Цифрлық дәуірдегі сөз бостандығы

ОКСФОРД – Германия қабылдаған «Желідегі құқық қорғау» актіндегі Facebook, YouTube сияқты әлеуметтік желілер «заңға қайшы екендігі анық» постты ескерту жасалғаннан соң 24 сағаттың ішінде алып тастамаса, оларға 50 миллион еуро (63 миллион доллар) айыппұл салынады деген талап әу бастан үлкен дау тудырды. Қаңтар айында толық күшіне ене салысымен әлемнің барлық түкпірінен «бұл – цензураның құрығы» деген сыни пікірлер қаптап кетті. Олар «үкімет жеке адамдардың мүдделерінің алдында дәрменсіз» деп қарсылық білдірді.

Сонымен, бұл – Германиядағы сөз бостандығын тұншықтырудың басы ма?

Әрине, жоқ. Шынтуайтында, Германияның Netzwerkdurchsetzungsgesetz (немесе NetzDG) заңы – Американың қанатын кең жайып бара жатқан ықпалды әлеуметтік медиа компанияларына қарсы Еуропада жасалған реттеу шараларының ішіндегі ең қаталы. Әрі сын айтушылар бұл заңның осал тұстарын орынды көрсетіп отыр. Бірақ, тіпті кейбір посттар қателікпен алынып тасталған күннің өзінде еркін пікір білдіруге кең мүмкіндік беріледі.

Басты мәселе – бұл заң «өшпенді сөздер мен қатыгез суреттер таратылып жатқан кезде демократия үнсіз қарап отыра алмайды» деген пікірді халыққа жеткізеді. Ал мұндай контент шынайы өмірдегі өшпенділік пен қатыгездікке алып келуі мүмкін. «Сөз бостандығын қорғаймыз» деген желеумен қоғамды, соның ішінде әсіресе оның ең әлжуаз топтарын, қауіпсіз контенттен қорғаудан бас тарту – бұл ақпаратты таратуға жол беріп отырған ықпалды компаниялардың мүддесіне жұмыс істеу деген сөз.

Қай уақытта да сөз сүзгіден өткізіліп тұрған. Демократиялық қоғамда әркімнің заң шеңберінде пікір білдіруге қақысы бар, бірақ тыңдайтын аудитория болады деп ешкім кепілдік бермейді. Жұртқа сөзі өтуі үшін адамдар үнемі «қақпа күзетшілеріне» өтініш айтуға не оларды айналып өтуге тиіс болған. Ақпарат құралдары, саяси институттар я наразылық шаралары арқылы қандай идеяларды таратуға болатынын солар шешіп отырған.

Қазір де солай, тек бүгінгі «қақпа күзетшілері» – жарияланымдарды автоматты түрде сүзіп, тізімдеп отыратын алгоритмдер. Әрине, алгоритмдерді компаниялардың қалауына қарай кез келген әдіспен реттеуге болады, яғни олар кәсіби журналистикада бар сенімділік, айқындық және бірізділік талаптарына сай келетін жазбаларға басымдық бере алады.

Ал, бүгінгі әлеуметтік медиа жарнамадан түсетін табысқа ерекше басымдық береді. Яғни, тым аттаншылдарға мегафон беріледі де, қоғамдық пікірталасты жақсартуға жол ашатын сабырлы пікірлер, жаушылдыққа шақырмайтын, онша танымал емес дауыстар естілмей қалады.

Егер мұндай дауыстарды тұншықтыратын алгоритмдер өз жұмысын дұрыс атқармаса, онда көбіне онлайн тролльдар көмекке келіп, өшпенді де үрейлі сөздерді өздері таңдаған кез келген адамға қарсы бағыттай алады.

Әсіресе әйелдер мен азшылық топтары онлайн қорлаудан көбірек жапа шегуі мүмкін, бірақ ол кез келген адамға бағытталуы ықтимал. Мәселен, екі аптаның ішіндегі екі террорлық акт кезінде де оқиға орнында кездейсоқ болған германиялық блогшы Ричард Гутджарға конспирологиялық шабуылдар жасалып, ол жұрттың қарғысына ұшырады.

