Журналистикаға төнген бес қауіп

АҚШ-та тұратын саудиялық журналист Жамал Хашогиидің аяусыз азапталып, өлтірілуі Саудияның крон-принці Мұхаммед бин Салманға жұрт назарын аударды, көпшілік журналисті өлтіруге сол тапсырма берген деп санайды. Бұл оқиға, сондай-ақ, журналист кәсібінің қаупін айғақтайды. Соңғы сандарды санағанда 2018 жыл әлемде журналистер үшін ең қауіпті жыл болып шығатын түрі бар.

Журналистерге физикалық шабуыл жасау тым өршіп кетсе де, әрі Хашоггидің өлтірілуі солардың ішіндегі ең жантүршіктірерлік оқиға болса да, бұл кәсіптің алдында тұрған қауіптің көбі – тұрмыстық. Соның ішінде бесеуі ерекше көзге түседі.

Біріншіден, жұмыс орындары азайып барады, бар жұмыстың өзінде жалақы аз, тұрақсыз әрі дамуға мүмкіндік жоқтың қасы. Мәселен, АҚШ-та он жылдан аз уақыт ішінде БАҚ-тағы жұмыс орындарының саны 25 пайызға азайған, оның үстіне соңғы жылдары ең мықты журналистика мектептеріне түскен студент саны да кеміген.

Екіншіден, талант үшін таласта дамыған технология редакциялардан басым түсіп келеді. Айғақтама журналистиканы жүргізіп, саланы цифрлық форматқа өткізу үшін технологияда дағдылары бар мамандар керек. Бірақ әзірге компьютер инженерлерінің көбі ең үлкен деген ақпарат құралдарының өзінен гөрі жоғары жалақы, тұрақтылық және жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдігін жақсы сақтайтын Facebook, Google сияқты платформалық компанияларды жөн көреді.

Үшіншіден, журналистика бұрынғыдай сән болмай қалды. Бұрындары әртүрлі ауа райынан шаршаған шетелдегі тілшілер телеэкран мен газеттер арқылы жас журналистерді осы салаға қызықтырып шақыратын. Оның үстіне, бұл салаға келгендердің көбі қалалық әкімшіліктен әрі асып тәуекелге барып көрмесе де, “күштілерді” бақылау миссиясы біздің артықшылығымыз болған. Алайда, қазіргі шашыраңқы әлеуметтік медиа жағдайында шетелдегі тілші сирек ұшырасады, ал медиадағы “ықпалды” дегендер саяси шолушылар емес, поп-жұлдыздар болып шығады.

Төртіншіден, жалақысы азайып, беделі төмендеп жатса да, ақпарат құралдарына қысым күшейіп барады. Жаңа жұмысқа тұрған жас тілшінің жақсы жаза алу қабілетінің болуы жеткіліксіз, ол аудио жазып, видео түсіріп, дата журналистиканы меңгеріп, әлеуметтік желіні жақсы пайдалануы тиіс. Бұл дағдылар жақсы материал жазуға көмектеседі, алайда ешкім барлық саланың шебері емес. Мұның бәрін меңгеруді талап етсе әрі орындай алмайтын міндет жүктесе, журналистер бұл саладан кетіп қалуы мүмкін.

Бесіншіден, АҚШ президенті Дональд Трамп сияқты лидерлердің “фейк ақпаратқа” шүйлігу арқылы жалпы журналистикаға деген сенімге селкеу түсіруге бағытталған әрекеттері нәтиже беріп жатыр. Соңғы сауалнамалардың бірі БАҚ-қа деген сенімнің артқанын көрсеткенімен, журналистердің адалдығы мен ақыл-парасатына күмән келтіретін мәлімделердің жиі айтылуы бұл кәсіпті жойып жіберуі мүмкін.

Осы бес мәселе БАҚ бизнесіне үлкен нұқсан келтіріп, демократияға қатер төндіріп тұр. Еркін де тәуелсіз ақпарат құралдары болмаса, азаматтар байыпты шешім қабылдай алмайды. Іс жүзінде, кәсіби журналистика жоқ жерде халық дәлелсіз ақпараттың орманында адасып, тіпті өзімбілермендердің, халықтың қалауын білетін мамандардың не үгіт-насихаттың құрбанына айналуы ықтимал. Журналистика – демократияның компасы, оны қайта қалпына келтірудің жолын табуымыз керек.

Ең алдымен, журналистерді қорғау қажет. Бұл – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізіп, оны қудалаудан қорықпастан жариялай алуы. Ең аз дегенде Хашоггидің өлімі сияқты істер толық тергеліп, оны орындалған қылмыскерлер жауапқа тартылып, халықаралық қауымдастық тарапынан айыпталуы тиіс.

Оның үстіне, БАҚ-ты қорғау тілшіні өлтірген қаскөйді жазалаудан да кең ауқымды қамтуы тиіс. Мәселен, жас таланттарды өсіруге көп бағдарламалар керек. Үкіметтер журналистика мен жаңа медианы оқыту бойынша бастама көтеретіндерге субсидия не салық жеңілдігін беріп, қолдау көрсетуі қажет. Болашақ журналистерге үлгі болатын тұлғалар керек, өздері де басқаларға үлгі болуы үшін оларға технология саласында дағдылар қажет.

Ең бастысы – қоғамның медиа сауаттылығын арттыру үшін барлық жерде медиа адвокаттары жұмыс істеуі керек. Ақпаратты тұтынушылар журналистиканың қалай жұмыс істейтінін, журналистер өз жұмыстарын қалай атқаратынын және демократия жақсы жұмыс істеуі үшін кәсіби БАҚ-тың қаншалық маңызды екенін білуі тиіс. Қоғам кәсіби журналистердің еңбегі қаншалық бағалы екенін түсінбейінше, журналистикада таланттылар саны азаяды. Бұл оның ең үлкен мәселесі болуы ықтимал.

Журналистикаға төнген бес қауіпАлександра Борчардт – Reuters Журналистика зерттеулері институтының Лидерлік бағдарламалар бөлімінің директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz