Twitter “өлі” аккаунттарды өшіре бастады

Twitter желтоқсанның 11-інен бастап жарты жылдан бері белсенді емес аккаунттарды өшіруді бастайды. Іріктеу қайтыс болған қолданушылардың аккаунттарына да жүреді. Бұл туралы BBC хабарлайды.

Компания ең алдымен құпиялылық саясатының жаңартылған ережелерін қабылдамаған пайдаланушыларға хабарлама жібереді. Туиттердегі белсенді емес барлық пайдаланушылар желтоқсанның 11-іне дейін “жүйеге кіру керек” деген электронды хабарлама алады.

Twitter "өлі" аккаунттарды өшіре бастады
сурет www.bbc.com сайтынан алынды

Баспасөз хатшысының айтуынша туиттерді белсенді емес аккаунттардан тазалау платформаға деген сенімді жоғарлатуы мүмкін. Компания тазалау жұмыстарын АҚШ аумағынан тыс тіркелген аккаунттардан бастайды.

Туиттердің кейбір қолданушылары компания осылайша никнеймдерді “босатқысы” келеді деп болжады. Алайда компания бұл болжамды жоққа шығарды.

Әзірге компания қанша аккаунтты өшіретінін нақты айтпады. Іріктеу туиттердің қолданушылар санына әсер етпейді. Себебі желіні пайдалану деңгейі күніне бір рет жүйеге кіретін қолданушылар санына негізделген.

Іріктеу қайтыс болған қолданушылардың есептік жазбаларына да жүреді. Бірақ, қайтыс болған қолданушының туысы оның аккаунты арқылы кіріп, құпиялылық саясатының жаңартылған ережесін қабылдайтын болса, жазба сақталады.

Дегенмен, фейсбукке қарағанда туиттер қайтыс болған қолданушының аккаунтын естелік ретінде сақтау мүмкіндігін бермейді.

Соңғы есепке сәйкес бүгінде туиттерде 145 млн белсенді пайдаланушы тіркелген. 

Factcheck.kz