Онлайн кемсітуге ұшыраған адамдар көбіне өз-өздеріне цензура салады, олардың жеке қауіпсіздігі мен ар-ожданы аяқасты болады, сөйтіп олар әлеуметтік желіден мүлде кетіп қалады. Осы тұрғыдан алғанда, біз «сөз бостандығын қорғаймыз» деу арқылы өшпенді пікірге басымдық береміз. Бірақ неге жапа шеккендерден гөрі тәртіп бұзушылардың құқығы басым болуы керек?

Демократияда азшылықтың құқығын таптау арқылы көпшіліктің құқығын қорғауға болмайды. Алгоритмдер дәуірінде үкіметтер кейде тіпті жапа шеккендердің жағына шықса да әлсіздердің құқықтарын қорғауға ерекше күш салуы керек. Егер онсыз да дәрменсіз адамдар экстремистер мен агрессорлардың қоршауында қалса, олардың дауыс көтеріп сөйлеуден жасқанары анық. Бұл «сөз бостандығы» өлді деген сөз.

Цифрлық дәуірде жылдамдық шешуші рөл ойнайды. Технология өте шапшаң, жарияланған пост бірер минуттың ішінде кең тарап кетуі мүмкін. Демократиялық институттар бұдан әлдеқайда баяу жұмыс істейді, ал полиция мен сот тролльдар мен онлайн өшпенділікпен күресте тіпті шабан. Оның үстіне, жапа шеккендердің көбінің Гутджар сияқты сапалы адвокат жалдауға шамасы жетпейді. Қазіргі цифрлық коммуникация дәуірінде сөз бостандығын қорғауда ебедейсіз мемлекеттік инстуттарға ғана арқа сүйеу – жақсы стратегия емес. 

NetzDG заңын сынаушылардың барлығы бірдей бұл талапқа қарсылық білдірмейді, арасында кейбір әлсіз топтарды қорғауды жақтайтындар бар. Бірақ олардың айтуынша, қажетті қорғау шаралары қазір-ақ қалыптасқан. Оның үстіне адамның ар-намысын қорлауға, араздық пен қантөгіске шақыруға тыйым салынған, бұл талапты бұзғандар жазаланады. Мәселен, Франция президенті Эммануэль Макрон заң жүйесінің өшпенді пікірлер мен жалған ақпаратпен күресу мүмкіндігін арттыру керек деп санайды.

Өшпенді сөзбен де, сол сияқты заңсыз контент түрлерімен де күресу үшін оны таратушыға ықпал ету керек. Бір жағынан тұтынушылардың медиа сауаттылығын арттыруға көңіл бөлу қажет. Онлайнда өшпенді сөз жазғанның шынайы өмірде салдары болуы мүмкін екенін бала күнінен түсіндіру керек. Екінші жағынан, әлеуметтік медиа платформалары өз өнімдерінің жауапты түрде пайдалануға лайықталып жасалғанына көз жеткізуі тиіс.

Бірақ, бұл – бір күннің шаруасы емес. Бұл үшін өшпенді сөзді өршітетін, тіпті оған қолдау білдіретін бизнес-модельдерді қайта қарау қажет. Компаниялардың зиянды контент таратудан пайда көріп, оның салдары үшін жауапкершіліктен құтылуына жол берілмеуі керек. Оның орнына олар алгоритмдерін бұдан да тиімді әрі мұқият жұмыс істейтіндей етіп қайта қарап, контентті адамдар тексеріп, бағалап отыратындай етуі керек әрі барлық бизнес-шешімдерін нағыз сөз бостандығы үшін күрес жолындағы жауапкершілігін сезінетіндей етіп құруы тиіс.

Бұл пайданы барынша көбейтіп, акцияның бағасын қымбаттатуды көздейтін бизнес логикасына қайшы келуі мүмкін. Бірақ, қоғам үшін ең қолайлысы – осы жол екені күмәнсіз. Компанияларды осы талапқа көндіруге тырысып жатқан Германия үкіметінің әрекетін қолдаймыз.

Цифрлық дәуірдегі сөз бостандығыАлександра Борхардт – Журналистиканы зерттеу жөніндегі Рейтер институтының Стратегиялық даму жөніндегі директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz