БЖЗҚ-ның жыл басынан бергі шығыны – 50 млрд теңге – шындық па, манипуляция ма?

БЖЗҚ-ның жыл басынан бері шығыны 50,33 млрд теңге, бір ай бұрын ол 45,14 млрд теңге еді, деп жазады «Central Asia Monitor». Біз бұл тақырыпқа қайтадан тоқталып, қордың әрбір салымшысы оның зейнетақы ақшасы не болып жатқанын түсіну үшін мәселені егжей-тегжейлі зерттеп көруді шештік.

Ең бірінші, шығындардан бастайық.

Үкім: Шындық

Бұл мәліметті тексеру оңай, себебі зейнетақы қоры ай сайын есеп жариялайды. Ондағы деректер бойынша 2019 жылдың қаңтар-сәуірінде БЖЗҚ 50,33 млрд теңге шығынға батқан.

Camonitor.kz жазғандай бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан болған шығындар 29,51 млрд теңгені (бір айын бұрын 16,20 млрд теңге), ал шетел валютасын қайта бағалаудан болған шығындар 20,82 млрд теңгені (бір ай бұрын 28,94 млрд теңге) құрады.

Яғни бұл нақты шығындар. Қор шығынға батып жатыр, себебі активтерді қайта бағалауға мәжбүр.

Пайда мен шығындарды қалай есептеу керек?

Factcheck.kz екі ай бұрын да Central Asia Monitor басылымының материалына талдау жасап, «шындық» деген үкім шығарған еді. Зейнетақы қорына жыл басынан бері 80,54 млрд теңге шығын келген. Мақала қор өкілдеріне қатты әсер етіп, олардың наразылығын тудырды.

«Бұл манипуляция. Жалпы алғанда қор жақсы қаржылық нәтижеге қол жеткізді. Салымшылар жыл басынан бергі екі айда 25,42 млрд теңге пайда тапты. Иә, бұл инфляция деңгейінен төмен, алайда олар шығынға батқан жоқ, қайта пайда тапты», деп мәлімдеді БЖЗҚ.

Бұл жерде ресми инфляция көрсеткішін (негізі шынайы көрсеткіштер әлдеқайда жоғары) басып оза алмаған соманы «жақсы қаржылық нәтиже» деп айту өте даулы.

2019 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы ресми инфляция 0,8%, ал БЖЗҚ болашақ зейнеткерлер үшін небәрі 0,13% пайда тапқан. Осылайша, 2019 жылдың алғашқы екі айында зейнетақы активтері бойынша нақты табыс 0,67% – ға төмендеген. Бұл жағдайда қандай да бір табыс туралы айтуға болмайды. Тек БЖЗҚ ғана емес, салымшылар да шығынға ұшырады.

Мысал үшін:

Егер сіз банкке 0,8%-бен ақша салып, жылдық инфляция 0,8% болса, онда жыл соңында ештеңе жоғалтпайсыз және ештеңе таппайсыз, яғни табысыңыз нөлдік деңгейде болады. Ал егер инфляция 0,8% болып, салым бойынша пайыз 0,13%-ды құраса, онда сіз шығынға ұшырайсыз.

Егер БЖЗҚ активтерді қайта бағалау барысында 80 млрд теңге жоғалтпаса, онда жағдай мүлдем өзгеше болар еді — қор өз клиенттеріне инфляцияны жабатын табыс әкелер еді.

Төрт айдың қорытындысы бойынша жағдай өзгерді. Теңге қаңтар-ақпан айларында 384,2-ден 377,26-ге дейін түсіп, 30 сәуір күні 381,94-ке қайта көтерілді. Нәтижесінде, зейнетақы активтерінің табысы 1,62%-ды құрады, яғни 1,8% инфляция деңгейіне жетіп қалды.

Шығын қайдан?

Қор болашақ зейнеткерлер үшін қалай пайда тауып жатқанын түсінуге тырысайық.

2019 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақы активтері портфелінің көлемі 9 761,9 млрд теңгені құрады. Үлкен сома. Мұндай инвестпортфельді табысты «тіркеп қою» өте қиын, ал оны сауатты басқару одан да қиын. Барлық құралдар бірдей тиімді емес және салымдардың тиімділігін алдын ала болжау қиын. Мүмкін бұл тек Уоррен Баффеттің қолынан келер. Ол «жұмыртқаларды тек қана пайдалы себеттерде сақтау керек» деп санаған.

Миллиардтаған зейнетақы ақшасын қайда инвестициялауды шешетін Ұлттық Қорды басқару жөніндегі кеңесте миллиардер Баффеттің қаржы қабілеті жоқ сияқты. Әйтпесе активтерді қайта бағалаудан және сәтсіз салымдарға байланысты дау-дамайлардан келген миллиардтаған шығын болмас еді. Дегенмен ресми ұсынылған сандармен сөйлейік.

Былай айтқанда БЖЗҚ портфелі екі себетке бөлінеді — теңгелік және валюталық. БЖЗҚ-ның теңгедегі номинацияланған ақшасы мен қаржы құралдары – 6 613,1 млрд теңге (67,7%), ал шетел валютасында – 3 148,8 млрд теңге (32,3%).

Бағамның құбылмалы болуына байланысты портфельдің валюталық құраушысын қайта бағалау жүргізіледі. Яғни теңге нығайған кезде активтердің валюталық бөлігі шығын әкеледі (мұндай жағдай биыл қаңтар-ақпан айларында болып, БЖЗҚ шамамен 80 млрд шығынға батты). Және керісінше – теңге әлсіреген кезде БЖЗҚ ресми инфляция деңгейінен асатын инвестициялық кірісті тіркеді (2018 жылы болғандай).

Девальвация және пайда туралы

Мысал үшін 2018 қорытындысын аламыз, себебі көрсеткіштер жақсы болған сияқты. 2018 жылы БЖЗҚ активтерінің табыстылығы 11,3%-ды құрады, ал

ресми инфляция 5,3%-дан аспады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, жергілікті БАҚ хабарлады. Алайда, егжей-тегжейлі талдаудың нәтижесінде сарапшылар келесі қорытындыға келді: БЖЗҚ инфляциядан жоғары табысқа девальвацияның арқасында қол жеткізді.

2018 жылдың басынан бастап теңге бағамы бір АҚШ долларына шаққанда 318,31 теңгеден 380,93 теңгеге дейін құлдырады.

«Ұлттық банк девальвациялық «тізгінді» бос жібергендіктен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша бір доллар шамамен 50 теңгеге қымбаттады. Сондықтан жыл соңына қарай инвестициялық кіріс күрт өсті», — деп жазады экономист Төлеген Асқаров «Зейнетақы салымдарын «құрту» үрдісі анық бола бастады» мақаласында.

БЖЗҚ-ның кірістері мен 2015 жылғы девальвация туралы үш жыл бұрын Forbes.kz-те жазды:

«2015 жылдың соңына қарай БЖЗҚ-ның портфеліндегі валюталық активтердің үлесі 17%-ды құрады. Теңге тамыз айында «еркіндікке» жіберілмей тұрып портфельдің орташа табысы айына шамамен 25 млрд теңге болды. Ал тамыз айынан бастап орташа айлық табыс бірден 128 млрд теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар, портфельдің ең үлкен кірісі девальвацияның ең үлкен толқындары кезінде тіркелген, яғни тамыз бен қараша айларында», – дейді БЖЗҚ портфелінің табыстылығына қатысты пікір білдірген Halyk Finance зерттеу департаментінің директоры, Басқарма мүшесі Мұрат Темірханов.

Яғни теңге нығайған кезде БЖЗҚ инвестпортфельінің долларлық бөлігі бойынша есебі әрдайым шығындарды көрсететін болады. Сондықтан экономистер Ұлттық банкте «теңге девальвациясы есебінен есептелген инвестициялық табыс пен зейнетақы төлемдерінің арасындағы айырмашылықты арттыруға сылтау пайда болады» деп қауіптенеді

Катерина Клеменкова