Байқоңыр жайлы аңыз бен ақиқат

Қазақстаннан Ресейдің жалға алып отырған Байқоңыр қаласы туралы көптеген аңыздар бар. Байқоңыр мектептері орысша оқытады, жұмысшылар рубльмен жалақы алады т.б. Осы аңыздардың рас-өтірігін Factcheck.kz анықтады. 

1. Байқоңыр мектептерінде тек орыс тілінде ғана оқытады

Үкім: Жалған   

Байқоңырда қазақ мектептер Ресейдің білім беру жүйесіне бағынған. Бірақ, 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, қазақ тілде білім беретін алты мектеп  Қазақстанның білім беру жүйесіне ауысты. Оған дейін де, 13 мектептің алтауы қазақ тілде білім беретін. Бірақ, білім беру жүйесі Ресей еліне бағынатын.

2. Байқоңырда Ресей азаматтары қазақстандықтардан басым

Үкім: Жалған

Байқоңырды Ресей жалға алса да, қалада қазақ тұрғындары басымырақ. Оған дәлел Қызылорда облысының әкімдігінің сайтында Байқоңырда 70 мыңнан астам адам тұратындығы көрсетілген. Оның ішінде 41574 Қазақстанның, ал 26 419 Ресей Федерациясының азаматтары.

3. Жалақыны рубльмен төлейді

Үкім: Жартылай шындық

Байқоңырда қазіргі уақытта жалақыны рубльмен алатындар бар. Оған дәлел, Байқоңыр қаласы әкімдігінің ресми сайтында, сол қалада жұмыс жасайтын әртүрлі  қызметкерлердің орташа жалақысы рубльмен көрсетілген. 2015 жылдың қыркүйек айына дейін, қазақ мектептерінде жұмыс жасайтындар рубльмен жалақы алатын. Білім беру жүйесі Қазақстанға ауысқан соң, қазақ мектептерінің мұғалімдері теңгемен, ал Ресейге қатысы бар ұйымдарда жұмыс атқаратын қызметкерлердің барлығы рубльмен алады.

4. Ғарыш айлағы Байқоңырдың жанында

Үкім: Манипуляция

Байқоңыр қаласы бөлек, ал ғарыш айлағы Байқоңырдың сыртында орналасқан. Ол “Байқоңыр ғарыш айлағы” деп аталады. Байқоңыр қаласынан ара-қашықтығы шамамен 40 км қашықтықты құрайды.

Байқоңыр жайлы аңыз бен ақиқат

5. Байқоңырда қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндері оқытылмайды.

Үкім: Жалған

Қазақстан және Ресей Федерациясының білім министірлігі 1994 жылы 30 тамызда білім беру процесі бойынша келісімге келген болатын. Білім беру мекемелерінде сол келісім негізге алынып, білім беру процесі ұйымдастырылған. 2006 жылы Қазақстан және Ресей Федерациясының білім және ғылым министірлігі қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін ұйымдарды Қазақстан Республикасының юрисдикциясына беру туралы келісімге келді.

Бұған дәлел 2010 жылы 23 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы«Байқоңыр кешенін» тиімді пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Білім және ғылым министрлігінің өкілі сол кездесуде: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, география және Қазақстан тарихын Байқоңырдағы алты қазақ мектебінде оқытылып жатқанын айтты.

6. Байқоңырлық оқушылар ҰБТ тапсырмайды

Үкім: Жалған

Байқоңырлық түлектер ҰБТ-ны толықтай тапсырады. Оған дәлел Байқоңыр әкімдігінің ресми сайтында мектеп түлектерінің ҰБТ тапсыратындығы көрсетілген.

Қызылорданың облыстық «Сыр бойы» газетінде 2017 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша, Байқоңырдың жеке статистикаға алынғандығын айта кетейік.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz