«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров Оралдың әкімшілік сотына жеткізілді 

«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров Орал қаласының Абай полиция бөлімшесіне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667 бабы бойынша (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) тергеу ісіне шақыртылды. Сайттың хабарлауынша артынша журналист сотқа жеткізілді. Журналист телефон арқылы:

«Полициядан соң мені бірден әкімшілік сотқа апарды. Сотта полиция қызметкерлері екі күн бұрын менің қатысуымсыз хаттама толтырғаны анықталды. Олардың айтуынша 12 маусым күні Оралдағы орталық алаңда журналистерді ұстаған кезде, мен полицияның талабын орындаудан бас тартқанмын және оларға қарсылық көрсеттім. Мен шыныменде ол күні көлікке отыруға бірден келіспедім. Себебі жергілікті полиция басқармасының басшысы Кенжебек Куспаев маған қатысты қылмыстық іс бойынша мені бөлімшеге жеткізетінін ауызша айтты. Алайда, бұл ісінің заңдылығын дәлелдейтін ешқандай құжат көрсетпеді» деп айтты.   

Лұқпан Ахмедьяров 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін немесе 50 500 теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, сот тек ескерту жасауы мүмкін.

Полиция «Уральская неделя» газетінің бас редакторын маусымның 12-сі күні Орал қаласының орталық алаңында өткен бейбіт митингі кезінде бөлімшеге жеткізді. Келесі күні журналист фейсбук парақшасында:

«Мұны “ұстау” деп емес, “жеткізу” деп ашық айтты. Ұстау бойынша хаттама толтырудан бас тартты, алайда толтыруға мәжбүрледім» деп жазды.  

Бұл «Уральская неделя» газетіне және оның бас редакторына жасалған алғашқы қысым емес. 

 

Factcheck.kz