WhatsApp-та адамдарды бақылауға мүмкіндік беретін қателік анықталды

WhatsApp алаяқтарға тыңшылық бағдарламаларды телефонға қашықтықтан орнатуға мүмкіндік беретін қателікті түзеді. Қауіпті кемшілік жайлы TechCrunch хабарлады.  

Компания қателіктің анықталғанын мамыр айының басында растады. Қолданушы қоңырау жауап бермегеніне қарамастан алаяқтар аудиоқоңырау қызметі арқылы тыңшылық бағдарламалар орнатқан.  

Компания хабарламасында «WhatsApp қолданушыларына бағдарламаның соңғы нұсқасына жаңартуларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, қауіпті бағдарламалардан, ұялы телефоныңызда сақтаулы тұрған жеке деректерді қорғау үшін смартфонның операциялық жүйесін жаңартып отырыңыз» деп айтылған.  

Табылған тыңшылық бағдарламаны Израильдегі NSO Group компаниясы жасаған. Әдетте, компания мұндай бағдарламаларды түрлі құрылғыларға қолжеткізгісі келетін мемлекеттерге ұсынады. 

TechCrunch басылымының мәліметінше NSO Group компаниясы Financial Times-қа мәселені зерттеп жатқандарын айтқан. Компанияның өкілі өнімді қолданушылардың  қалай және не мақсатпен қолданатынына жауап бермейтіндерін айтты. 

Дегенмен, WhatsApp өз хабарламаларында бағдарламаны жасаушы компанияны NSO деп емес, белгісіз жеке компания деп атайды.  

Хабарламада «бұл шабуыл мемлекеттермен бірлесе жұмыс істеп,  ұялы телефондардың операциялық жүйесі қызметі кейпіне еніп, тыңшылық бағдарламаларды жеткізетін жеке компанияның ісіне ұқсайды» деп жазылған. 

Factcheck.kz