Жалған | Дүниежүзі тарихы пәні қазақ сыныптарында орыс тілінде оқытылады – Аятжан Ахметжанұлы

8 шілдеде Республикалық “Қазбілім” Орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы, өзінің Facebook әлеуметтік парақшасында “Дүниежүзі тарихы пәні қазақ мектептерінде орыс тілінде оқытылады?” деген мәлімдеме жасаған болатын. Кейін, осы мәлімдемесі Qamshy.kz және Qazbilim.kz-те жарық көрді.

Аятжан Ахметжанұлының Facebook парақшасынан алынды

Үкім: Жалған

ҚР Білім және ғылым министрлігінің біздің хатқа берген жауабы бойынша қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерде “дүниежүзі тарихы” пәні оқыту тіліне байланысты, яғни қазақ сыныптарында қазақ тілінде, орыс сыныптарында орыс тілінде жүргізіліп жатыр.

Дәл сол күні (8 шілде) ҚР Білім және ғылым министрлігінің Facebook-тегі ресми парақшасы бұл мәлімдемені жоққа шығарды.

Factcheck.kz сайты бұл ақпараттың шынайылығын тексеру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігіне хат жолдаған болатын. Ресми жауап төмендегідей:

ответ для фактчек о трехъязычии

Ресми мәлімдемеге қарайтын болсақ, “дүниежүзі тарихы” пәнін қазақ сыныптарында орыс тілінде оқыту жоспарланған. Бұл “Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы” аясында қарастырылған, алайда жүзеге аспаған. Тарих пәні мұғалімдерінің 42%-ы  жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өтпеген, осыған орай бұл жоспар іске аспай жатыр. Сонымен қатар, “Информатика”, “Физика”, “Химия” және “Биология” пәндерін жоғарғы сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшіру туралы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу де қарастырылған.

Үш тілде білім беру дегеніміз не?

ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 5 қарашадағы №622, ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 9 қарашадағы, ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 13 қарашадағы бірлескен №1066 бұйрығымен “Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған Жол картасы” бекітілген.

Бұл “Жол картасы” 5 жылға жоспарланған. Мақсаты – ҚР білім берудің барлық деңгейлерінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін үш тілде білім беруді кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдемесінше қазіргі таңда “Жол картасы” іске асырылуда.

Жансерік Тілеухан
Журналист-фактчекер, медиа-тренер, СДУ түлегі, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-монитор