Технологиялық қырғиқабақ соғыс таяп қалды

МАДРИД – Трамп әкімшілігінің Қытаймен сауда конфликтінің артында АҚШ ғаламдық технология жарысында үстемдігінен айырылып қалады-ау деген бітпес бір үрей тұрғандай. Және бұл тек Трамптың үрейі емес. АҚШ-тың жалпы саяси ортасы Қытайдың цифрлық салада, жасанды интеллект (ЖИ), аэронавтика және соған ұқсас басқа да салаларда үстемдік етуге бағытталған “Made in China 2025” саясатын экономикалық сын-қатер ғана емес, геосаяси қауіп деп санайды. Олар АҚШ телекоммуникация инфрақұрылымы мен интеллектуалдық меншігінен бастап, АҚШ-тың Шығыс Азиядағы әскери ұстанымына дейінгінің барлығына қатер бар деп түсінеді.

Технологияның геосаяси шиеленістерді қоздыруы көп сарапшы мен саясаткердің болжамына қайшы келеді. 2000-жылдардың ортасында-ақ кейбіреулер ғаламдық нарықтың жұмыс істеуіне географияның онша ықпалы болмайды деген еді. Жаһандану мен технология жаһанды бәсеке күшті дамыған “жазық әлемге” айналдырады, онда талант аймақтар мен елдерге теңдей тарайды, білікті жұмысшылар өндіріс процесіне шалғайдан-ақ және қажет болған жағдайда ғана қосылады.

Іс жүзінде, ХХІ ғасырда талант бұрынғыдан да ретсіз таралып отыр. Цифр және технология саласының ең білікті мамандарының көбі Кембридж, Массачусетс, Силикон алқабы және Қытайдағы Шэньчжэнь сияқты басты хабтарда шоғырланған. Неге бұлай болып жатқаны толық анық емес. Дегенмен, кей ғалымдар цифрлық таланттың бір жерге шоғырлануын саланың ішкі ерекшеліктері мен процедураларын білетін инсайдерлік ноу-хаумен, белгілі бір нақты ортада ғана құнды саналатын білікті тоғыстыратын “үнсіз білімнің” рөлімен байланыстырады.

Білімнің біртіндеп кластерленіп келе жатқаны сияқты технологиялық зерттеу мен жаңа инновацияны коммерциялық тұрғыда дамыту да сол жолмен кетіп барады. Бұл трендті әлемнің белгілі бір бөліктеріндегі “бір мүйіздердің” (unicorns), яғни кемі 1 миллиард доллар құны бар старт-ап компаниялардың санына қарап бағалауға болады. Осы есеппен қарағанда ғана әлемдегі технологиялық кәсіпкерлікке Қытай мен АҚШ қана түгелдей қожалық етіп отыр. Инновация саласында біз G2 әлеміне қарай жылдам жылжып барамыз.

Оның үстіне, цифрлық технологияны кеңінен қолданатын компанияларда өнімділіктің өсіп жатқанын дәлелдейтін фактілер көбейіп келеді. Соңғы он жылда OECD “алғы шептегілер” (“frontier firms”) деп атайтын компаниялар әлемдегі өнімділік өсімінің барлығын дерлік иеленсе, “артта қалған” (“laggard companies”) басқа компаниялар іс жүзінде өнімділікті арттыруда ештеңе тындыра алмады. Бұл теңсіздік жалпы өнімділік өсімі баяулады деген әсер қалдырғанымен, басты мәселе – компанияның түрі бойынша тым күшті сегрегацияның жүріп жатқанында.

Технологиялық ноу-хау, инновация және өнімділіктің өсуі тым кластерленген, соның кесірінен бір жақ жеңіліп, екінші жақ толық жеңетін әлем геосаяси бәсекеге тым жақын болады. Таланттарды тиімді түрде тарта алған аймақтар басқаларды технологияны үйрету процесінен бөліп тастады, сол арқылы олар өнімділікті жылдам арттып, бәсекеде үстемдік ете алатын ірі жеңімпаздардың аз ғана шоғырын қалыптастырды. Мұндай жағдайда талантылар мен алғы шептегі компаниялар үшін Қытай мен Америка арасында бәсекенің болары сөзсіз.

Қытайдың демократиялық ел еместігі жағдайды одан сайын ушықтырады. Үкімет озық технологияны қарсылықты басып, халықты бақылау үшін ғана емес, сонымен қатар азаматтардың талабын орындап, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға да пайдаланып отыр. Күрделіленіп келе жатқан әлеуметтік, саяси және экономикалық жүйелерді басқаруда басшылықты толық дерлік ақпаратпен қамтамасыз ету арқылы бұл технологиялар бұрынғы авторитар жүйелердің, соның ішінде Кеңес одағының құлауына түрткі болған күштерді тыныштандырып жатыр. Жасанды интеллект пен big data авторитар режимдер үшін қолайлы болуы әбден мүмкін.

Біз алда күтіп тұрған конфликтіге дайындалуымыз керек. Алғашқы қырғиқабақ соғыс сияқты АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық үстемдік үшін бәсеке де бүкіл әлемде тербеліс тудыралы, бұл жаһандануға қарсылықты үдетіп, ұлттық қауіпсіздік пен игіліктің дұрыс таралуына қатысты қобалжуды да күшейтеді. Бұдан ғаламдық нарықты бөлшектеп, меншікшіл мәлімет пен технология аралдарын қалыптастыру туралы ойлар еліктіре бастайды.

Америка мен Еуропаның ұзақтан бері келе жатқан ашық нарықты қолдауы, қатаң бәсеке саясатына деген сенімі сын тезіне түсетіні анық. Еуропа мен АҚШ нарықтары Қытай компанияларына ашық болып қала ма? Батыстың антимонополия басшыларының ғаламдық нарықты Қытайдың үздік компанияларының қолына беруден қорықпастан, өз технологиялық алыптарын бөлуге батылы бара ма? Көп нәрсе Қытайдың ішіндегі ойын алаңын реттеуіне, яғни экономиканы либералдауға ұмтылуына және экономикаға саяси мақсатта араласу әрекеттерін азайтуына байланысты болмақ. Қазір көріп тұрғанымыздай, Қытай кері бағытта жүріп барады.

Егер технология бәйгесінде авторитар режим оза шапса, жаңа технология оның саяси еркіндіксіз-ақ елді жақсы басқаруына мүмкіндік берсе, әлем елдері мұны қаперіне алады деген сөз. Міне, сондықтан да төніп тұрған технологиялық қырғиқабақ соғыс экономикалық және геостратегиялық үстемдікке жету үшін мәліметтер мен талантты шоғырландыру туралы ғана болмайды. Алғашқы қырғиқабақ соғыс сияқты онда да либерал демократияның болашақ тағдыры шешіледі.

Технологиялық қырғиқабақ соғыс таяп қалдыМануэль Муньиз – Мадридтегі Жаһандық және қоғамдық қатынастар мектебінің деканы, Гарвард Кеннеди басқару мектебіндегі Белфер Ғылыми және халықаралық қатынастар орталығының аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz