Цифрлық жеке куәлік мәселесі

МУМБАЙ / САН-ФРАНЦИСКО – Дүниежүзінде төрт миллиардтан астам адам Интернетке қосылған, олар Интернетке жалғанған құрылғылар мен қызметтерге күніне шамамен алты сағатын жұмсайды. Тайланд пен Филиппин халқы Интернетті күніне орта есеппен 9,5 сағат пайдаланады, ал АҚШ-та тұрғындардың 26 пайызы “үнемі дерлік” онлайнда отырады, 2022 жылға қарай тағы бір миллиард адам Интернет қолданушылардың қатарына қосылады деген болжам бар. Жаңа цифрлық әлемге аяқ басып жатқанда оны қауіпсіз, тиімді етіп, өз ыңғайымызға қарай қолданудың маңызы артып келеді. Кей елдерде мұның бір жақсы шешімі табылған сияқты. Ол – цифрлық идентификация.

Физикалық идентификацияның электрондық баламасы “цифрлық ID-дың” маңызы өте зор. Біріншіден, Интернет қолданушылардың көбі цифрлық әлемде салған “іздерін” бақылауға, онлайн аккаунттарын тіркеп, сәйкестендіріп, басқаруға құлықсыз. Әр электрондық пошта мекенжайына орта есеппен 90 онлайн акканут жалғанған және бұл көрсеткіш әр бес жыл сайын екі есе өсіп келеді. Сондықтан, қолданушылардың 25 пайызы күніне бір рет бір құпиясөзді ұмытып қалатыны, банктерге шалынған қоңыраулардың үштен бірі шатастырылған не ұмытылған құпиясөздерді қалпына келтіру туралы өтініш болатыны таңқалдырмайды.

Мұқият жасалған цифрлық жеке куәлік (ID) тұтынушылардың көбін қобалжытатын мәліметті ұрлаудан қорғауға көмектесе алады. Мәселен, тек соңғы екі айдың ішінде ғана Marriott пен Quora мәліметтерді ұрлау оқиғасының болғанын хабарлады, әлдекімдер жүздеген миллион клиенттің жеке мәліметтеріне қол жеткізген. Хакерлік шабуылдардың ауқымы кеңейіп, деңгейі өсіп жатқандықтан, қауіпсіздікті күшейту қажет екендігі айқын.

Дамушы елдердің халқы өздерінің кім екенін дәлелдеуі қажет. Бәлкім цифрлық жеке куәліктің қажеттігі бойынша ең басты аргумент те осы болса керек. Дүниежүзілік банктің ID4D бастамасына сәйкес, бір миллиардқа жуық адамның қандай да бір заңды куәлігі жоқ, сондықтан олар дауыс беріп, банк қызметін пайдаланбайды, арзандатылған тағамға қол жеткізіп, мүлік сатып ала алмайды. Банк қызметін алмайтын 1,7 миллиардтай адамның 20-30 пайызы бұған құжаттарының жоқтығы себеп болғанын айтады.

Проблеманы түсініп, оның ауқымын сезінген ондаған ел түрлі формада цифрлық жеке куәліктер жасап жатыр. Мәселен, Үндістанның  Aadhaar бағдарламасы – жеке басты куәландырудың биометрикалық түрі, 1,2 миллиард адамды қамтыған бұл бағдарлама үкіметтің қаржысын таратуды үйлестіруге көмектеседі. Эстонияда тұрғындардың 98 пайызының электрондық жеке куәлігі бар, мемлекеттік қызметтің 99 пайызы сол арқылы онлайн жүзеге асырылады, олар тіпті сол құжат көмегімен дауыс береді.

Адамды дамыту мәселесінде де осы тақырып жиі қозғалады. Африкада үкіметтер, даму агенттіктері және бизнес басшылары жыл сайын “сенімді де жауапты ID экожүйесін” қалыптастыруға бағытталған ID4Africa forum форумына жиналып тұрады.

Қаржылық қызметтер мен технология индустриясы бастаған жеке сектор цифрлық жеке куәлік жүйесін дамытуда қадамдар жасап жатыр. Мәселен, Швециядағы банктер консорциумы 2003 жылдан бері цифрлық транзакцияларды сәйкестендіру үшін BankID жүйесін қолданып келеді, кейіннен мемлекеттік қызмет көрсету және денсаулық мәліметтерін жинау мақсатында бұл жүйені үкімет те пайдалана бастады.

Дегенмен, цифрлық ID бағдарламалары қазір әрқилы нәтиже көрсетіп отырғаны рас. Тек аз ғана топ кең ауқымды қолданысқа қол жеткізсе, көбі аз кісінің өзін пайдалануға көндіре алмаған. Әлемдегі цифрлық жеке куәліктердің көбі тар ауқымда, тек экономикалық, саяси не әлеуметтік мақсаттарда қолданылады. Жеке адамдар мен институттардың өзара әрекеттесуінде цифрлық жеке куәліктер бұдан маңыздырақ рөл ойнай алады.

Көп қолданысқа шыққан цифрлық жеке куәліктер жеке адамдар, мекемелер мен үкімет органдары үшін елеулі экономикалық маңызға ие болуы мүмкін. Жаңа баяндамада көрсеткеніміздей, цифрлық жеке куәліктер алаяқтық деңгейін төмендетіп, клиенттерді тарту шығынын азайтады, қаржы саласына жұрттың көп қатысуына, банк қызметін пайдаланбай келгендердің көбірек ақша жинап, несие алуына жағдай жасайды. Олар, сондай-ақ, цифрлық формада таланттарды анықтап, қызметкерлерді тексеру процесін реттейді, сөйтіп еңбек нарығында қатысу көлемін арттырады. Цифрлық жеке куәліктер өзара матасқан онлайн экожүйеде мәліметтер мен цифрлық “іздерді” қорғау құралдарын ұсынады. Біздің болжауымызша, цифрлық жеке куәліктерді жаппай қолдану экономикасы дамыған елдерде ЖІӨ-нің 3 пайызына, ал дамушы елдерде ЖІӨ-нің 6 пайызына тең экономикалық құн қалыптастырады.

Алайда, цифрлық жеке куәлік технологиясы екі түрлі мақсатта қолданылатын технология сияқты қоғамның игілігіне де, орынсыз мақсаттарға да пайдаланылуы мүмкін. Дұрыс жоспарланбаған ID жүйелерінің қаупі болады. Принциптері мен бақылау жүйелерін дұрыс жобаламаса, цифрлық жеке куәлік жүйелері әкімшілердің қолына шексіз билік беруі мүмкін, ал бұл дискриминацияға және басқа да әділетсіздікке жол ашады. Бұл қатерлерді азайту үшін мемлекеттер мәліметтерді және жеке өмірді қорғау бойынша қатаң заңдар қабылдап, оларды орындау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қолға алуы керек. Электрондық карта, криптография және биометрика сияқты тіркеу және сәйкестендіру технологияларындағы ілгерілеу көмектеседі, бірақ қатаң саясат өте маңызды.

Десе де, сын-қатер бар болғанымен, біздің зерттеу көрсеткеніндей, экономикалық, әлеуметтік және саяси игілігі орасан зор екені сондай, оны елемей қоюға болмайды. Егер мемлекеттер мен әзірлеушілер барлық тәуекелдерінен хабардар болса және оларды болдырмауға бар күшін салса, цифрлық жеке куәлік инклюзивті дамуға апарар жол болары анық.

Ану Мадгавкар –  McKinsey Жаһандық институтының Үндістандағы серіктесі.

Оливия Уайт –  McKinsey & Companу-дың Сан-Францискодағы кеңсесінің серіктесі.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz