Ақпараттық дүрбелең: RTVI: “Батыстың Ресейден қорқатыны” жайлы

Батыс мемлекеттер либералдарды құртуға дайын дәстүрді ұстанатын Ресейден қорқады. Бұл жайлы чех саясаткері, депутат Иржи Кобза Parlamentní listy басылымында жарияланған колонкасында жазды. Ресейдің бірнеше басылымы депутаттың сөзіне негізделіп Батыстың Ресейге деген жеккөрініші мен қорқынышы жайлы мақалалар жариялады. RTVI  мұндай ақпараттың неліктен манипуляция екенін түсіндірді.

Кобзаның ойынша Ресейдің дәстүрді сақтап қалу және консервативті құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізу идеологиясы Еуроодақ үшін қолайсыз, әрі қауіпті.

Депутат Ресейдің гей-парад пен марихуананы заңдастыруды қолдайтын шеру өткізілмейтінін, исламның экспансиясын тежеп тұрса да, дінді құрметтейтінін және феминизмді қолдамай, бірақ әйел мен ердің теңдігін мойындайтынын айтты.

Сондай-ақ елде «қоғамның құлдырауына және ұлттық дәстүрлі отбасы құндылықтарын бұзуға талпынатындарды жек көреді». Сондықтан Кобза «Ресей Еуроодаққа әскери күшпен емес, ақылмен қорқытады» деген қорытынды жасады.  

RTVI-дің айтуынша Кобзаның сөзін қолданылу “ақпараттық дүрбелең”, себебі бұл жаңалық емес, колумнистің пікірі. Сөз бостандығы басты либералды құндылықтардың бірі. Ол оқырмандармен ой-пікірін еркін бөлісе алады. 

Мақала авторы кәсіпкер және саясаткер, 2017 жылдан бері Чехия парламентінің төменгі палата депутаты қызметін атқарады. Кобза еуроскептиктер пен Еуроодаққа миграцияға қарсы адамдарды біріктіретін Freedom and Direct Democracy партиясының өкілі. Саясаткер фейсбуктағы мұсылмандарға қарсы топтарда, Владимир Путин мен Чехия президенті Милош Земанның жақтастары ашқан топтарда тіркелген

Мақала жарияланған Parlamentní listy онлайн басылымын Чехия парламентіне тиесілі деп ойлап қалуға болады. Бірақ, бұл Our Media as медиа-тобына тиесілі жеке портал.  

2016 жылы Чехияның Брно қаласындағы Масариков университетінің әлеуметтанушылары Мәскеу Parlamentní listy сайтын үгіт-насихат және қоғамдық пікірді манипуляция жасау құралы ретінде пайдалануы мүмкін деген қорытынды жасады. Сарапшылардың пікірінше басылым Кремльді тікелей мақтамаса да, батыстық демократияның кемшіл тұстарын көп айтады. Our Media as басқарма төрағасы Ян Холубек әлеуметтанушылардың қорытындысын өтірік деді. 

Чехия депутатының авторлық колонкасы Ресей БАҚ-тарында кең таралғаны таңқалдырмайды. Біріншіден, мақалада Ресей саясатын жақсы қырыннан сипаттайды.

Екіншіден, Кобза Еуроодақтың Ресей алдындағы қорқынышы жайлы жазды. Оның үстіне, автор қорқынышты Ресейдің әдеттегідей әскери күшімен байланыстырмайды. Оның ойынша либералды демократия құндылықтарына Ресей мықты идеологиялық тұрақтылықпен төтеп бере алады.

Қырықтан астам сайт автордың жеке пікірін жаңалық ретінде берді. Ал кейбір басылымдар ақпаратты бұрмалап, “бүкіл Чехия Батыс мемлекеттер идеологиялық себептермен Ресейден қорқады деп ойлайды” деген жаңалық таратты.

Ресейдің RTVI басылымы «Инфошум» бөлімінде фейк жаңалықтарға, БАҚ-та бұрмаланған ақпаратқа шолу жасап, талдайды. Редакцияның анықтамасы бойынша ақпараттық дүрбелең – оқиғалар мен мәлімдемелердің маңыздылығы әсіреленген немесе фейк-ньюс. Ақпараттық дүрбелең белгілі бір редакцияның мүддесі үшін толық мәтіннен үзіп алынған, біздің өмірімізге әсер етпейтін мәлімдеме немесе шынайы оқиға болуы мүмкін.   

Factcheck.kz