Жаһандану анамызды қалай өлтірді?

Сорымызға қарай, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлыққа жол ашатын дүниежүзілік желі – әлемдегі ең тұрақты құбылыс. Сондықтан да ол әлемнің ең қасіретті кемшіліктерінің бірі. Қылмыстың өнімдері мен табыстары шекаралардан байқатпастан өтіп жатқанда әділет пен құқық қорғау өз мемлекеттік шекараларының аясында шектеліп, үнемі жапа шегіп, құрсауда қалып келеді. Ал мұны зерттеуге тырысқан журналистер қудаланып, қамалып, өлтіріліп жатыр.

Жаһанданған қылмыс пен жемқорық біздің еркіндігіміз бен қауіпсіздігімізді келемеждеуде, ал олардың жолында мерт болған журналистер мұндайларға қалай жауап беру керектігі бойынша үлкен сабақ берді.

Бұл – тек журналистикаға ғана емес, құқық қорғау саласына және біз өмір сүргіміз келетін қоғамға да қатысты сабақ.

Сол журналистердің бірі – біздің анамыз Дафне Каруана Галиция болатын. Ол Мальта экономика министрінің шешімімен бұғатталып қалған банктегі есеп-шотын ашқызуға кетіп бара жатқанда, 2017 жылғы  16 қазанда көлік жүргізушісінің орындығының астына қойылған бомба жарылып, қаза тапты. Бұл – репортаждары үшін оған жасалған ақырғы шабуыл, дегенмен ол әшкерелеп жүрген Мальтадағы заңбұзушылықтардың соңғысы емес.

Жаһандану анамызды қалай өлтірді?

Мамандығы археолог анамыз ірі халықаралық шарттар, паспорт сату, ғаламдық аса күрделі арам ақшаны заңдастыру операциялары сияқты жемқорлықтың ордасын әшкерелеп, оның бір ұшы Мальта үкіметінің өзіне барып тірелген.

Бірақ нәтиже ол күткендей болмады. Отставканың орнына қуғындау басталды. Төрт жылдық популизмге төтеп берген Мальтадағы институттық тәуелсіздік күл-талқан болды. Жүздеген мың адам үшін, соның ішінде судьялар мен құқық қорғау қызметкерлері үшін ерлік пен үміттің символы болған анамыз тапа-тал түсте ажал құшты.

Ол әшкерелеген адамдар әлі де мемлекеттік қызметте отыр, ал оны өлтіргендерге әділ жаза талап еткендер жұрттың көз алдында қысым көріп жатыр. Институттардың рөлі тек сыртқы сипатымен шектелмейтін жерлерде ықпалдылардың пасықтығын әшкерелеу арқылы анамыз әлдекімдердің қарсылығына ұшырап, ақыры содан қаза болды, ал бұл қарсылық қоғамды әлі де тұншықтырып жатыр.

Мальтаның 2018 жылы Еуропаның баспасөз еркіндігі рейтингінде құлдырағаны таңқалдырмайды, бұл аймақтың өзі де әлемдік рейтингте төмен қарай жылдам жылжып барады. Бұл ел демократия және заң үстемдігі индикаторлары бойынша да кері сырғып, өшпенділік тілін қолдану жөнінен алға жылжыған.

Жаһандық қылмыс пен жемқорлық тек Мальта мен Еуропаға ғана әсер етіп отырған жоқ, әрине. Бұған жауап ретінде әлемнің айғақтамашы журналистері Daphne Project сияқты жобалар аясында бірікті. Транспаренттілікті арттырып, қылмыстық топтарды әшкерелеуде, саяси жемқорлыққа барғандар үшін мұның салдары қандай боларын дәлелдеуде айғақтама журналистиканың қаншалық тиімді екенін Panama Papers пен Paradise Papers көрсетіп берді.

Журналистер шекараларды кесіп өтіп, ынтымақтасып жатқанымен, қылмыспен және жемқорлықпен күресте құқық қорғау органдары шабан әрекет етіп келеді.

Сондықтан, айғақтама журналистиканың ықпалы әр елде, әр кезеңде әртүрлі болып отыр. Құқық қорғау мекемелері орталық үкімет пен жеке мүдделерден тәуелсіз әрі қоғам жауапты саяси институттар арқылы шағымдарды тексере алатын елдерде жемқорлық пен мемлекетті иемденіп кетудің алдын алуда айғақтама журналистика бірден әсер ете алуы мүмкін.

Ал басшыларының ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты жоюға құлқы не мүмкіндігі жоқ, қоғамы жауға қарсы біріге алмай, дүрараз болып жүрген елдерде транспаренттілік пен жауаптылық жағдайы мүлде керісінше. Мұндай елдерде журналистерді нысанаға алатындар көп, ал мұның жергілікті қауымдастық пен ғаламдық экономикаға тигізер зарары шаш етектен.

Журналистерге шабуыл жасалса, олар жұмыс істейтін қоғамның дертті болғаны сондай, ондағы негізгі құқық қорғау институттары мен демократиялық тежеу механизмдері бұрын-ақ бұзылған деген сөз. Соның кесірінен заң үстемдігі мен оны бұзғысы келетіндердің арасында тұрған соңғы кедергі – айғақтамашы журналистер болмақ, сондықтан олардың жұмысы әрі қауіпті, әрі әлдеқайда тиімсіз.

Жаһанданудың соңғы кезеңі ұйымдасқан қылмыскерлер мен клептократтардың ойын алаңы – Moneyland-ты тудырды, олар Мальта сияқты нашар юрисдикцияларды арам ақша жұмыс істейтін елдерге айналдырды. Бұған дұрыс жауап беру – ұлттық шекаралардың ар жағында тығылу емес, трансұлттық сипаттағы ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықпен күресу үшін жаңа жаһандық құрылым қалыптастыру керек деген сөз. Алдымен құқық қорғау органдары журналистерден үйреніп, ұйымдасқан қылмыс қалыптастырған сенімді желі әдісін өз мақсатына пайдалану үшін жылдам жұмыс істеуі керек.

Әлем жаһанданудың жаңа кезеңіне өтіп келе жатқандықтан, ғаламдық қылмыс пен жемқорлыққа жаңа мүмкіндіктер бермеуіміз керек. Мұны істемесек, біздің ұжымдық болашағымыз арам ақша, жалған ақпарат және елімізді ең танымал журналистерінен айырған алауыздық “альянсының” шеңгелінде қалады.

Жаһандану анамызды қалай өлтірді?Мэттью Каруана Галиция – Айғақтамашы журналистердің халықаралық консорциумында айғақтама материалдар жазатын журналист және бағдарламашы-инженер.

 

Жаһандану анамызды қалай өлтірді?Эндрю Каруана Галиция – Дүниежүзілік экономикалық форумның ғаламдық көшбасшылық бойынша маманы.

 

Жаһандану анамызды қалай өлтірді? Пол Каруана Галиция – Tortoise-тың қаржы редакторы, Лондон экономика мектебінің шақырылған ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz