Зомби-фейк | Теңге ауысады

WhatsApp мессенджерінде 2019 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстанда теңгенің миссиясы аяқталып, орнына «алтын» атты жаңа валюта шағады деген ақпарат тарап жатыр. Аудиохабарламаның негізгі мағынасы мынадай:

«2019 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстанда валюта «алтынға» ауысады. Сол кезде теңге құнсызданады. Сондықтан теңгені долларға ауыстырып, несие алмағандарың болса, теңгелей несие немесе ватокөлік, тұрғын үй және тағы басқа қажетті дүниелеріңді алып алыңдар. Валюта ауысқанда теңгенің құны болмай қалады».

Үкім: Зомби-фейк

Қазақстан валютасы «алтынға» ауысады деген қауесет 2015 жылы да қазақстандықтар арасында кеңінен тараған болатын. Сол кезде де Ұлттық банк өкілдері бұл ақпараты теріске шығарған еді. Бұл жол да Ұлттық банк әлеуметтік желіде тараған ақпараттың дәйексіз, арандатушылық мағынасында таралған фейк мәлімет екенін хабарлады.

Инф-хабар-28.06.2019

Хабарламаның тарауына не себеп болды?

Бір қызығы, 2015 жылы фейк ақпараттың тарауына Қазақстанда доллар бағамы 300 теңгеден асқаны және Еуразиялық Экономикалық Одақтың ортақ валютасы шығады деген алып-қашпа әңгіме арқау болған-ды.

Ал араға төрт жыл салып зомби-фейктің оралуына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы жарлығы себеп болды.

Қорыта айтқанда…

ҚР Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңда валюта ауыстыру туралы ешқандай тарау немесе бап қарастырылмаған. Демек, мемлекет аяқ астынан валюта ауыстыру туралы шешім қабылдайтын болса заңға жүгінбей, оны бүкілхалықтық референдум аясында шешеді.

Референдумда төменде көрсетілген 8 мәселе ғана Республикалық референдумның талқысы бола алмайды, ал қалған мәселелер референдум арқылы шешіледі.

Республикалық референдум туралы Заң. 3-бап. Республикалық референдумның талқысы бола алмайтын мәселелер
      Мыналар:
      1) адамның және азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына әкелiп соғатын;
      2) тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту;
      3) Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мен шекараларының;
      4) сот әдiлдiгi, қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық тәртiптi қорғау;
      5) бюджет пен салық саясаты;
      6) рақымшылық пен кешiрiм жасау;
      7) Республика Президентiнiң, Парламент Палаталары мен Үкiметiнiң қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;
      8) Республиканың халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелерiн орындау мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды.
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

Factcheck.kz