын іздеуге талпындыруы керек. Яғни, қарапайым да шектеулі “Юнкер жоспарының” шеңберінен шығып, анағұрлым амбициялық жоба ойластыру қажет.

Жаһандық қаржы дағдарысы Еуропаны анағұрлым тұрақты қаржы жүйесін құруға итермеледі. Бірақ бұл жаһанданудың сенімді формасын қалыптастыру үшін жеткіліксіз. Си Цзиньпиннің Еуропаға сапары болашақтағы ықтимал даму жолын көрсетті. Енді ұзақ жыл тасада қалып, мешеу дамып келген аймақтарды қалай байланыстырып, инвестицияны қайда бағыттау керектігін Еуропаның өзі шешетін кез келді.

Ескі де жаңа жаһандануГарольд Джеймс – Принстон университетінің тарих және халықаралық қатынастар профессоры, Халықаралық басқару инновациясы орталығының аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz