Трамптың Қытаймен сауда соғысы өркениеттер қақтығысы ма?

Жақында Вашингтонда өткен қауіпсіздік форумында АҚШ Мемлекеттік департаментінің саяси жоспарлау бөлімінің директоры Кирон Скиннер АҚШ пен Қытайдың арасындағы қазіргі конфликтіні “АҚШ ешқашан басынан кешірмеген мүлде бөлек өркениетпен әрі бөлек идеологиямен соғыс” деп сипаттады. Трамп әкімшілігінің Қытаймен текетіресіне тамырды басып көру ретінде берілген бұл анықтама сәтті шықпады.

АҚШ пен Қытай арасындағы біртіндеп ушығып жатқан қырғиқабақ соғысты өркениеттер қақтығысы деп атау арқылы (бұл пікірді кезінде Джордж Кеннен, Пол Нице, Ричард Хаасс, және Анн-Мари Слотер сияқты данышпандар қолдаған) Скиннер ерекше оригиналды да, нақты да бола алмады. Саясаттанушы Сэмюель Хантингтон бұл концепцияны 25 жылдай бұрын ұсынған, ал қазір Қытай Коммунистік партиясын идеологиялық тұрғыда тоқыраған ұйым деуге болады.

Ең жаманы, Скиннердің сөзінде нәсілдік емеурін көп болды. Американың Кеңес одағымен бәсекесін ол “Батыс әулетінің ішіндегі дүрдараздық” деп атаған, одан айырмашылығы – Қытаймен ерегісте біз “алғаш рет еурпеоид емес ірі державамен бәсекеге түсіп тұрмыз”. АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғыста Жапониямен соғысқанын еске алмай-ақ қойыңыз.

Скиннердің Еуропа мен өзге өркениеттің арасындағы қақтығыс туралы пікірін жай жаңылыс айтылған сөз деп үміттенетіндер бар. Бұл идеяларды әдейі қоздыратындар оның тек бір жақтың экономикалық я әскери жеңілісіне ғана емес, тұтас бір қоғамның күйреуіне әкелуі мүмкін екенін білуі тиіс. Саясаткерлердің АҚШ-Қытай конфликтісін қалай суреттегенінің ұзаққа кетер салдары болуы мүмкін, әрі АҚШ халықаралық қауымдастықтан көбірек қолдау алғысы келсе, оның саясаты жоғары моральдық принциптерден туындағанын көрсетуі тиіс.

АҚШ пен Қытай арасындағы конфликтіні сарапшылардың көбі қазіргі держава мен оның ең басты қарсыласының арасындағы текетірес деп қарастырады. Екі ел гегемонның “шетке ысырылып қалам-ау” деген қорқыныш әлемдік үстемдікті одан әрі екпіндете түсетін әрекеттер жасауға мәжбүрлейтін”  әйгілі “Фукидид қақпанына” түсіп қалған сияқты.

Сонда да, қазіргі конфликт бір жақтың толық жеңіске жетем деген ұмтылысынан туған болса, онда бұл тек жалғыз АҚШ басын қатыратын мәселе болмауы керек. Климаттың өзгеруінен өркениеттер арасындағы қақтығыс қауіп төніп тұрған тұста Трамптың тек АҚШ-тың мүдделерін ойлауы менмендікті және басқа әлемнің алдындағы жауапсыздықты байқатады.

Шынында, әлемнің көп бөлігі, соның ішінде америкалықтардың біразы, АҚШ-тың гегемониясын сақтап қалу үшін ғана қырғиқабақ соғысқа қатысқысы келмейді.  Қытайдың үстемдігі мен ықпалымен күресте АҚШ үкіметі халықаралық қолдауға ие болғысы келсе, онда сендірерлік аргумент келтіруі керек.

Бірпартиялы диктатура үстемдік еткен Қытайдың күшейіп жатқанын, мұның тек Американың гегемониясына ғана емес, ережеге негізделген халықаралық тәртіпке қауіп төндірерін ескерсек, бұл соншалық қиын емес. Сондықтан, АҚШ бұл конфликтіні нәсілдік  соғыс деп сипаттамай, Қытайдың жаһандық институттарға, сол арқылы көп елдің өсіп-өркендеуі мен тұрақтылығына қатер төндіретініне назар аудартуы керек.

Қанша кемшілігі болса да, басқа кез келген балама жүйемен салыстырғанда, АҚШ бастаған халықаралық тәртіп өзге елдерге анағұрлым көп артықшылық ұсынады. Кеңес одағымен арадағы қырғиқабақ соғыс кезінде АҚШ халықаралық қауымдастықтың үлкен қолдауына ие болды, себебі ол сол тәртіпті қолдаушылардың алды болды. Сол конфликт аяқталғалы әлемнің басым бөлігі Америка либерализм ережесін сақтап қалады деп,  оның гегемониясын қуана қабылдады не оған мойынсұнды

Өкінішке қарай, бұл шарттар орындалмады. АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі “Алдымен Америка” деп аталған сыртқы саяси ұстанымды өршелене тықпалап жатыр, соның кесірінен бұрынғы одақтастар іргесін аулақ салып, ал әлемнің қалған бөлігі тар саяси мақсаттарына қарай үрейлене қашып жатыр. Трамптың көзсіз саясаты либерал тәртіпке Қытайдікіндей қауіп төндіріп тұр десек, артық айтқандық емес.

Трамп әкімшілігі “Қытайды жеңуге жалғыз Американың  күші жетеді” деп ойлап жүруі мүмкін. Бірақ жалғыз күресудің шығыны көп болады, оның үстіне АҚШ достары мен одақтастарының қолдауына ие болса, жеңіске жету ықтималдығы артпақ.

Сауда шарты бойынша келісімге келе алмауы АҚШ-Қытай қырғиқабақ соғысы келесі деңгейге қарай өршіп бара жатқанын білдіреді. Ерте ме, кеш пе, Трамп әкімшілігі Қытаймен текетіресте жеңіске жету үшін одақтастар көмегінің қажеттігін түсінуі мүмкін. Сол күн туғанда өркениеттер қақтығысы не нәсілдер өшпенділігі туралы әңгімені жиып қойып, Қытаймен бақталасудың моральдық негізін көрсеткені дұрыс. АҚШ – либералдық тәртіптің дәстүрлі қорғаушысы, ол дәл солай әрекет етуі тиіс.

Трамптың Қытаймен сауда соғысы өркениеттер қақтығысы ма?Миньсин Пей – Клэрмонт Маккенна колледжінде саяси басқару профессоры, China’s Crony Capitalism кітабының авторы, Конгресс кітапханасының АҚШ-Қытай қарым-қатынасы бөлімінің басшысы.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz